Биыл жаз басталмай жатып Қызылорда облысы бойынша 15 адам суға кетіп, тілсіз жаудың құрбаны болды. Соның ішінде 2 жасөспірім бала рұқсат етілмеген жерге суға түскен, соның кесірінен суға кетті. Ал тағы 3 бала балық аулаймыз деп құрбан болған. Оған қоса, тағы екі жасөспірім белгісіз күйде ажал құшқан. Суға түсу маусымы басталған сәттен бастап, төтенше жағдай қызметкерлері ауыл-ауылды аралап, сақтық шараларын, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бірақ нәтижесі шамалы. Бүгінгі күні көпшілік халық қолданатын әлеуметтік желілерге де үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда Қызылорда облысы Төтенше жағдай департаменті апаттық құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, Б.Ембергенов жедел-құтқару жасағының басшысы тұрғындардың суға кетудегі басты себебін азаматтардың су айдындарына барған кездегі қауіпсіздік ережелерін сақтамауымен байланыстырып отыр. – Қазіргі уақытта күннің температурасы жоғары болғанымен судың температурасы төмен. Адамның денесі қызып тұрғанда салқын суға бірден түсуге, суда ұзақ уақыт болуға болмайды. Жыл сайын тілсіз жаудан сақтанудың алдын алу мақсатында суға түсу маусымы басталарда құтқарушылармен судағы төтенше жағдайлардың алдын алу және болдырмау мақсатында біршама жұмыстар атқарылады. Құтқарушылар судағы қауіпсіздік ережелері бойынша облыс және Қызылорда қаласындағы ұжымдарда, оқу орындарында және халық арасында әңгімелесулер мен кездесулер ұйымдастырады, судағы қауіпсіздік ережелері туралы парақшалар таратады. Көліктік бақылау инспекциясы, ішкі істер және төтенше жағдайлар бөлімдерінің қызметкерлерімен бірлесіп, құтқарушылар Арал теңізінде және көлдер, сондай-ақ облыстың басқа да су айдындарында балық аулайтын орындарда рейдтер өткізеді, – дейді Қызылорда облысы Төтенше жағдай департаменті өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары жедел-құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергенов. Тыйым салынған және бейтаныс жерлерге шомылуға, көпірлер мен жағалаулардағы бөгетшелерден және қайықтардан суға секіруге болмайтынын, қатты ыстықта және кеш батқанда, тамақтанғаннан кейін терлеп тұрғанда, сонымен қатар спирттік ішімдік ішкеннен кейін суға түсуге тыйым салынатынын, шектейтін арнайы белгілерден асып кетуге болмайтынын, қараусыз қалған немесе техникалық жөндеуге келмейтін қайықтарды қолдануға болмайтынын ескертеді. – Соңғы 4 күн ішінде облыс бойынша Сырдария өзені мен Сталин каналында 4 қайғылы жағдай болды. Суға кеткендердің 2-еуі – мектеп жасындағы балалар. Ал былтыр су айдындарында 26 адам қаза тапқан еді. Өкінішке қарай, оның 10-ы – жасөспірім балалар. Жыл басынан бері 8 адам қаза тапты. Оның 3-еуі балық аулау кезінде көз жұмды. Қазгидрометтің бізге ескертуі бойынша күннің ысуына байланысты суға түсу маусымы ерте ашылды. Осыған байланысты 1 мамырдан бастап тоқтаусыз рейдтік іс-шаралар өткізілуде. Күні бүгінге дейін 160-тан астам рейдтік шаралар өткізілді. Тыйым салынған жерлерге суға түскен тұрғындарға ескерту жасалынды. Оған қоса, құтқару жасағында құрал-жабдықтар 100 пайыз жеткілікті деп айта алмаймыз. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыны су астында жүзу құралдарын жаңартуға жұмсап жатыр, –деді Б.Ембергенов мырза.
Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы