Жуырда павлодарлық «Ертіс» футбол клубы банкрот болып жабылғанын ресми мәлімдеген болатын. Команда осы қаржы тапшылығына байланысты Қазақстан чемпионатына қатысудан бас тартты. Ел біріншілігінде бес мәрте жеңіске жеткен клубтың келешегі не болмақ? Шығынға ұшырауының себебі не?
Демеушілер қауқарсыз
Жыл басынан бері демеушілер «Ертіс» клубына 200 млн теңге қаржы аударған. Одан бөлек жергілікті бюджеттен 183 млн теңге қарастырылыпты. Бірақ осы 383 млн теңге клубқа жұғым құрлы болмапты. Жоспар бойынша команданы сақтап қалуға 1,8 млрд теңге (клубтың қарызы), демеушілер есебінен 1,6 млрд теңге қаржы қажет болған. Алайда клубты сақтап қалуға облыстық спорт басқармасы да ниеттенбеген сыңайлы. Себебі «Ертіске» 183 млн теңге бөлген басқарма 1,6 млрд теңгесін «Ақсу» мен «Екібастұз» футбол командасына қиыпты. Есесіне осы екі құрама Қазақстан чемпионатына қатысқалы отыр. Осы Спорт басқармасы командаға «легионерлерді босатып, жергілікті ойыншыларды қалдырайық» деп ұсыныс айтқан. Легионерлер болса ақпан мен наурыз айындағы жалақыларын беруді сұрапты. Енді шетелден келген ойыншылар шағым түсіре бастаған. Ал Павлодар облысының Туризм және спортты дамыту басқармасының басшысы Марат Айдашев легионерлермен соттасудан да қаймықпайтын секілді. Оның үстіне, ол «клуб жабылды» деген сөзді жоққа шығарып отыр. – Ақша төлей алмайтынымыз анық қой, егер команда шығынға қарамай ойынды жалғастыра бергенде, бәрібір шағым түсетін еді. Соттасамыз, жағдайды бақылаймыз. Клуб банкротқа ұшырады деген қауесет шығыпты. Жабылған жоқ, тек қана қаржыны үнемдеп, салықты төлеу үшін не істеуге болатынын ойланамыз, – дейді М.Айдашев.Бақауов кінәлі ме?
Павлодар облысының экс-әкімі, жақында 3,5 жылға бостандығы шектелген Болат Бақауовтың тұсында клубтың бапкері, болгариялық Димитар Димитров жанжалдан соң қызметінен кеткен еді. Димитров команданы ел біріншілігінде жүлделі орынға көтеріп, еурокубоктарға шығарған білікті бапкер. «Ертіс» басшылығы бапкерді жаттығу мен ойынға келмей қалғаны үшін айыптаған. Ал болгариялық маман бәзбіреулердің стадионға кіргізбей қойғанын айтқан. Көп ұзамай бапкер көмекшілерімен бірге клубтан қуылды. Қалай десек те, құраманы жетістікке жеткізген бапкердің клубтан қуылғаны шынында да түсініксіз. Бейресми ақпараттарға қарасақ, Бақауов Димитровқа шүйліккені айтылған екен. Бірақ себебі бізге беймәлім. Болгариялық бапкер жуырда KazFootbal.kz сайтына берген сұхбатында клубтың жабылуына облыстық әкімдікті кінәлапты. – Мені далаға лақтырса да, «Ертіс» мен үшін қымбат. Мұның бәріне нашар менеджмент пен облыс әкімдігі кінәлі. Клубқа жаным ашып екінші рет бардым. Бірақ облыс әкімі мені көргісі келмеді, – депті Димитар Димитров.Клубтың ішкі былығы
Сәуірде клубтың жаңа директоры Нұрлан Ысқақовтың бастамасымен клубқа аудиттік тексеріс жүргізілген. «Ертістің» ресми сайтындағы дерекке сүйенсек, тек салық бойынша 1 млрд теңге қарыз бары көрсетіліпті. Жаттықтырушылар мен ойыншылардың жалақы сметасы 379,5 млн теңгеден асып кеткен. Бапкердің көмекшілері мен 10 легионерге 181,9 млн теңгеден астам сыйақы беріліп, 13 футболшыға негізсіз сыйақы ретінде 197,5 млн теңге жұмсалыпты. Клубтың басшылық қызметінде отырғандардың жалақысы 44 млн теңгеден асқан. Себепсіз бонустар төленген. Тексеру кезінде клубта жұмыс істемесе де, 8 млн теңге жалақы алып отырған адамдар анықталған. Қарап отырсаңыз, тізілген шығын. Команданың тағдырына бұл да кесірін тигізбей қоймағаны анық. Meta-ratings.kz порталының дерегінше, клубты банкрот деп жариялау туралы бастаманы клубтың бас менеджері Дмитрий Васильев ұсыныпты. Маман әкімдікке «тұйықтан шығудың жалғыз жолы – банкрот» деп айтқан көрінеді.Жанкүйерлер наразы
2 маусым күні «Ертіс» футбол клубының 100-ден астам жанкүйері Павлодардағы «Жұлдыз» стадионының жанында әкімдіктен клубты сақтап қалуды сұрап, наразылық білдірді. Тіпті, павлодарлықтар әлеуметтік желіге «Иртишживи» хэштегімен қолдау білдіріп жатыр. Ал «Ертіс» футбол клубының баспасөз хатшысы Насима Қорғанбекова клубтың жабылуын қазақ футболына жасалған қастандыққа балап отыр. – Ақпарат саласында жүргендерге жеке амбициясын білдіруге болмайтын шығар. Бірақ пікірімді айтқым келеді. «Ертіс» – Қазақстанда ең көп жүлде алған клубтың бірі. Кінәлілер өзінің ар-ожданына қарайды. Әр ойынға мүмкіндігі шектеулі балалар мен жетімдер үйінің бүлдіршіндерін шақыратынбыз. Өзіміз шай әзірлеп күтетінбіз. Эмоцияға толы ойындар болатын. Бұл жай ғана футбол емес, достық пен көңіл күй сыйлаудың жолы. Клубта 2012 жылы туған балалар да жаттығып жатыр еді. Әлі уақыты келеді деп сенемін. «Ертіс» қайта оралуы мүмкін, – деп жауап берді сауалымызға.Шетелдік тәжірибе қандай?
Еуропа елдерінде банкрот болып, жабылмақ болған клубтарды жанкүйерлер біріге қаржыландырып сақтап қалған оқиғалар бар. Көрші Өзбекстан елінде де футболға қатты көңіл бөлініп отыр. 2019 жылдың желтоқсан айында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Өзбекстанды дамытудың жаңа кезеңіне футболды көтеру шаралары туралы» жарлыққа қол қойды. Жарлық бойынша 2020 жылдан бастап елдегі футбол клубтары өз бизнес-стратегиясын құрып, жеке компаниялардың демеушілігіне өтеді. Осы уақытқа дейін клубтарды мемлекеттік кәсіпорындар қаржыландырып келген екен. Демеуші демекші, Еуропа елдеріндегі барлық клубтар жеке кәсіпкерлерге қарайды. Сондықтан «елімізде құрамаларды жергілікті әкімдіктің қаржыландыруы жөн бе?» деген сұрақ туындайды. Бұл мәселе толық бірізге түспесе де, Қазақстанда кәсіпкерлердің демеушілігімен, әкімдіктен бірде-бір қаржы алмай дамып жатқан клубтар бар. Соның бірі – алматылық «Қайрат» футбол клубы. Бүгінде бұл командада жасөспірімдер академиясы да жасақталған. Түйін: Осылайша, Қазақстанның бірден-бір пентакампеон (5 дүркін жеңімпаз) клубы мүшкіл жағдайға тап болды. Бұл дүние өзге футбол клубтарына да сабақ болып, жеке кәсіпкерлердің футбол спортына ерекше көңіл бөлгені мақұл-ды. Ал «Ертіс» клубы келешекте жасыл алаңның төрінен табылар деп сенеміз.