Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жемқорлық қылмысын жасау күдігі бойынша «Ғылым ордасы» мекемесінің бас директоры мен сол мекеменің бас экономисін тұтқындады. – Олар тиісті шарт жасамастан мемлекеттік үй-жайларды жалға беріп, азаматтардан ақшалай сыйақылар алу бойынша күдікке ілінді. Күдікті директор ұсталып, Алматы қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров. Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, күдіктілер кінәсін мойындаған. Тергеу әлі жалғасып жатыр. Соңғы шешімді сот қабылдайды. Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны 2010 жылғы 11 ақпанда Үкімет қаулысымен құрылған. Бұл ғылым мен білім саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыратын көпфункционалды орталық.
М.ХАҚНАЗАР