Жеңілдей ме десең, ауырлайды
Жеңілдей ме десең, ауырлайды

Жыл сайын бір көрініс: жазғы каникулға, еңбек демалысына шыққан азаматтар баратын жағына бара алмай, сандалады да жүреді; пойызға билет табу бір мұң, ұшақтың билеті қымбат; екі ортада халық қиналыс табады. Бұрынғыдай кассаның алды толған кезек, электронды жолмен билет сатып алушылардың да маңдайы тасқа жиі тіреледі.

Үкіметтің жалпы бағыты дұрыс. 2017 жылғы 12 желтоқсанда Қа­зақстан Үкіметінің №827 қаулысы­мен «Цифрлы Қазақстан» мемле­кеттік бағдарламасы бекітілді. Бағ­дарламаның негізгі мақсаты – ортамерзімді перспективада цифр­лық технологияларды пайдалану арқылы республика экономикасы­ның даму қарқынын жеделдету және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзақмерзімді перспективада Қазақстан эконо­микасын болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму жолына көшіру үшін жағдай жасау. Бағ­дарлама 2018-2022 жылдар ке­зеңінде іске асырылады және елдің флагмандық салаларын техно­логиялық жаңғыртуға қосымша серпін береді. Еңбек өнімділігінің ауқымды және ұзақмерзімді өсуіне жағдай жасайды.

Елдің сұранысын өтеу сонша­лықты қиын ба? Қазір азаматтардың көбі ұшақ пен теміржол билеттерін электронды түрде сатып алуға бейімделді. 2018 жылы интернет арқылы 16 264 373 млн билет сатылған екен.

«Жолаушылар тасымалы» жылда бір нәрсе жасаған болады. Биыл да 1 шілдеден бастап элек­тронды теміржол билеттерін сату­дың жетілдірілген жүйесін іске қо­самыз деп жатыр. «Бұл жүйе бос би­леттерді белгілі бір уақыт аралы­ғында ғана сатылымға түсіреді. Оның уақыт алгоритмін автоматика өзі есептеп шығарады. Егер касссир 30 секундта бір типті 5 сұраныс жасаса – онда жүйе оны құрсаулап тастайды. Егер бір мезетте 3 бірдей сұраныс жасаса – онда оған «жүйе 5 минутқа құрсауланады» деген хабар түседі. Яғни, бұл жүйе бос билеттерді «ұстауға» қарсы бағыт­талған. Ескі жүйеде жолаушылар тарапынан қайтарылған билеттер сол мезетте сатылымға шығып, алып-сатарлардың қолына түсетін еді. Олар осыны пайдаланып алын­ған жол құжаттарын бірнеше есе қымбат сатып, пайда табатын», – депті хабарламасында. Бірдеңе түсіндіңіз бе? Негізгі нобайы бос билеттерді сатылымға шығару шығар. «Құрсауланады» деген сөзді түзетіп жазып отырмыз.

Жол жүру билеттерін «Жолау­шылар тасымалы» акционерлік қоғамына қарасты 233 кассада, жекеменшік 4 500 кассада және де интернеттегі билет сататын ресми сайт EPAY.RAILWAYS.KZ (ко­миссиясыз) және басқа да ғаламтор­дағы сату көздері арқылы алуға болатынын білеміз.

Бірақ алып-сатарлар қатары азаймай тұр ғой. Жалпы, осы билет мәселесі Тәуелсіздік жылдары бір реттелмей-ақ қойды. Бұрын жолау­шылар билеттерін «жиі қай­таратын». Қайтарылған билеттер қайта сатылатын. Осы жерде бір «ит өліп жатыр». Бұл – ауадан ақша жасаудың бір тәсілі. Осыны қанша құзырлы мекеме неше рет тексерсе де, ретке келтіре алмады. Элек­тронды теміржол билеттерін сату­дың жетілдірілген жүйесі қан­дай болатынын өмір көрсетеді.