Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында бір топ шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері жергілікті әкімдік алдына жиналып, өз талаптарын қойды. Олар базарлар мен сауда орындарын ашуды сұрауда. Атырау облысының КВИ жұқтыру ошағы болып отырған «Теңіз кеніші» Жылыой ауданы аумағында. Осы жағдай мен ауданның өзінде індет жұқтырудың 43 дерегі анықталғандықтан Жылыой ауданының бас санитарлық дәрігері Т.Хабибуллиннің қаулысына сәйкес, онда 18-маусымға дейін карантин жарияланған еді. Аталған қаулыға сай, коронавирус дертінің таралып кетпеуі үшін барлық азық-түлік сатпайтын сауда орындары мен базарлардың жұмыс істеуіне рұқсат берілмеген болатын. Өйткені соңғы мәліметтер бойынша, Жылыой ауданы аумағында орналасқан Теңіз кен орнында 1013 коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы тіркелсе, ауданның өзінде 43 жағдай анықталды. Оның 33-і Құлсары қаласынан шықты. Атап өтерлігі, науқастардың екеуі күні кеше қайтыс болды. Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жетекшісі Ержан Қалымбайұлының айтуынша, қазіргі кезде жиналған кәсіпкерлермен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың арасында Жылыой ауданының әкімі мен ауданның Бас санитарлық дәрігері де бар. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тапсырмасымен Құлсары қаласына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев аттанды.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы