Алматыда күйеуін өлтірген әйел сот залынан ақталып шықты
Алматыда күйеуін өлтірген әйел сот залынан ақталып шықты
© сурет интернеттен алынды
164
оқылды
Алматы қаласында өзін ұрып-соққан күйеуін абайсызда пышақтап өлтірген әйелді сот ақтап шықты, деп хабардайды Астана арнасы. Татьяна есімді орыс әйел 7 жыл азаматтық некеде тұрған күйеуін өлтірген. Олардың арасында екі бала бар. Татьянаның айтуынша, марқұм жолдасы ішімдік пен есірткіге әуестенген күннен бастап, олардың отбасындағы бақытты күндер тоқтаған.
«Ол мені дұрыстап шай құмайдың, тамағың дәмді емес деген сияқты әрбір ұсақ-түйек жағдайлар үшін сабайтын болды. Мені теуіп, бетімнен ұратын. Одан таяқ жеген сайын, көршілерім құтқарып алатын. Апта сайын таяқ жегенде полиция келіп, оны тыныштандырып кететін. Бірақ, оны қамаудың орнына, полиция тек айыппұл жазып жүрді», - дейді Татьяна.
Отбасындағы соңғы ұрыс-керіс үлкен қайғыға әкеп соққан: әйелін аямай сабаған ер адам қансырап өлсе, Татьяна түрмеге түсті.
«Мен диванда отырғанда келіп мені ұра астады. Қолымнан жұлқылаған кезде, столдың үстінде тұрған пышақпен оның денесін тіліп жібердім. Бірақ, қалай істегенімді өзім де түсінбедім. Пышақ тиген сәтте есін жоғалтпаған еді, маған қорықпа деді де жерге құлап түсті», - дейді Татьяна сот отырысында.
Оқиға былтыр тамыз айында тіркелсе де, сот енді өткен. Жолдасының өлімінен кейін Татьяна түрмеге түсіп, оның ісі жарты жыл бойы қаралған. «Адам өлтіру» бабы бойынша Татьяна 15 жылға дейін сотталушы еді. Бірақ, сот оның ісін «өзін-өзі қорғап, әрекет етті» деген бапқа ауыстырған.
«Қылмыстық істі егжей-тегжейлі қараған сот Татьянаны Қылмыстық кодекстің 112 бабы, 2 тармағы бойынша кінәлі деп тауып, оны бір жылға бас бостандығынан шектеді. Сотталушының үстінен қозғалған барлық айып алынып, ол сот залынан босатылды. Өйткені, әйел тергеу кезінде түрмеде отырған еді», - дейді адвокат Әсел Сұлтанмұратова.
Айта кетейік, қазір Қазақстанда әйелдердің зорлық-зомбылығына қарсы күресіп жүрген белсенділер отбасы ішіндегі ұрып-соғу фактісіне айыппұл емес, бірден қылмыстық жаза қолдану керек деген бастаманы көтеріп жүр.