Аз қамтылған отбасылар қолдаусыз қалған жоқ

Аз қамтылған отбасылар қолдаусыз қалған жоқ

Алматы қаласында карантин кезінде мұқтаж жандарға қолұшын беру жалғасып келеді. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың бастамасымен жүріп жатқан #BizBirgemiz акциясы аясында постпандемиялық кезеңде жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлердің қолдауымен қаланың мұқтаж тұрғындарына көмек көрсету бойынша бірқатар шаралар ұйымдастырылуда. Төтенше жағдай мен карантин кезінде күнделікті тіршілігінен қол үзіп қалған жандарда біраз қиыншылықтар туындағаны рас. Осындай сын сағатта олар қандай да бір қолдауға зәру. «Nur Otan» партиясының Алатау аудандық филиалына аз қамтылған отбасыларынан азық-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде көптеген өтініштер түсіп жатыр. Бүгінгі шара тұрғындардың өтінішін ескеріп ұйымдастырылған болатын. «Бүгін «Jas Otan» жастар қанатының еріктілерімен бірлесіп, Алатау ауданының 30 аз қамтылған отбасына азық-түлік жиынтықтарымен көмек көрсетілді. Әр отбасына табысталған 30 келілік жиынтықта ұн, макарон, сұйық май, күріш, қарақұмық пен қант бар.  Атаулы көмек көрсету кезінде ең алдымен аса қажеттілікті талап ететін көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, ардагерлер мен жалғызбасты қарт адамдарға баса назар аударылады» деді «Nur Otan» партиясы Алатау аудандық филиалының өкілдері. Карантин кезеңінде қалалық және аудандық әкімдіктердің, кәсіпкерлер мен еріктілердің қолдауымен 52 мыңнан астам отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетілгенін атап өткен жөн. Өз кезегінде осындай қолдауға ие болған, аса қажеттілікті талап ететін 2 баланы тәрбиелеп отырған 3 топтағы мүгедек Гүлнар Сабирова Елбасымыздың #BizBirgemiz атты игі бастамасына, «Nur Otan» партиясы мен еріктілерге аз қамтылған азаматтарды қолдап жатқанына өз алғысын білдірді. Сондай-ақ ол 50 мың теңге көлеміндегі қаржылай көмек алғанын да қоса айтты. Азық-түлік жиынтықтарын дайындау және тарату барысында қажет санитарлық нормалар сақталған.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ