Қазақстан Қытайға түйе сүтін экспорттай бастады
Қазақстан Қытайға түйе сүтін экспорттай бастады
247
оқылды
Қазақстан алғаш рет Қытайға түйе сүтінің ұтақталған түрін экспортқа жіберді, деп хабарлайды Almaty.tv. Бүгін Алматыдан 3 жарым тонна құрғатылған қазақтың ұлттық сусынын тиеген жүк көлігі жолға шықты. Айта кету керек, шұбатты көрші елге жөнелту өткен жылдың қыркүйек айында Ел президенті Қытайға жасаған мемлекеттік сапары барысында келісілген екен. Енді кәсіпкерлер шет елге жол ашылған соң, өндіріс көлемін көбейтуді көздеп отыр. «ҚазАГРОдан» қаражат сұрап отырмыз. Үлкен жабдық сатып алып, зауыт салуды ойлап отырмыз. Жазда ең сүт беретін кезде сүтті жинап алып, оны - 50 градуспен ешқандай құрамы бұзылмай қатыру керек. Қыста да жабдықтар жұмыс істей беруі керек», – деді кәсіпкер Қәдірбек МЕЙРАМБЕКОВ. Қазіргі уақытта көршілес елге қой мен сиыр етінен басқа бірнеше ауылшаруашылық өнімдері тасымалданады. Мамандардың сөзінше, елімізде 200 мыңнан астам түйе бар көрінеді. Сондықтан экспорттың көлемін көбейту арқылы шаруалардың да ойсылқара тұқымын ұлғайтуға мүмкіндік болады дейді. «Көпшілік түйе сүтін шет елге экспорттау кезінде Қазақстан нарығында жетіспеушілік орын алады деп ойлауы мүмкін. Меніңше, олай емес. Себебі осы арқылы сүттің сапасы артады және ауылшаруашылығын дамытуға өз септігін тигізеді деген ойдамыз», – деді Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы Бауыржан БАКШИЛОВ.