Алдағы мемлекеттік қызметшілер күніне орай «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауы қашықтан өткізілетін болды. Аталған байқау мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің бәсекеге қабілеттілігін, әлеуетін дамыту, үздік кәсіби білімі мен дағдыларды таратуды көздейді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми өкілі Ерхан Таткеннің айтуынша, осы жылы коронавирус пандемиясына байланысты байқау қашықтан өткізіледі және екі негізгі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең өңірлік (облыстық) деңгейде өткізіледі. Бірінші кезеңнің жеңімпаздары екінші кезеңге қатысуға ұсынылады. Екінші кезең республикалық байқау комиссиясы өткізетін республикалық деңгейдегі өтеді. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша конкурс жеңімпаздары анықталатын болады. «Талаптарға сәйкес, конкурсқа мемлекеттік қызметтегі өтілі бір жылдан кем емес, әкімшілік және тәртіптік жаза берілмеген мемлекеттік қызметші қатысады. Әрбір қатысушы конкурстың бастапқы кезеңінде «Неге мен үздік мемлекеттік қызметші атағына лайықпын?» тақырыбында өзінің мотивациялық эссесін тапсырған болатын. Мотивациялық эсседе үміткердің кәсіби қызметтегі негізгі жеке жетістігі, қызмет саласындағы проблеманы шешуге, мемлекеттік органның жүктелген міндеттер мен функцияларын іске асыру процесіне қосқан жеке үлесі баяндалады», – деп атап өтті Ерхан Таткен. Еске сала кетейік, конкурсқа құжаттарды қабылдау 2020 жылғы 29 мамырда аяқталған болатын. Конкурсқа қатысу үшін 761 өтініш түскен. Оның 565-і жергілікті атқарушы органның, 196-сы орталық мемлекеттік орган және оның аумақтық департаментінің қызметкерлері. Мемлекеттік қызметшілер арасындағы бұл конкурс 2017 жылдан бастап өткізіліп келеді. Осыдан үш жыл бұрын конкурсқа 300-ден астам мемлекеттік қызметші қатысса, биыл олардың саны 2 есеге артқан. Жалпы, конкурс барысында қатысушылар тиісті рәсімдерден өтуі қарастырылған. Бүгінде қатысушылар өздеріне берілген кейстік тапсырманы шешуді жүзеге асырып, жауабы бейнеформатта жолданды. Ал 8-12 маусым аралығында мәреге жеткендер «Мемлекеттік қызметті жетілдіру: пандемия нәтижесі бойынша мемлекеттік қызметшінің қорытындылары» тақырыбына бейнепрезентация жолдайды. Бейнежазба ұзақтығы 5 минуттан аспауы қажет. Республикалық комиссияның отырысы қашық форматында 15-19 маусым аралығында өткізіледі. Жеңімпаздар «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» төсбелгісімен, дипломмен және естелік сыйлықпен марапатталады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ