Атырауда газ толтыру бекетінде өрт шығып, арты жарылысқа ұласты, бекеттің күл-талқаны шықты. Ал күйік шалған төрт адам жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Атырау облысы Төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 5 маусымда таңертең қаладағы Атамбай көшесінің бойында «ПромГаз» жауапкершілігі шектелген серіктестігі аумағында газ құю кезінде газ сыртқа шығып кеткен, салдарынан Ford автоцистернасының жүк салонында өрт шығып, іле-шала алапат жарылыс болды. Жарылыс салдарынан 60-70 метр қашықтықта орналасқан ғимарат та қирады. Өрт сөндіруге Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 25 қызметкері мен 4 техникасы жұмылдырылды. Сағат 9.58-де өрт сөндірілді. Күйік шалған 4 адам ауруханаға жеткізілді. Олар бекет жұмысшысы, газ таситын көліктің жүргізушісі және Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің екі қызметкері – бөлім командирі мен ТЖ-4 бөлімінің өрт сөндірушісі. Өрттің шығу себептері мен келтірілген зиян мөлшерін облыстық Полиция департаментінің жедел-тергеу тобы анықтайды.