Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырауда арнайы операция жүргізіп, қылмыстық топты ұстады. Тұрғылықты жерлерін тінту барысында үш қару түрі мен оларға оқ-дәрілер табылды. «2020 жылғы 3 маусымда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті жүргізген арнайы операция нәтижесінде спорттық орта мен ықтимал деструктивті діни ағымдардың өкілдерінен тұратын топтың құқыққа қайшы әрекетінің жолын кесті. Қылмыстық топқа қатысушылардың өңір кәсіпкерлерінен ақшалай қаражатты қорқытып алуға, қарыздарды өндіруге және дене жарақаттарын келтіруге қатысы бар», – делінген ҰҚК хабарламасында. Мәліметке қарасақ, топтың 5 белсенді мүшесі ұсталған, олардың кейбіреуі ұрылармен, трансұлттық қоғамдастықтардың көмекшілерімен байланыста болған. «Ұсталған үш адам уақытша ұстау изоляторына қамалып, бұлтартпау шарасын таңдау жөнінде мәселе шешілуде. Екеуінен қорғауға құқығы бар куәгер ретінде жауап алынды. Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр», – дейді ҰҚК өкілдері.