Қазақстандағы инновацияның беткеұстар өнімі жоқ!
Қазақстандағы инновацияның беткеұстар өнімі жоқ!
©А.Ахметқазы
435
оқылды
Жасырып неміз бар, инно­вация Қазақстандағы ұят­ты тақырыптың бірі. Оны тіпті осы секторға жауапты «Бәйтерек» холдингінің бас­шы­лығы да ауыз­ға ала бер­мейді. Өйткені оны мем­лекеттің қолдап келе жатқа­нына көп жыл болды. Ал бұл саланың мақтанып, «біз­дерде мынадай бар, мы­надай бар!» деп жаһандық дең­гейде көрсете алатын бет­кеұстар өнімі жоқтың қасы. Үкімет инновация саласын 2010 жылдан қуатты қолдауға көшті. Сол жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске қосыл­ғаны мәлім. Рас, инно­вация мен технологиялық дамуға мем­лекет одан бұрын да қыруар қаржы бөлді. Мысалы, 2003 жылы «Ұлттық инновациялық қор» АҚ құрылды. 2004 жылы тұңғыш отан­дық венчурлық қор ашылып, оған бюджет ақшасы құйылды. 2005 жылы қор іріленіп, Technology Transfer-мен біріктірілді. Айнала­сында пікірталас, дау-дамай үнемі өргендіктен, көзіқарақты оқыр­ман бұл ұйымдардың тірлігін азды-көпті біледі. 2005-те «ел мақтанышына айналар 50 озық өнертабысты анықтап, қол­даймыз!» деп, NIF 50K инновациялық биз­нес-жоспар­лардың І байқауы іске қосылды, кейінгі жылда­ры ол қайталанды. Бюджеттен мил­лиондар алған сол мақтаныш­тар енді қайда? Беймәлім. Саланы нығайту үшін 15 жыл бұрын «Инжиниринг және технология трансферті орталығы» АҚ акцияларының мемлекеттік пакеті «Ұлттық инновациялық қордың» жар­ғылық капиталына берілді. 2003 жылы «Алатау» ақпарат­тық технологиялар паркі» АЭА құрылды...  

Он жылдағы «озығымыз» қайда?

Алғашқы 5 жыл ұзақ дайындық кезеңі болсын делік. Одан бергі 10 жылда не бітірдік? Ел төрткүл дүниеге қандай инновациясымен танылды? Өркениет болса жүйткіп алға кетті: 2010 жылы Apple тұңғыш iPad планшетін ұсынып, мобильді гаджеттер әлемінде революция жасады: ол смартфон, ноутбук және теледидар арасындағы буын­ды түзген бірінші құрылғы еді. Алғашқы 80 күн ішінде бүкіл адам­зат 3 млн iPad сатып алды. Осыдан кейін Samsung, BlackBerry, Microsoft, HP секілді электроника алыптары тегіс планшет өндірісі­мен айналыса бастады. Бұдан Қазақстан да қалыс­пады. Тәуелсіздіктің 20 жыл­дығы қарсаңында, 2011 жылы Caspiy electronics ЖШС «Аққу» брен­дімен планшеттік компьютер­лер құрастыру зауытын іске қос­ты. Жоба инвесторы айтқа­нын­­дай: «Онда соңғы буындағы опера­циялық жүйе орнатылады, қазақ қаріптерін теруге болады. Сосын планшетті қосқанда «Дедімай-ау» халық әнінің әуезі орындалады. Бағасы да атақты брендтерден 40%-ға арзанға түседі. Кәсіпорында күніне 280 планшеттік компьютер құрастырылмақ. Алғашқы партия­сы орта мектептерге жіберіледі. Сондай-ақ дайын өнім шетелге экспортталады». Негізі, идеясы да, жобасы да жап-жақсы еді. Ел сенді. Арты не болды? Құрылғалы бірде-бір план­шет жасап шығармаған Ақтаудағы осы зауыт биыл қара­пайым пластик қаптар (биг-бэг) шығаруды жоспарлап отыр. 2019 жылдың ортасында «Кас­пий» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­пора­циясы бұрынғы планшет зауы­тының ғимаратын беруге тендер өткізді. 16 мамырда оның қоры­тындысы шығып, WestEcoPlast компаниясы жеңіп алды. Кезінде Caspiy Еlectronics бірлескен кәсіпорнының құрамына өз қаржысымен осы «Каспий» ӘКК кірген-тін. 2013 жылы қаржы по­лициясы тексеру жүргізе келе, бұл кәсіпорынның жалған еке­нін әшкерелеп, компания басшы­лығына қылмыстық іс қозға­ды. Зауытта планшет жинастырыл­маған, тек келетін қонақтар үшін м­а­мандар алдын ала шашып тас­талған планшеттерді көз қылып «жинап» жататын болған. Сот Caspiy Еlectronics директоры Алек­сандр Павленконы 6 жылға, ал ӘКК басқарма төрағасы­ның орынбасары Ерғали Қайыповты 3 жылға соттады. Қайыпов рақым­шылыққа ілігіп, жазадан құтылып, сот залында босатылды. Сонымен, планшет жыры аяқталды. Оның үстіне бүгінде әлемде планшет саудасы құлдырауда. Жалпы, әсіресе кейінгі он­жылдық (2010-2020 жылдар) дүниежүзінде инновацияға то­лы болды. Осы кезеңде жасан­ды интеллект, жүздеген петаф­лопс­тық жылдамдықтағы суперком­пьютерлер, 5G, жүргізушісіз Tesla автомобилдері және басқа да «заттар интернеті», SpaceX көп рет пайдаланылатын зымы­ран­дары, Face++ бет-жүзді аутен­тификациялау жүйелері, 3D-принтерлер, бұлтты техноло­гия, ақылды үй, қалтадағы ком­пью­терге айналған 10-ядролық аса қуатты смартфондар, қос аяқпен жүретін антропоморфты роботтар, толықтырылған шы­найы­лығы бар көзілдіріктер, мобильді төлем сервистері және басқа өнер­табыстар саналуан салада өмірге жол­дама алды. Бұл думанға Қа­зақстан тек көрермен және сатып алушы ретінде ғана қатысуда.  

Аты таудай асқақ, заты төбеден аласа

Қазақстанда да аракідік әр­түрлі инновациялық жоба, әлде­бір ғаламат дарын иесі ойлап тап­қан өнертабыс туралы жазылып жа­тады. Алайда прототи­пін жасау, қаржыландыру, коммер­ция­ландыру, өндіріске қою барысында қиындықтары, олқылықтары мен кінәраттары шығады. Біразының, шынында бос PR екені, ешқандай жаңалығы жоғы, көбінің тек қолданыстағы технологияларды сәл-пәл жетілдіретіні анықталып жатады. Ондай салмақсыз дүние үшін кәсіпорын салып, өндіріске қойғанша әлемдік инновация аршындап алға жылжып кетеді. Кейбір озық жобалар мен идеяларды оған халықаралық патент алу барысында шетелдік инвесторлар біліп, АҚШ-тағы Силикон алқабына, Еуропаға, көрші алпауыт елдерге еліктіріп алып кететін көрінеді.    width= Осы жылдары «Бәйтерек» хол­дингі инновация деп ак­кумуля­торлық батарея, трансфор­матор және электрлі-техникалық жаб­­дықтар өндірушілерді қол­дады. Бұл осы өнім экспортын 13,4%-ға арттыруға мүмкіндік беріпті. Сонымен қатар натрий цианиды, полимерлік өнімдерді және минералды тыңайтқыштар жасаушы кәсіпорындарды қолдау арқасында былтыр химиялық өнеркәсіп экспортының көлемі 10,6%-ға өсті. Ал құрылуына қыруар ел қар­жысы шығындалған аты­шулы Alatau технопаркі не істеді? Бұл жайы бұқараға белг­і­сіз. Оның әлеуметтік желілер­дегі па­рақшалары 2019 жылғы қыркүйектен бері жаңартылмаған. Оған дейін орналастырылған ақ­параттың өзі технопарктің қыз­меті жайында мәлімет бер­мейді, инноваторға пайдасы жоқ. Мысалы, Facebook-тегі аккаун­тында «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағындағы компанияларға ар­налған техникалық реттеу сала­сындағы оқыту курсы туралы аңдатпа, сондай-ақ неге екені белгісіз, «Чек талап ет – жүлде ұтып ал!» акциясының жарнамалық ролигі орна­лас­тырылыпты. Был­тыр мем­лекет қолдауымен Alatau технопаркіне тегін экскурсия ұйым­дастыруға талаптанған ұйым­дар болды. Дегенмен ол сұранысқа ие болмапты. Алатау паркі – Қазақстандағы ұлттық деңгейдегі тұңғыш салалық технопарк және инновацияны ынталандыруы тиіс 1-ші АЭА бо­­латын. Ол бағдарламалық қам­ты­лымдар әзірлеумен, зама­науи аппарат-аспаптар және құрамдас бөліктер шығарумен, теле­ком­муникациялық өнімдер мен қыз­меттер өндірісімен шұғыл­дана­ды деп жоспарланды. Бұдан бөлек, ол бизнес қызметтер мен кеңес-консалтинг ұсынуы керек-тін. Бірақ ол үмітті ақтамады. Он­­да­ған миллиард теңге шығын­дал­ғаны­мен, қайтарымы болма­ған, атауы «ин­новациялық техно­ло­гия­лар паркі» болып өзгертіл­ген тех­но­паркті 2018 жылы Үкімет мой­нынан түсіріп, Алматы әкім­дігі­нің қарауына беру туралы шешім қабылданды. Әрі ол «Цифрлы Қазақстан» мем­бағ­дарламасын орындауға қайта бағдарланды. 2015-2017 жылдары ол 2,6 млрд теңгеге 64 жобаны қар­жы­ландырыпты. Олардың не нәти­же әкелгені сайтында ха­бар­­лан­­байды. Технопарк енді рес­­публикалық деңгейдегі емес, Алматы қа­ласының инновациялық кластері қыз­метін атқарады. Өйт­кені оның инфрақұрылымын салуға қала бюджеті шамамен 20 миллиард теңге шығындады. Былтыр халықаралық деңгейдегі колледждің корпустары, қатысу­шылардың сақалды құрылысқа ай­налған нысандары секілді «Алатау» аймағындағы толық салынбаған ғимараттар Алматы әкімдігінің қарауына берілді. Технопарк дерегінше, АЭА-да 153 компания тіркеліпті, оның 10-ы ғана өнеркәсіптік алаңды жалға алады. Тағы 50-і тек кеңседе жұмыс істейді. Қалған 90-нан аста­мы салықтық жеңілдіктер мен преференциялар беретін АЭА-да тіркелгенімен, оның аумағынан тыс жерлерде орналасқан. Жыл сайын 10-15 компания одан кетіп қалады. Технопарктің барлық қатысушысының бір жылдағы жалпы кірісі 51,1 млрд болды.  

Беларусің бізге үлгі

Салыстыра кетсек, 2005 жылы құрылған Беларусь жоғары технологиялар паркі (Belarus Hi-Tech Park немесе HTP Belarus) елді ілгері сүйреуші драйверге айналды. 2017–2019 жылдары ол ІТ қызметтер экспортын 2,4 есе арттыра алған. Сөйтіп, 2019 жылы ғана оның қатысушылары 2 миллиард доллардың (796 миллиард теңгенің) қызметін шетелге экспорттады! «HTP Belarus – тек Беларусьтің беделі ғана емес. Ол біздің нақты экономикалық жетістігіміз, елдің ЖІӨ-сінің драйвері, мем­лекетіміздің тәуелсіздігінің ұстыны. Бізде Қазақстандағыдай мұнай мен газ жоқ. Беларусьтік рубль ІТ саладан елге құйылып жатқан шетелдік валюта арқасында тұрақтылығын сақтап тұр. ІТ сала бір жылдағы бүкіл жаңа орындардың 14,5%-ын бір өзі ашты және бүкіл сала арасында бұл жөнінен көшбасшы. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар секторының ЖІӨ-дегі үлесі – 5,5%. Бұл дәстүрлі ауыл және ор­ман шаруашылығына (6,4%), құрылысқа (5,4%) және көлікке (5,8%) бара-бар. 2022 жылы инновацияның үлесі 10%-ға жетеді», – деп өз елі үшін мақтана, шаттана сөйлейді танымал ІТ кәсіпкер Виктор Прокопеня. Беларусь ЖОО-лары жыл сайын 7,7 мың ІТ маманын әзір­лейді. Бірақ жергілікті ІТ секто­рының сұранысы бұдан екі есе көп. «Батыс елдерінде экономиканы цифрландыру екпін алды. Бай елдер осы процеске ондаған мил­лиард доллар жұмсауға дайын. Беларусьтік компьютерлік шешім­дердің 90% соларға бағытталған. Сол себепті біздің компьютерлік қызметтер экспортына сұраныс жыл сайын ондаған пайыздап ұлғаюда», – дейді HTP Belarus қатысушысы Роман Осипов. Belarus Hi-Tech Park бүкіл ТМД көлемінен ғана емес, тіпті дамыған елдерден ақыл-ойы кенен инноваторларды тартатын орталық саналады. Бір ғажабы, пандемия осы парктің қызметі мен өнімдеріне деген сұранысты арттырған. Демек, биылғы көрсеткіші тіпті тамаша болады деген болжам бар. БҰҰ UNCTAD ұйымының 2019 жылғы есебіне сәйкес, Беларусь жаңа технологиялар секторының ЖІӨ-ге үлесінің өсу қарқыны бойынша басқа барлық дамыған елдерден озды. ЕАЭО бойынша, одақтасы­мыздың тәжірибесі мен үлгі-ұлағаты егер лайықты жолға қойса, инновация зор игілік, мол табыс әкелетінін көрсетеді. Ендеше төл теріс тәжірибесінен сабақ ала отырып, Қазақстан осы саланы жаңа жолға, тиімді тұғырнамаға қоюға талпынғаны жөн.  

 width=Айхан ШӘРІП