Жасырып неміз бар, инновация Қазақстандағы ұятты тақырыптың бірі. Оны тіпті осы секторға жауапты «Бәйтерек» холдингінің басшылығы да ауызға ала бермейді. Өйткені оны мемлекеттің қолдап келе жатқанына көп жыл болды. Ал бұл саланың мақтанып, «біздерде мынадай бар, мынадай бар!» деп жаһандық деңгейде көрсете алатын беткеұстар өнімі жоқтың қасы. Үкімет инновация саласын 2010 жылдан қуатты қолдауға көшті. Сол жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске қосылғаны мәлім. Рас, инновация мен технологиялық дамуға мемлекет одан бұрын да қыруар қаржы бөлді. Мысалы, 2003 жылы «Ұлттық инновациялық қор» АҚ құрылды. 2004 жылы тұңғыш отандық венчурлық қор ашылып, оған бюджет ақшасы құйылды. 2005 жылы қор іріленіп, Technology Transfer-мен біріктірілді. Айналасында пікірталас, дау-дамай үнемі өргендіктен, көзіқарақты оқырман бұл ұйымдардың тірлігін азды-көпті біледі. 2005-те «ел мақтанышына айналар 50 озық өнертабысты анықтап, қолдаймыз!» деп, NIF 50K инновациялық бизнес-жоспарлардың І байқауы іске қосылды, кейінгі жылдары ол қайталанды. Бюджеттен миллиондар алған сол мақтаныштар енді қайда? Беймәлім. Саланы нығайту үшін 15 жыл бұрын «Инжиниринг және технология трансферті орталығы» АҚ акцияларының мемлекеттік пакеті «Ұлттық инновациялық қордың» жарғылық капиталына берілді. 2003 жылы «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі» АЭА құрылды...
Он жылдағы «озығымыз» қайда?
Алғашқы 5 жыл ұзақ дайындық кезеңі болсын делік. Одан бергі 10 жылда не бітірдік? Ел төрткүл дүниеге қандай инновациясымен танылды? Өркениет болса жүйткіп алға кетті: 2010 жылы Apple тұңғыш iPad планшетін ұсынып, мобильді гаджеттер әлемінде революция жасады: ол смартфон, ноутбук және теледидар арасындағы буынды түзген бірінші құрылғы еді. Алғашқы 80 күн ішінде бүкіл адамзат 3 млн iPad сатып алды. Осыдан кейін Samsung, BlackBerry, Microsoft, HP секілді электроника алыптары тегіс планшет өндірісімен айналыса бастады. Бұдан Қазақстан да қалыспады. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында, 2011 жылы Caspiy electronics ЖШС «Аққу» брендімен планшеттік компьютерлер құрастыру зауытын іске қосты. Жоба инвесторы айтқанындай: «Онда соңғы буындағы операциялық жүйе орнатылады, қазақ қаріптерін теруге болады. Сосын планшетті қосқанда «Дедімай-ау» халық әнінің әуезі орындалады. Бағасы да атақты брендтерден 40%-ға арзанға түседі. Кәсіпорында күніне 280 планшеттік компьютер құрастырылмақ. Алғашқы партиясы орта мектептерге жіберіледі. Сондай-ақ дайын өнім шетелге экспортталады». Негізі, идеясы да, жобасы да жап-жақсы еді. Ел сенді. Арты не болды? Құрылғалы бірде-бір планшет жасап шығармаған Ақтаудағы осы зауыт биыл қарапайым пластик қаптар (биг-бэг) шығаруды жоспарлап отыр. 2019 жылдың ортасында «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бұрынғы планшет зауытының ғимаратын беруге тендер өткізді. 16 мамырда оның қорытындысы шығып, WestEcoPlast компаниясы жеңіп алды. Кезінде Caspiy Еlectronics бірлескен кәсіпорнының құрамына өз қаржысымен осы «Каспий» ӘКК кірген-тін. 2013 жылы қаржы полициясы тексеру жүргізе келе, бұл кәсіпорынның жалған екенін әшкерелеп, компания басшылығына қылмыстық іс қозғады. Зауытта планшет жинастырылмаған, тек келетін қонақтар үшін мамандар алдын ала шашып тасталған планшеттерді көз қылып «жинап» жататын болған. Сот Caspiy Еlectronics директоры Александр Павленконы 6 жылға, ал ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Ерғали Қайыповты 3 жылға соттады. Қайыпов рақымшылыққа ілігіп, жазадан құтылып, сот залында босатылды. Сонымен, планшет жыры аяқталды. Оның үстіне бүгінде әлемде планшет саудасы құлдырауда. Жалпы, әсіресе кейінгі онжылдық (2010-2020 жылдар) дүниежүзінде инновацияға толы болды. Осы кезеңде жасанды интеллект, жүздеген петафлопстық жылдамдықтағы суперкомпьютерлер, 5G, жүргізушісіз Tesla автомобилдері және басқа да «заттар интернеті», SpaceX көп рет пайдаланылатын зымырандары, Face++ бет-жүзді аутентификациялау жүйелері, 3D-принтерлер, бұлтты технология, ақылды үй, қалтадағы компьютерге айналған 10-ядролық аса қуатты смартфондар, қос аяқпен жүретін антропоморфты роботтар, толықтырылған шынайылығы бар көзілдіріктер, мобильді төлем сервистері және басқа өнертабыстар саналуан салада өмірге жолдама алды. Бұл думанға Қазақстан тек көрермен және сатып алушы ретінде ғана қатысуда.Аты таудай асқақ, заты төбеден аласа
Қазақстанда да аракідік әртүрлі инновациялық жоба, әлдебір ғаламат дарын иесі ойлап тапқан өнертабыс туралы жазылып жатады. Алайда прототипін жасау, қаржыландыру, коммерцияландыру, өндіріске қою барысында қиындықтары, олқылықтары мен кінәраттары шығады. Біразының, шынында бос PR екені, ешқандай жаңалығы жоғы, көбінің тек қолданыстағы технологияларды сәл-пәл жетілдіретіні анықталып жатады. Ондай салмақсыз дүние үшін кәсіпорын салып, өндіріске қойғанша әлемдік инновация аршындап алға жылжып кетеді. Кейбір озық жобалар мен идеяларды оған халықаралық патент алу барысында шетелдік инвесторлар біліп, АҚШ-тағы Силикон алқабына, Еуропаға, көрші алпауыт елдерге еліктіріп алып кететін көрінеді.Беларусің бізге үлгі
Салыстыра кетсек, 2005 жылы құрылған Беларусь жоғары технологиялар паркі (Belarus Hi-Tech Park немесе HTP Belarus) елді ілгері сүйреуші драйверге айналды. 2017–2019 жылдары ол ІТ қызметтер экспортын 2,4 есе арттыра алған. Сөйтіп, 2019 жылы ғана оның қатысушылары 2 миллиард доллардың (796 миллиард теңгенің) қызметін шетелге экспорттады! «HTP Belarus – тек Беларусьтің беделі ғана емес. Ол біздің нақты экономикалық жетістігіміз, елдің ЖІӨ-сінің драйвері, мемлекетіміздің тәуелсіздігінің ұстыны. Бізде Қазақстандағыдай мұнай мен газ жоқ. Беларусьтік рубль ІТ саладан елге құйылып жатқан шетелдік валюта арқасында тұрақтылығын сақтап тұр. ІТ сала бір жылдағы бүкіл жаңа орындардың 14,5%-ын бір өзі ашты және бүкіл сала арасында бұл жөнінен көшбасшы. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар секторының ЖІӨ-дегі үлесі – 5,5%. Бұл дәстүрлі ауыл және орман шаруашылығына (6,4%), құрылысқа (5,4%) және көлікке (5,8%) бара-бар. 2022 жылы инновацияның үлесі 10%-ға жетеді», – деп өз елі үшін мақтана, шаттана сөйлейді танымал ІТ кәсіпкер Виктор Прокопеня. Беларусь ЖОО-лары жыл сайын 7,7 мың ІТ маманын әзірлейді. Бірақ жергілікті ІТ секторының сұранысы бұдан екі есе көп. «Батыс елдерінде экономиканы цифрландыру екпін алды. Бай елдер осы процеске ондаған миллиард доллар жұмсауға дайын. Беларусьтік компьютерлік шешімдердің 90% соларға бағытталған. Сол себепті біздің компьютерлік қызметтер экспортына сұраныс жыл сайын ондаған пайыздап ұлғаюда», – дейді HTP Belarus қатысушысы Роман Осипов. Belarus Hi-Tech Park бүкіл ТМД көлемінен ғана емес, тіпті дамыған елдерден ақыл-ойы кенен инноваторларды тартатын орталық саналады. Бір ғажабы, пандемия осы парктің қызметі мен өнімдеріне деген сұранысты арттырған. Демек, биылғы көрсеткіші тіпті тамаша болады деген болжам бар. БҰҰ UNCTAD ұйымының 2019 жылғы есебіне сәйкес, Беларусь жаңа технологиялар секторының ЖІӨ-ге үлесінің өсу қарқыны бойынша басқа барлық дамыған елдерден озды. ЕАЭО бойынша, одақтасымыздың тәжірибесі мен үлгі-ұлағаты егер лайықты жолға қойса, инновация зор игілік, мол табыс әкелетінін көрсетеді. Ендеше төл теріс тәжірибесінен сабақ ала отырып, Қазақстан осы саланы жаңа жолға, тиімді тұғырнамаға қоюға талпынғаны жөн.