Браконьерлермен күрес күшейсе де...
Браконьерлермен күрес күшейсе де...
301
оқылды
Атырау – бекіре тұқымдас балықтардың шоғырланған аймағы. Содан да болар, Каспий теңізін тіліп өтіп, Атырау аумағында балық ау­лауға құмар браконьер­лер­дің саны да тым аз деуге кел­мейді. Жыл сайын заң­сыз балық аулау­шы­­ларды тиісті сала мамандары ұс­тап, жазалап жат­қанымен, өңірде браконьерлікті толық жоюдың мүмкіндігі болмай тұр. Бірақ атқарылған істер де аз емес. Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспек­ция­сының балық шаруашылығы саласындағы браконьерлікке қарсы күрес бойынша 3 жылдың қорытынды ақпаратына зер салсақ, мамандар қызметкерлері балық барконьерлігіне қатысты 5 513 оқиғаны анықтаған. Жалпы, осы мерзімде балық қор­ғау заңнамасын бұзушыларға 58 млн 394 мың теңге сомасында әкім­шілік айыппұл салынған. Оның ішінде мемлекет пай­дасына 49 млн 968 мың теңге өндірілген екен. Балық ресурс­тарына кел­ті­рілген зиян үшін 111 құқық бұзу­шыдан 10 млн 714 мың теңге өн­діру талап етілген. Соңғы 3 жылда жүргізілген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 51 тонна 238 келі балық өнімі алынды. Заң бұзу­шы­лардан түрлі 3 162 аулау құралы және 611 көлік және жүзу құралы алынды.  

Балықтар уылдырық шашқанда...

Жылда бекіре тұқымдас және басқа да балық түрлерінің уыл­дырық шашатын кезінде Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының су айдындарында «Бекіре» кең ауқымды балық қорғау іс-ша­ралары жүзеге асады.Тап осы шара талай браконьерді ұстап жазалауға мүмкіндік берді. Биыл 1 сәуірден бастап 31 ма­мыр аралығында «Бе­кіре – 2020» балық қорғау шарасы бары­сында құқық қорғау, табиғат қорғау және Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің қызметкерлері бірлесіп, табиғат қорғау заң­намасын бұзған 1 119 деректі анық­тады. Атырау об­лыстық орман шаруашылығы және жан­уар­лар дүниесінің аумақтық инспек­циясының табиғи ресурс­тар­ды қорғау бө­лімінің бас маманы Рүстембек Қор­қытовтың ай­туынша, Атырау облысының аумағында – 873, Маңғыстау облы­сында – 66 және Батыс Қа­зақстан об­лы­сында 180 заң бұзу­шылық анық­талған. Көрсеткіш жағынан Атырау алғашқы орында. – Аталған өңірлерде әкім­шілік жауапкершілікке 759 бұзушы, оның ішінде 87 заң бұзу­шы сотқа тар­тылды. Бра­ко­ньерлік және балық­тар­дың сирек кез­десетін және жоға­лып кету қаупі төніп тұрған түр­лерінің заңсыз айна­лымымен айналысу дерегі бо­йынша 33 қылмыстық іс қоз­ғалды. Балық қорғау заң­намасын бұзу­шыларға 13,0 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды. Балық қорғау, полиция және шекара қызметі қызмет­керлерімен заңсыз айна­лымнан 13,9 тонна балық тәр­кіленді  – деген Рүстембек Берікұлы қазіргі күні балықты заңсыз аулау азайғанын және оның себебін айтты.    width=  

Браконьерлікті тыю үшін түсіндіру жұмыстары да қажет

Бұл күнде 2000 жылдың бас­тап­қы он жылдығындай емес, өңір­де браконьерліктің азайға­нын да мойындау керек. Бұл істе түсіндіру жұмыстарының да пай­дасы тиді. Атырауда теңізге шығып, балық аулауды күнделік­ті тұрмыстық дағдысына айнал­дырған Жанбай ауылының тұр­ғындары түсіндіру жұмыста­ры­нан соң тұрақты табыс табу үшін балық аулау кооперативтеріне жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ құзырлы органдардың жіті ба­қылауы бекіре тұқымдас балық­тарды қалаға әкеліп сатудың да жолын кесті. Десек те, «Бекіре» шарасы аясында күн сайын өзендердің арналары, сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауы сү­зіліп, браконьердің аулары, құ­рал-саймандары табылып жата­ды. Соңғы жылдары Жайық-Каспий бассейнінен үш мыңға жуық аулау құралы алынды, олар­дың басым көпшілігі – мо­нотіндерден тоқылған синте­тикалық аулар. Бұл аулар балық үшін аждаһамен бірдей. Оған тұмсығы тұрмақ, құйрығы ілін­ген балық аман шықпайды. Сон­дықтан браконьерлік үшін жаза күшейтілді.  

Жаза күшейді, енді нәтижесін күтеміз

Биылдан бастап Қазақстанда заңсыз аңшылық және балық аулау тәртіп бұзу қатарынан шы­ғарылып, орта деңгейдегі қыл­мыс санатына кірді. Заңда осын­дай қылмыстар үшін 10 миллион теңгеге дейінгі айыппұл және 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Табиғи қорықта заңсыз аңшылық пен балық аулағаны үшін 6 жыл­ға дейін бас бостандығынан айыру, ірі мөлшерде және ұйым­дасқан қылмыстық топпен жа­салса, 10 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру, киіктерді атқа­ны үшін 5 жылға дейін бас бос­тандығынан айыру жазасымен қатар, браконьерлік қылмыстың барлық санаты бойынша заңсыз аң аулау құралдары қару-жарақ, көлік пен мүлікті тәркілеу қа­растырылған. Сонымен бірге заң бойынша орман шаруашылығы инспек­то­рының өміріне қауіп төндіру – құқық қорғау органдары қызмет­керіне шабуыл жасаумен бірдей болады. Сайып келгенде, кеш болса да күшейтілген заң тармақ­тары бағалы балықты аулауда аяқ­ты тарту керегін ескертіп отыр. Жуырда ғана облыс әкімі Ма­хамбет Досмұхамбетов селект­ор­лық жиында «балық шаруашы­лығы саласын дамыту – басты міндеттің бірі» деп айтып, Балық шаруашылығы басқармасына арнайы тапсырма берді. Аймақ басшысы, әсіресе браконьер­лік­пен күрес шарасына баса назар аударды. Балық қорын көбейту үшін былтыр Жайық өзеніне 7,5 млн бекіре тұқымдас балықтардың шабағы жіберілді. Сондай-ақ өткен жылы өңірде 15 464 тонна балық аулауға квота бөлінді. Квотаны игеру көлемі 84,7 па­йызға орындалды. Енді биыл бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Жуырда Жайық өзеніне бе­кіре тұқымдас балықтардың шабақтары жіберіледі. Олардың қаншасы уылдырық шашатын жасқа жетерін тап басып ешкім айта алмайды. Себебі тармақтары күшті заңнан айылын жиятын браконьерлерді толық жеңдік деуге әлі ерте.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ Атырау облысы