Түркістан қаласына жаңа әкім тағайындалды
Түркістан қаласына жаңа әкім тағайындалды

Түркі әлемінің мәдени және рухани орталығы атанған Түркістан қаласына жаңа әкім тағайындалды.

Атап айтқанда, Түркістан облысы әкімінің өкімімен Түркістан қаласының әкімі қызметіне болашақтық Рашид Аюпов бекітілді. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен қала активінің жиналысында мәлім болды. 
Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Рашид Аюповты Түркістан қаласы әкімі етіп тағайындауға қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан келісім берді. Мұнан соң қала әкімдігінде актив жиналысы өтіп, онда облыс әкімі Ө. Шөкеев Түркістан қаласының әкімі қызметіне жаңадан тағайындалған Рашид Аюповты таныстырды.
Айта кету керек, Рашид Аюпов – ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының стипендиаты, Queen Mary University of London (Ұлыбритания) оқу орнының түлегі, мемлекеттік басқару магистрі.


Өңір басшысы Ө.Шөкеев жаңа тағайындалған әкімнің қызмет жолын жиналғандарға таныстыра келіп, бұған дейін қаланы басқарып келген Ә.Өсербаевтың облыстың орталығында атқарған нәтижелі еңбектеріне тоқталып, іскер азаматтың алдағы уақытта өзге қызметке тағайындалатындығын айтып өтті.
Ал қаланың жаңа басшысы Рашид Абатұллаұлы 1981 жылы 4 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында туған, қазақ, білімі жоғары.
Академиялық Инновациялық Университетінің заң факультетін бітірген, информатика және мемлекеттік басқару саласындағы бакалавр дәрежесі бар. 
2015 жылы Лондондағы Queen Mary University университетінің мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2003 жылы бастаған. 
2006 жылдан 2009 жылға дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Ақпарат және тестілеу орталығы» мемлекеттік мекемесінде басшы қызметтерінде жұмыс атқарған. 
2009 жылдан 2013 жылға дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 
2015 жылы Шымкент қаласының әкімі аппаратының басшысы болып қызмет жасады.
2017 жылдан 2018 жылға дейін «Nur Otan» партиясының өкілі ретінде Қазақстан Республикасының Үкіметінде және «Nur Otan» партиясы Орталық аппаратының Ақпараттық-технологиялық орталығының меңгерушісі қызметінде болды. 
2018 жылдың 19 қыркүйегінен бүгінгі күнге дейін «Shymkent» ӘКК» АҚ Басқарма Төрағасы қызметін атқарды.