«Былай тартсаң өгіз өледі, олай тартсаң арба сынады»
«Былай тартсаң өгіз өледі, олай тартсаң арба сынады»
257
оқылды
Жамбыл облысында әлемдік пандемияға байланысты қойылған блок-бекеттер біртіндеп алына бастады. Қазір Тараз қаласынан шығатын бірқатар өткізу бекетінде көлік қозғалысы ретке қойылып, тұрғындардың тынысы ашылғандай болды. Сонымен қатар кафе, шаштараз, сұлулық салондары сынды әлеуметтік орындарда да тіршілік қайта оянды. Халық қалыпты күнкөрісіне қайта көше бастағандай. Десе де, бұқараның базынасына айналып отырған мәселелер де баршылық.  

Қоғамдық көліктер қозғалуға құлықты емес

Ең бірінші жамбылдықтардың асыға күтіп отырғаны – қоғамдық көліктердің қозғалысы. Бұл м­ә­селеге қатысты тұрғындар әкімдік ғимаратының алдына жиналып, жанайқайын білдіргенін ел жақсы біледі. Осы бас көтеру біраз нәр­сеге түрткі болды ма, облыс әкім­дігі жуырда қоғамдық көліктер қайта қатынайтыны туралы ақпар таратты. «Ол үшін тасымалдаушы ком­паниялар маршруттық автобустар мен парктерді Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрі­герінің қаулысымен белгіленген барлық санитарлық-эпидемио­ло­гиялық талапқа сәйкес келтіруі керек. Осыдан кейін ғана авто­парктер өз қызметін қайта бас­тау­ға рұқсат ала алады. Атап айт­қанда, автобус салонына медици­налық бетперде киген жолаушы­лар ғана кіре алады, адамдардың арақа­шық­тығы кемінде 1 метр болуы керек. Салонның толты­рылуы 50 па­йыздан аспауы тиіс. Авто­парктер әкімшілігі персо­налға жеке қорғану құралдарын пай­далану бойынша нұсқау беру мен дене қызуын өлшеуді күн­делікті ұйым­дастыруы қажет. Жіті респи­раторлық инфекция белгі­лері бар қызметкерлер жұмысқа жіберіл­мейді» делінген облыстық штаб­тың ресми мәлімдемесінде. Бір сөзбен айтсақ, қатаң әс­кери тәртіп. Енді бұған тасы­мал­даушы компаниялар келісіп отыр ма? – Бұл мүлде ақылға сыймай­тын талап болып тұр. Белгіленген санитарлық талаптар бойынша  автобус ішін 50 пайыздан артық адаммен толтырмауым ке­рек. Жолаушылардың арақашық­тығы 1 метрден болуы тиіс. Сонда бір автобуста 23 орын болса, мен 11 адамнан тасуым керек па? Бұл менің күнделікті жанар-жағар­майымды да ақтамайды ғой. Оған қоса, аялдамаға келіп тоқтаған автобусқа ағылған жұртшылықтың жартысын итеріп қалай түсіріп тастаймын? Бұлай істесем, ертең олар менің үстімнен шағымда­нады. Сондықтан қазір қоғамдық көліктерімізді қозғамай отырмыз. Жергілікті билікке бұл мәселенің бәрін айттым. Алайда олардан нақты ұсыныс түсіп отырған жоқ. Содан мен де қимылсыз отырмын. Қызметкерлерді тексеру, дезин­фекциялық жұмыстар жүргізу де­ген сияқты талаптың барлығына сақадай сай дайынмын. Тек осы жолаушыларды отырғызу мәсе­лесі қос бүйірден қысып тұр, – дей­ді «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС директоры Рашид Пірманов. Негізі, «ӘулиеатаТрансПасс» компаниясы Тараз қаласындағы ең ірі тасымалдаушының бірі са­налады. Оның иелігінде 200 авто­бус бар. Олар 20 бағыт бойынша қатынайды. Міне, осы ірі компа­ния қоғамдық көліктерін қозғауға құлық танытпай отыр. Ал бұған билік не дейді? Тараз қаласы әкім­дігі мамандарының айтуынша, бұл олардың жылдағы жыры екен. Карантин болмаса да, жаз айла­рында студенттер азайғанда атал­ған тасымалдаушы компаниялар жолаушының аздығын айтып, әкімдіктің есігін қағатын көрінеді. Сондықтан жергілікті билік қо­ғам­дық көліктер өздері үшін жол­ға шығатынына бек сенімді. Ал Жамбыл облысы әкімінің орын­басары Ұлан Жазылбектің айтуынша қа­зіргі таңда облыс орталығындағы 10 та­сымалдаушы мекеменің еш­қайсысы жолаушыларға қауіпсіз қызмет көрсетуге дайын емес екен.  

Базарлардың ашылуы басшыларға байланысты

Тұрғындардың екінші сұрап отырғаны – базар қызметі. Ал­дың­ғы аптада «Ауыл-Береке» ба­зарының сатушылары бас көтеріп, жергілікті билікке өз шағымдарын жеткізді. Бұдан кейін Жамбыл об­лысының әкімі Бердібек Са­пар­баев базар мен сауда орында­рының басшыларымен кездесті. «Біздің облыс аумағында 40-тан астам базар мен сауда орны жұмыс істейді. Көпшілігінде мін­детті санитарлық, карантиндік, өртке қарсы талаптар орындал­майды. Кеше олардың бірқатарын аралап, соған кезекті рет көз жет­кіздім» деген облыс әкімі жа­уапты мемлекеттік органдарға талаптарды сақтамай отырған сауда орындарын жабуды жүктеді. «Азаматтардың өмірі мен ден­саулығының қауіпсіздігін қамта­масыз ету – басты мәселе. Базар әкімшілігі барлық талапты орын­дағанда ғана сауда-саттыққа толық мүмкіндік беріледі. Біздің алдымызда инфекцияның жыл­дам таралуына жол бермеу, адам­дардың денсаулығын барынша қорғау міндеті тұр. Біз олардың өмірін тәуекелге тіге алмаймыз» деп Бердібек Машбекұлы базар жұмысына қатысты өз ұстанымын анық аңғартты. Сол-ақ екен, тек­серу тобы жұмысына енді кіріскен «Қайқармет» базарын күштеп жаптырып тастады.  

Бизнес билікпен «тығылыспақ» ойнап жүр

Таразда жазғы бастырмасы бар кафелер жұмысына рұқсат берілгенімен, көбісі санитарлық талаптардың қатаңдығынан жұ­мыс істей алмай жатқанын бұған дейін айтқан болатынбыз. Қазір облыс орталығындағы демалыс орындары жұмысын біршама жан­дандырған. Алайда жұмыс уа­қыты сағат 10.00-20.00 аралы­ғында шектелгендіктен, көбі ка­рантин кезінде жоғалтқан табы­сын қайыру үшін белгіленген мерзімнен кейін есіктерін жауып, жасырын қызмет көрсетуге көш­кен. Бұл тұста оларды кінәлай алмайсың. Себебі екі айлық ка­ран­тиннен кейін кәсіпкерлердің көзі енді ашылып келеді. Бәлкім, билік пен бизнес бір-бірін алдап, тығылыспақ ойнағанша, жұмыс уақытын түнгі 23.00-ге дейін соза салу керек шығар деген де ой ке­леді. Өйткені кәсіпкерлер бәрібір осы уақытқа дейін жұмыс істеуде. Бұл мәселе монша қызметіне де қатысты. Қазір жеке кабинкасы бар бірқатар моншаның жұмы­сына рұқсат беріле бастағанымен, қалғандары қызметін жасырын түрде жүргізуде. Бәлкім, олармен де «жасырынбақ» ойнамай, жеке кабинкалардың жұмысына рұқсат беріп, тек 2-3 адамнан кіргізу туралы шектеу қойған жөн болар? Негізі, Таразда бизнес тәртіпке бағынбай жасырын түрде де жұмыс істеп жатқанын жергілікті билік жоққа шығара алмайды. Себебі облыста құрылған мобиль­дік топ күні кеше ғана 2 рұқсат берілмеген ойын-сауық орнын, 34 дүкен мен фаст-фуд, гриль дүңгір­шектерінің шектеу мерзімін бұза отырып, қызмет көрсеткенін анық­тап, қатаң ескерту берді.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы