Жамбыл облысында әлемдік пандемияға байланысты қойылған блок-бекеттер біртіндеп алына бастады. Қазір Тараз қаласынан шығатын бірқатар өткізу бекетінде көлік қозғалысы ретке қойылып, тұрғындардың тынысы ашылғандай болды. Сонымен қатар кафе, шаштараз, сұлулық салондары сынды әлеуметтік орындарда да тіршілік қайта оянды. Халық қалыпты күнкөрісіне қайта көше бастағандай. Десе де, бұқараның базынасына айналып отырған мәселелер де баршылық.
Қоғамдық көліктер қозғалуға құлықты емес
Ең бірінші жамбылдықтардың асыға күтіп отырғаны – қоғамдық көліктердің қозғалысы. Бұл мәселеге қатысты тұрғындар әкімдік ғимаратының алдына жиналып, жанайқайын білдіргенін ел жақсы біледі. Осы бас көтеру біраз нәрсеге түрткі болды ма, облыс әкімдігі жуырда қоғамдық көліктер қайта қатынайтыны туралы ақпар таратты. «Ол үшін тасымалдаушы компаниялар маршруттық автобустар мен парктерді Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысымен белгіленген барлық санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сәйкес келтіруі керек. Осыдан кейін ғана автопарктер өз қызметін қайта бастауға рұқсат ала алады. Атап айтқанда, автобус салонына медициналық бетперде киген жолаушылар ғана кіре алады, адамдардың арақашықтығы кемінде 1 метр болуы керек. Салонның толтырылуы 50 пайыздан аспауы тиіс. Автопарктер әкімшілігі персоналға жеке қорғану құралдарын пайдалану бойынша нұсқау беру мен дене қызуын өлшеуді күнделікті ұйымдастыруы қажет. Жіті респираторлық инфекция белгілері бар қызметкерлер жұмысқа жіберілмейді» делінген облыстық штабтың ресми мәлімдемесінде. Бір сөзбен айтсақ, қатаң әскери тәртіп. Енді бұған тасымалдаушы компаниялар келісіп отыр ма? – Бұл мүлде ақылға сыймайтын талап болып тұр. Белгіленген санитарлық талаптар бойынша автобус ішін 50 пайыздан артық адаммен толтырмауым керек. Жолаушылардың арақашықтығы 1 метрден болуы тиіс. Сонда бір автобуста 23 орын болса, мен 11 адамнан тасуым керек па? Бұл менің күнделікті жанар-жағармайымды да ақтамайды ғой. Оған қоса, аялдамаға келіп тоқтаған автобусқа ағылған жұртшылықтың жартысын итеріп қалай түсіріп тастаймын? Бұлай істесем, ертең олар менің үстімнен шағымданады. Сондықтан қазір қоғамдық көліктерімізді қозғамай отырмыз. Жергілікті билікке бұл мәселенің бәрін айттым. Алайда олардан нақты ұсыныс түсіп отырған жоқ. Содан мен де қимылсыз отырмын. Қызметкерлерді тексеру, дезинфекциялық жұмыстар жүргізу деген сияқты талаптың барлығына сақадай сай дайынмын. Тек осы жолаушыларды отырғызу мәселесі қос бүйірден қысып тұр, – дейді «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС директоры Рашид Пірманов. Негізі, «ӘулиеатаТрансПасс» компаниясы Тараз қаласындағы ең ірі тасымалдаушының бірі саналады. Оның иелігінде 200 автобус бар. Олар 20 бағыт бойынша қатынайды. Міне, осы ірі компания қоғамдық көліктерін қозғауға құлық танытпай отыр. Ал бұған билік не дейді? Тараз қаласы әкімдігі мамандарының айтуынша, бұл олардың жылдағы жыры екен. Карантин болмаса да, жаз айларында студенттер азайғанда аталған тасымалдаушы компаниялар жолаушының аздығын айтып, әкімдіктің есігін қағатын көрінеді. Сондықтан жергілікті билік қоғамдық көліктер өздері үшін жолға шығатынына бек сенімді. Ал Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің айтуынша қазіргі таңда облыс орталығындағы 10 тасымалдаушы мекеменің ешқайсысы жолаушыларға қауіпсіз қызмет көрсетуге дайын емес екен.Базарлардың ашылуы басшыларға байланысты
Тұрғындардың екінші сұрап отырғаны – базар қызметі. Алдыңғы аптада «Ауыл-Береке» базарының сатушылары бас көтеріп, жергілікті билікке өз шағымдарын жеткізді. Бұдан кейін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев базар мен сауда орындарының басшыларымен кездесті. «Біздің облыс аумағында 40-тан астам базар мен сауда орны жұмыс істейді. Көпшілігінде міндетті санитарлық, карантиндік, өртке қарсы талаптар орындалмайды. Кеше олардың бірқатарын аралап, соған кезекті рет көз жеткіздім» деген облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға талаптарды сақтамай отырған сауда орындарын жабуды жүктеді. «Азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты мәселе. Базар әкімшілігі барлық талапты орындағанда ғана сауда-саттыққа толық мүмкіндік беріледі. Біздің алдымызда инфекцияның жылдам таралуына жол бермеу, адамдардың денсаулығын барынша қорғау міндеті тұр. Біз олардың өмірін тәуекелге тіге алмаймыз» деп Бердібек Машбекұлы базар жұмысына қатысты өз ұстанымын анық аңғартты. Сол-ақ екен, тексеру тобы жұмысына енді кіріскен «Қайқармет» базарын күштеп жаптырып тастады.Бизнес билікпен «тығылыспақ» ойнап жүр
Таразда жазғы бастырмасы бар кафелер жұмысына рұқсат берілгенімен, көбісі санитарлық талаптардың қатаңдығынан жұмыс істей алмай жатқанын бұған дейін айтқан болатынбыз. Қазір облыс орталығындағы демалыс орындары жұмысын біршама жандандырған. Алайда жұмыс уақыты сағат 10.00-20.00 аралығында шектелгендіктен, көбі карантин кезінде жоғалтқан табысын қайыру үшін белгіленген мерзімнен кейін есіктерін жауып, жасырын қызмет көрсетуге көшкен. Бұл тұста оларды кінәлай алмайсың. Себебі екі айлық карантиннен кейін кәсіпкерлердің көзі енді ашылып келеді. Бәлкім, билік пен бизнес бір-бірін алдап, тығылыспақ ойнағанша, жұмыс уақытын түнгі 23.00-ге дейін соза салу керек шығар деген де ой келеді. Өйткені кәсіпкерлер бәрібір осы уақытқа дейін жұмыс істеуде. Бұл мәселе монша қызметіне де қатысты. Қазір жеке кабинкасы бар бірқатар моншаның жұмысына рұқсат беріле бастағанымен, қалғандары қызметін жасырын түрде жүргізуде. Бәлкім, олармен де «жасырынбақ» ойнамай, жеке кабинкалардың жұмысына рұқсат беріп, тек 2-3 адамнан кіргізу туралы шектеу қойған жөн болар? Негізі, Таразда бизнес тәртіпке бағынбай жасырын түрде де жұмыс істеп жатқанын жергілікті билік жоққа шығара алмайды. Себебі облыста құрылған мобильдік топ күні кеше ғана 2 рұқсат берілмеген ойын-сауық орнын, 34 дүкен мен фаст-фуд, гриль дүңгіршектерінің шектеу мерзімін бұза отырып, қызмет көрсеткенін анықтап, қатаң ескерту берді.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы