«Қазақмыстың» басшысына қастандық жасалды
«Қазақмыстың» басшысына қастандық жасалды
178
оқылды
«Қазақмыс» ЖШС корпорациясының бас директоры Амангелді Минигуловтың кеу­де­сіне «Кәсіпқорған» кәсіподақ ұйымының бас­шысы пышақ сұғып, ауыр жаралады. Зар­дап шеккендер жансақтау бөлімінде жатыр. Бас директордың қабылдауына келген кәсіподақ комитетінің басшысымен арада ұрыс-керіс туып, соңы қарулы қақтығысқа ұласқан. «Кәсіпқорған» ұйымының басшысы Тоғызбай Тәжбеновке жұмыстан шығатыны туралы ескертілген. Бұл шешіммен келіспеген қызметкер ашумен сыртқа атып шығып, қару әкелген. Қызметкер қаруымен ауаға оқ атып, қолындағы пышағын бас директорға сұғады. Сондай-ақ ол қасында отырған бөлім басшысы Сабыржан Тембаевты да жаралайды. Соңынан Тоғызбай Тәжбенов өзін-өзі атып көз жұмады. Оқыс оқиғадан кейін корпорацияны полиция қызмет­керлері қоршап алды. Жараланғандар ауруханаға жеткізілді. «Ауыр жарақат алған «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС тау-кен байыту кешенінің бас директоры Аман­гел­ді Минигуловқа Жезқазған қаласында сәтті опера­ция жасалды», – деп хабарлады Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы. Қарағанды облысының Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі болған оқиғаны растады. «21 қаңтарда сағат 18:00-де «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тау-кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Минигуловтың кабинетінде «Кәсіпқорған» кәсіпода­ғының төрағасы Тәжбенов туындаған жанжал барысында Минигуловтың арқасына пышақ жарақатын салып, сондай-ақ корпорацияның маманы Тембаевқа да зардап тигізгені анықталды. Содан кейін куәгерлердің ай­туын­ша, Тәжбенов сол жақ кеуде қуысына пышақ салып, оқиға орнында көз жұмды» деп хабарады ІІД баспасөз хатшысы. Күдіктінің көз жұмуына байланысты қылмыстық істің қалай қозғалатыны әлі белгісіз. Тоғызбай Тәжбенов облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі болатын.   Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы