Қазақстан мен Ресейде әр жыл сайын 5 маусымда экологтар күні аталып өтіледі. Дәл осы күні дүниежүзінде қоршаған ортаны қорғау жайы да айтылады. Бірақ Қазақстанда экология мәселесі қанша айтылғанымен, түйткіл шешіле қойған жоқ. Біз көбіне тұрмыстық қалдықтардың көлемін айтумен шектелеміз. Ал экологиялық мәдениетті қаншалықты қалыптастыра алдық?
Осы күні Қазақстанда 47 млрд тонна қалдық бары анықталған. Оның 300 млн тоннасы радиактивті, яғни адам өміріне аса қауіпті. 9 млрд тонна улы қалдықты тағы қосыңыз. Қарапайым жануарлар қиының өзі 122 млн тоннадан асады. Жыл сайын ел аумағында қоқыс 1 млрд тоннаға көбейіп жатыр. Өзенді ластап жатқан кәсіпорындар жетерлік. Одан бөлек далалық жерге төгілген 6,2 млн тонна мұнай қалдығы бар. Оған мұнай компаниялары жылына 400 мың тонна қалдықты үстемелеп жатыр. Қазақстанда сұрыпталмаған қоқыстың 90 пайызы жерге көміле салады. Ал біз қызыға айтатын дамыған елдерде жалпы қоқыстың 98 пайызы өңделіп, қалғаны өртеледі екен. Айналып келгенде, бұл мәселе адамдардың экологиялық мәдениеті төмен бе деген ойға жетелейді. Сол себепті біз экологиялық мәдениет турасында эколог мамандардың пікірін білген едік. Қоғам арасында оны қалыптастыру үшін қандай шаралар атқарған жөн?
Мұсағали ДУАМБЕКОВ,
Халықаралық экология академиясының президенті,
профессор:
– Қалдықтардың жай-күйі белгілі. Ең қорқыныштысы – радиактивті қоқыстың көбейгені. Өзендерді ойлайтын кәсіпорын жоқ. Кез келген кәсіпорын қалдығын өңдейтін зауыт салуы тиіс. Бірақ оған қыруар қаржы керек. Сондықтан оларға зауыт салғанша, өзендерді ластағаны үшін айыппұл төлегені арзанға түседі. Бұл бірінші кезек басшының экологиялық мәдениеті төмен деген сөз. 2007 жылы 11 қаңтарда қабылданған Экологиялық кодекс кәсіпорындарға жеңілдік болды. 2017 жылы осы кодекске 63 толықтыру енгіздік. Қазір заң жобасы әзірленіп жатыр. Егер қабылданса кәсіпорындарға айыппұл 10 есе көбейеді. Басшысына бөлек айыппұл салынады. Осыдан кейін олар ойлануы тиіс.
Экологиялық мәдениет бала кезден қалыптасқаны жөн. Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, Оңтүстік Кореяда балаларға сабаққа барып-қайту үшін арқасына сыпырғы мен қалақ байлап қояды екен. Жол жөнекей қоқыс көрсе тазалауға міндетті. Германия мамандарымен кездескенде олар ересектерге қоқыс сұрыптауды үйрету қиын болғанын айтты. Ол үшін мынандай амал қолданған. Қоқыс жәшіктерінің жанына бейнекамера қойып, ереже бұзғандарға айыппұл салыпты. Сұрыпталмаған қоқысты көліктер алмай кеткен. Ақыры жағымсыз иістен кейін тұрғындар 2-3 есе көп қаржыға көлік жалдап, өздері тазалайтын болған екен. Сондықтан бұл әдістердің бәрін сүзгіден өткізіп, бізге де енгізге бастаған жөн.
Бағлан МАХАМЕДОВА,
Қазақ Ұлттық аграрлық университеті,
Экология кафедрасының профессоры:
– Қазіргі экологиялық ахуал тағамға, табиғатқа залалын тигізіп отыр. Қоқысты өңдеу жайлы жиі айтылып жатыр, бірақ экологиялық мәдениет қалыптаспаған соң мәселе шешіле қоймады. Тіршілік бар жерде қоқыс болатыны сөзсіз. Бірақ сол қоқысты сұрыптай алмаған қиын. Қорыта айтқанда тәрбиенің негізі мен мектеп қабырғасында қоршаған ортаны қорғау жайлы үйрете бастағаны жөн. Бұл істі Білім және ғылым министрлігі қолға алуы тиіс. Бірақ Тәуелсіздіктен кейін экологияның күрделі мәселеге айналарын білген жоқпыз. Мысалы, пандемия кезінде Алматының өзгергенін көрдік. Экологтарды таңғалғаны жасырын емес. Экологиялық мәдениетті айтар алдында, елдегі экологтардың біліктілігі қай деңгейде деген сұрақ тағы туындайды. Әуелі осыны нақтылап алғанымыз жөн. Бұл енді тағы бір бөлек тақырыптың тиегін ағытады.
Мадияр ТӨЛЕУ