«Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп, көмек сұраған азаматтардың мәселесі көп өтпей шешімін тапты. Талап-тілегі орындалған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Осы орайда, біз қоғамдық қабылдау арқылы қуанышқа кенелген бірқатар тұрғындар жайлы сөз етпекпіз.
Анаға қамқорлық жасады
Жуырда «Nur Otan» партиясының Созақ аудандық филиалына көмек сұрап барған көпбалалы ана Баян Нұрмағанбетованың мәселесі оңынан шешілді. Алты баланың анасы қабылдау барысында төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалғанын, соның салдарынан жалдамалы пәтердің ақысын төлей алмай отырғанын айтты. Ол сондай-ақ әңгіме арасында 15 жыл отасқан отағасымен қазіргі кезде екі бөлек тұратынын, бұрынғы күйеуінің ақша табуға Ресейге кеткенін, балаларына алимент төлеуден жалтарғанын тілге тиек етті. Өз кезегінде партиялықтар демеуші қарастырып көпбалалы ананың басындағы баспана мәселесін шешуге, үйлі болуға көмектесетінін жеткізді. Созақ аудандық мәслихатының депутаты Берік Тұрғанбаев және ауылдық округтің әкімі Батырхан Аяпов 1983 жылғы ауыл мектебінің түлектері жиналысында көпбалалы ананың мәселесін айтып, жәрдемдесуді сұрады. Жиынға қатысқандардың барлығы бірауыздан көмек қолдарын созып, аз уақыттың ішінде үй салып берді. Баспаналы болған алты баланың анасы Баян Нұрмағамбетова партиялықтар мен ауыл тұрғындарына ризашылығын білдірді.Арсенге жаңа арба сыйлады
Бұдан біраз уақыт бұрын Павлодар қаласының тұрғыны Арсен Сейпышев «Nur Otan» партиясы Павлодар қалалық филиалының ұйымдастырған қоғамдық қабылдауына қатысып, онда партиялықтардан мүгедектер арбасын сатып алуға көмек көрсетуді сұраған. Өтініш партияның Павлодар қалалық филиалында қаралып, 2020 жылдың 28 мамырында өтініш иесіне мүгедектер арбасы табысталды. Сонымен қатар Арсен Birgemiz қайырымдылық қорынан 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек алды.Ойын алаңы салынады
Көпбалалы ана, ІІІ топтағы мүгедек Жеңісгүл Ермұхамет «Nur Otan» партиясының астаналық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесімен байланысқа шықты. Ол өзі тұратын ауданындағы көшелердің біріне балалар алаңын орнату жөнінде ұсыныс білдірді. Есіл ауданының әкімі, партияның аумақтық филиалының төрағасы Б.Жакенов тұрғынның тамаша ұсынысына қолдау танытты. Қазіргі уақытта Сарытоғай көшесі мен Пригородный бау-бақша қоғамы арасында ойын алаңын салу жұмыстары жүргізілуде. Ойын алаңына әдемі аттракциондар, әткеншектер мен түрлі спорттық құрылғылар орнатылып жатыр. Өтінішін аяқсыз қалдырмай, мәселені шешуге атсалысқаны үшін партия мүшелеріне Жеңісгүл Ермұхамет алғысын айтты.Болатбек баспаналы болды
«Nur Otan» партиясының Мағжан Жұмабаев аудандық филиалына ІІІ топтағы мүгедек Болтабек Абдрахманов үлкен өтінішпен хабарласты. Отбасымен бірге апатты жағдайдағы үйде тұратынын айтқан ол таяудағы су тасқынынан кейін баспаналарының көп бөлігі жарамсыз болып қалғанын жеткізді. Басқа тұрғын үй сатып алуға жағдайларының болмай отырғанын, осы ретте партиялықтардан қандай да бір қолдау күтетінін жасырмады. Nur Otan партиясы Мағжан Жұмабаев аудандық филиалының төрағасы Қайрат Омаров көмекке зәру тұрғынға жәрдемдесу жөнінде партия филиалының қызметкерлеріне арнайы тапсырма беріп, Болатбекті Булаево қалалық әкімшілігінің тұрғын үй қоры арқылы пәтермен қамтамасыз ету туралы шешім қабылдады. Баспанаға қол жеткізген Абдрахмановтар отбасы мәселені жедел шешкені үшін партиялықтарға алғысын жаудырды.Әбілмансұр ЖАСАН