Ұжымдық шарт жасағанның ұтары көп

Ұжымдық шарт жасағанның ұтары көп

Бүгінгі таңда жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы байланысты тереңдетіп, еңбек жағдайын жасау, қауіпсіздік техникасын сақтау, әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді ұсыну сияқты еңбек қатынастарын реттеудегі басты құжат – ұжымдық шарт. Кәсіподақ мүшесінің заңды құқы мен әлеуметтік мүддесі Еңбек кодексін басшылыққа алған ұжымдық шарт негізінде қорғалып келеді.

Әдетте жалақыны кешіктіру, қыз­меткерлер құқын бұзу, олардың арыз-шағымын елемеу сияқты әлеуметтік шиеленістер кәсіподақ ұйымы жоқ еңбек ұжымында туындайды. Ал кәс­іп­о­дақ ұйымы бар ұжымда олардың бас­шы­лары тарапынан еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды сақтау, зейнетақы қорына тиісті төлемді уақытында аудару, қызметкерлерге әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер ұсыну, қолайлы еңбек жағдайын жасау жолға қойылған.

Батыс Қазақстан облысы бойынша еңбек инспекциясының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда өңірде 1 542 ұжымдық шарт тіркелген. Бұл – қызмет атқаратын шаруашылық субъектілері санының 24 пайызы. Ұжымдық шартпен 130 мыңнан астам адам қамтылған немесе барлық қызметкердің 55,6 пайы­зы (Облыстық статистика департа­мен­тінің мәліметі бойынша мекемелер мен кәсіпорындардағы қызметкерлер саны – 234 442 адам).

Облыс кәсіподақтары ұжымдық шарттың санын арттыру бағытындағы жұмыспен қатар, аталған құжаттың са­пасын жақсарту, оған әлеуметтік бағыт беру, жұмысшы кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау мә­селесіне, тараптардың ұжымдық шарт бойынша міндеттемелерді орындауын бақылауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударамыз. Мәселен, «Қарашы­ғанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің 2019-2021 жылға арналған Ұжымдық шарты 2019 жылдың қаң­тарынан қолданысқа енді. Ұжымдық шарт қолданыста болған әлеуметтік пакетті және қызметкерлердің әл-ау­қатын жақсарту бағытында жетілдіріліп қабылданды. Ұжымдық шартқа сәйкес, әр жыл сайын 1 қаңтардан бастап бар­лық жұмысшының жалақысын ресми құнсыздану деңгейінен төмен емес деңгейде индекстеуді жүргізу шарты алдағы мерзімге де сақталды, қосымша жалпы индекстеуден бөлек барлық жұ­мысшының жалақысын 2019 жылы – 2,0%, 2020 жылы – 1,0%, 2021 жылы 0,5% ұлғайту, жұмысқа қабылдау кезінде жалақы деңгейін 170 000 теңгеден төмен емес деңгейде белгілеу де осы ұжымдық шарттың еңбек адамының жағдайын жақ­сартуда жылдар бойына жасалып отырған оң үрдістердің жалғасы деуге болады.

Ұжымдағы әлеуметтік тұрақты­лық­тың кепілі ұжымдық шарттың болуы де­сек, қателеспейміз, осы тұрғыда об­лыс­тағы ірі стратегиялық нысан­дардың ішіндегі әрқайсы құрамына 1 000-ға жуық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық саласының қызметкер­лерін біріктіретін жергілікті кәсіп­одақтар «ЖайықЖылуҚуат» жұмыс­шыларының жергілікті кәсіподағы және Орал қаласы бойынша Су арнасының жер­гілікті кәсіподағы биыл 2019-2021 жыл­­дарға арналған ұжымдық шартты қабылдады. Аталған кәсіподақ ұйым­дары да ұжымдық шарттарында қам­тылған қолданыстағы қызметкерлерінің мүддесі үшін жасалған әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді сақтап қоймай, жақсартып, жетілдіріп келеді. Оған дәлел ретінде ұжымдық шарт бойынша жылдар бойы сақталып келе жатқан қызметтік көліктің ұсынылуы, яғни қызметкерлер таңмен үйінен жұмыс орнына, ал жұмыстан соң үйіне жеткізілуі, қызметкерлерге ыңғайлы болуы үшін жеңілдетілген бағаға өндірістік асхана ұйымдастырылуы, жыл сайын емдік жәрдемақы төлемі, қызметкерлердің балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру аясында қалалық жазғы демалыс лагерьлеріне жолдаманың 70% және республикалық жазғы демалыс лагерьлеріне 50% тө­лемі сияқты шаралар ұжымдағы әлеуметтік тұрақтылыққа септігін тигізіп отыр.

Соған қарамастан, ұжымдық шарт­та жұмысшылар мүддесін ескермеу де­ректері де бар. Мысалы, Батыс Қа­зақстан облысы бойынша еңбек инс­пекциясы облыста жасалған ұжымдық шарттарға мониторинг жүргізді. Мо­ниторингке ұсынылған 189 ұжымдық шарттың 51-і қызметкерлер жағдайын нашарлататын баптарға байланысты кері қайтарылған. Өйткені жалақы төлеу күні Еңбек кодексінде белгі­ленген күннен кейін қойылған. Штат қыс­қартылған уақытта еңбек шартын бұзатыны туралы қызметкерге жазбаша ескерту беру мерзімі өте аз қойылған. Жұмысшыларға (қызметкерлерге) лауазымдық нұсқаулықта көрсетіл­меген міндеттерді жүктеуге жұмыс беруге құқық берілген. Кәсіподақ мүшесі емес жұмысшының (қызмет­кердің) жалақы­сынан кәсіподақ шотына 1 (бір) % ұс­тауға рұқсат етілген. Әсіресе, соңғы екі жағдай облыстағы білім беру ұйымдары ұсынған ұжымдық шартта жиі кезде­сетіні алаңдатады.

Әрине, ұжымдық шарттың сапасын арттыруда оң үдерістер де кездеседі. Осы бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасын табады. Ал қызметкерлердің еңбек құқын бұзу, еңбек жағдайын жасауда кемшілікке ұрыну, еңбек қатынасында заңсыздыққа жол беру сияқты кері үдерістің қалыптасуы кәсіподақ ұйымы жоқ ұжымдарда белең алып отыр. Кәсіподақ ұйымы мен ұжымдық шарты жоқ ондай ұйымдарда әлеуметтік тұрақсыздық, кадр тапшы­лығы, өндіріс өнімділігі төмендеуі қоғамдағы тұрақсыздықты тудырады.

Тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйіні, әр ұжым кәсіподақ ұйымын құруға мүдделі болуы қажет, ал кәсіподақ ұйымы тұрақтылықтың кепілі ретінде ұжымдық шарттың жасалуына баста­машы болсын.

 

Амангелді ТАСПИХОВ,

БҚО Кәсіподақтар орталығының төрағасы