Арыс: әрбір сектордың жұмысы жіті қадағалауда
Арыс:  әрбір сектордың жұмысы жіті қадағалауда
5,205
оқылды

Арыс қаласындағы жөндеуді қажет ететін үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша әрбір штаб онлайн жүйеде есеп беріп отыратын болды. Облыс басшысы Ө.Шөкеевтің тапсырмасы осындай. Әкім сондай-ақ құрылыс жұмыстары сапалы әрі уақытында атқарылуы керегін де шегелеп айтты.

Облыс әкімі Өмірзақ Естай­ұ­­лы Арыс қаласындағы құры­лыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатқан секторлардың жұмысы­мен танысты. Ол әрбір облыс құры­лыс жүргізіп жатқан тұр­ғын үйлерді аралады. Өңір бас­шы­сы әуелі Жамбыл облысы штабына аялдап, жұмысшы топпен кездесті. Облыс әкімі жөндеу жұмыстары бойынша әрбір штаб онлайн жүйеде есеп беріп отыру қажет екенін айтты.

Кейін Жамбыл облысына қарасты 3-сектордағы жөндеу­ден өтіп жатқан жеке тұрғын үйлерді көрді. Тұрғындармен кездескен Өмірзақ Естайұлы бар­лық құрылыс-жөндеу жұ­мыс­тары 1 айда аяқталып, қала жаңа кейіпке енетінін жеткізді.

Айта кетерлігі, Арыс қала­сы­ның аумағы 17 секторға бө­лін­­ген. Оның ішінде, Жам­был облысына 11 көшеде орналас­қан 327 жеке тұрғын үйді қал­пы­на келтіру жұмыстары жүк­тел­ген. Бұдан бөлек, 14 әлеу­мет­тік және коммерциялық ны­сан­дар бар. Қазіргі таңда жам­былдық құрылысшылар мен еріктілер өз аумағындағы үй­лерді қалпына келтіру жұмы­сына белсене кіріскен. Соның нәтижесінде, 5 жеке тұр­ғын үйдің жөндеу жұмыс­тары толық аяқталып отыр. Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша жам­былдық 16 құрылыс компа­ния­сының 180 құрылы­с­шысы жұмыл­­дырылған. Олар қазіргі таңда 43 тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарын қызу атқаруда.

Сонымен қатар облыс әкімі Атырау облысына қарасты 1-сек­тордың жұмысымен та­ныс­­ты. Атыраулық аймаққа 450 нысан қарайды. Батыстық 9 ком­паниядан 200-ге жуық жұ­мыс­­шы жөндеу жұмыстарына бел­сене кіріскен. Өмірзақ Шөкеев құры­лыс жұмыстарын уақы­тында сапалы етіп аяқтау­ды тапсырды.

Түркістан облысы