Шығыстағы Зайсан ауданы Қаратал ауылына қарасты Жіңішкесу елді мекенінен орта ғасырлық қағанаттарға тиесілі қалашықтардың орны табылды. Бұл туралы елімізге белгілі Шілікті ауылынан Қазақстандағы үшінші «Алтын адамды» тапқан археолог Әбдеш Төлеубай мәлімдеді.
Жіңішкесу елді мекеніндегі жазықтағы үлкенді-кішілі төмпешіктер қалалардың орны деп болжануда. Бүгіні таңда осы мекенде орта ғасырлық кезеңге тиесілі қыш ыдыстардың сынықтары көптеп табылуда. Құрылысқа пайдаланған шақпақ тастар, мыс ыдыстардың сынығы, мыс пышақ, тастан ойылып шебер жасалған әшекей бұйымның қалдықтары да табылып жатыр. Мұның барлығы құм үстінде, төмпешіктер маңынан кездесуде. Жергілікті журналист Еркебұлан Зағыпаровтың айтуынша, осы маңда қағанаттар тұсында тұтынған қыш ыдыстарды жасайтын балшықтар әлі де бар. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болса, археологтың басшылығымен Зайсан өңірінде тағы бір тың жаңалыққа бастау болар қазба жұмыстары қарқын алмақ.
Ал археологтың өзіне хабарласқанымызда, әзірге нақты мына қала, мына қағанатқа тиесілі деуге әлі ерте екенін айтты.
– Қай кезең екені әлі анықталған жоқ. Мерзімдеуші материалдар шықса, қай кезеңге жататынын сонда айта аламыз. Бірақ ортағасырлық қала жұрты екені анық. 5 ғасыр мен 12 ғасырға дейінгі аралық болуы мүмкін. Қала жұрты Жіңішке өзенінің бойы мен Саржыра ауылының маңынан анықталды. Жіңішке өзенінің бойында жеке-жеке құрылыс ғимараттары көп. Үстін құм басып, биік төбелерге айналып кеткен. Олардың саны біршама. Осы жерден тым алыс емес, Саржыра деген жерден де қала жұрты табылған. Бұл – кәдімгі қорғанды-бекіністі қала. Оның маңайында әртүрлі құрылыстар бар. Бұл нысандарды жақсылап зерттеу керек. Ерекше атап өтерлігі, бұл – әйгілі Жібек жолының кішігірім бір тармағы. Мен мұны бұрыннан айтып жүрмін. Негізгі жол Жоңғар қақпасына қарай кетеді. Яғни, Жетісудан басталады. Екінші бір тармағы Тарбағатайды бөктерлеп, Ақсуат, одан ары
Зайсан, одан Жеменей, қара Ертістің бойымен Қытайға қарай өткен деп ойлаймын. Осы жолда қала жұрттары, қоныс орындары табылып жатыр, – деді археолог.
Археологтың айтуынша, екі қалашықтың орналасқан аралығы бір-біріне жақын. Шамамен 25-30 шақырым.
– Екі жерден де қыш құмыралардың сынықтары табылды. Бұл – тек жер үстіндегі материалдар. Енді қазба жұмыстарын бастаймыз. Барлығы сол кезде белгілі болады, – дейді Әбдеш Төлеубаев.
Дәурен Аллабергенұлы,
Шығыс Қазақстан облысы