17 мамандық бойынша ақысыз кәсіптік білім беріледі
17 мамандық бойынша ақысыз кәсіптік білім беріледі
© сурет интернеттен алынды
222
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы бойынша 7 600 адамды жұмысқа орналастырады. Бұл туралы орталық басшысы Бақытбек Қабжанов айтты.
«Жобаны жүзеге асыру барысында жұмыссыз жастарға басымдық беріледі. Бүгінге дейін 2 410 адам жұмысқа орналастырылды. Бағдарламаға қатысу үшін жұмыссыз жүрген адамдар Нұр-Сұлтан қаласының халықты жұмыспен қамту орталығына онлайн немесе офлайн режимде өтінім беруі керек», – деді Бақытбек Қабжанов.
Оның сөзінше, 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 213 адам жастар тәжірибесінен өтіп жатыр.
«1 100 адам қоғамдық жұмысқа жұмылдырылды. Әлеуметтік қызметке 100 адам тартылды», – деді Нұр-Сұлтан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы.
Бақытбек Қабжановтың айтуынша, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқа мерзімде кәсіптік оқыту  мәселесі де күн тәртібінде тұр.
«Жұмыс берушінің сұранысы бойынша 3-6 ай аралығында ақысыз кәсіптік оқыту арқылы нарыққа қажетті маман даярлаймыз. Күні бүгінге дейін 17 мамандық нақтыланып, бекітілді. Білім алып жатқан жұмыссыздарға ай сайын үкіметтен 17 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді", - деді ол.