Арыс: тағы жарылыс, бірақ алаңдауға негіз жоқ
Арыс: тағы жарылыс, бірақ алаңдауға негіз жоқ
5,156
оқылды

Бүгін Арыстағы әскери арсеналға іргелес аумақта оқ-дәрі жарылып, нәтижесінде өрт шықты. Тілсіз жау әскери өрт сөндірушілер күшімен сөндірілді. Жапа шеккендер жоқ. Бұл туралы Арыс қаласында өткен брифингте ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев айтып өтті.

Аталған өрт ҚР Қорғаныс министрлігі инженерлік-саперлік бөлімшелерінің оқ-дәрілердің фрагменттерін жинау бойынша жұмыстары барысында болған. Алайда, өрт ошағы әскери өрт сөндірушілер күшімен сөндірілді. Жапа шеккендер жоқ.

– Алаңдауға негіз жоқ. Территорияны тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Қауіпсіздікті сақтау тұрғысында барлық шаралар жасалуда. Әскери өрт сөндірушілердің күшімен өрт ошағы сөндірілді, – деді Бақыт Құрманбаев.

Сондай-ақ, Бақыт Жанұзақұлы жергілікті тұрғындарды алаңдамауға шақырды.

Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов қаладағы төтенше жағдайдың тұрақты екенін айтты.

– Арыс қаласында өрт қауіпсіздігі бойынша жағдай қалыпты. Азамат қорғау органдары қызметкерлінен 80 адам, 21 техника жұмыс істеуде. 9 өрт сөндіру автокөлігі мен 45 өрт сөндіруші Қорғаныс министрлігінің қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс атқаруда, – дейді Н. Жүнісов.

Облыстық аурухананың бас дәрігері Марат Пашимов 17 аумаққа бөлінген арыс қаласында жедел-жәрдем қызметі жүйелі жұмыс жасап жатқандығын жеткізді.

Брифинг барысында мамандар көшелерден, үйлерден оқ-дәрі қалдықтары табылған жағдайда қолмен ұстауға болмайтындығы ескертіп, бірден 102 немесе 119 нөмеріне хабарласу қажеттігін айтты.