Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова коронавирус симптоммен өтіп жатқан науқастардан қауіп қай кезде жоғары болатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Коронавирус пайда болғанда, инфекцияның қалай таралатынын, қаншалықты жұқпалы екенін, қалай емдеу керектігін ешкім білген жоқ. Бұл тәжірибенің барлығы жинақталды. 18 млн халыққа шамамен 1 млн тест жасалды. Тест жүргізілетін топтарды үнемі кеңейтіп отырдық. Бұл, симптомсыз науқастарды анықтауға көмектесті. Тіпті симптомсыз науқастар саны көбейіп, 80% жетті. Әлемнің көптеген елдері мұндай тестілеуді әлі жүргізген жоқ», - деді Бас санитарлық дәрігер Facebook-те өткен онлайн-брифингте. Сонымен бірге, спикер симптомды науқастар 11-күннен кейін айналаға қауіпсіз болатынын жеткізді. «Симптомсыз науқастарды анықтау арқылы инфекцияның қоғамға қалай таралатынын бағаладық. Жинақталған тәжірибелер науқастар ауру белгілері байқалғанша – алғашқы екі күн, байқалған соң 7 күн аралығында айналасына қауіп тудыратынын көрсетті. Яғни, 11-күннен кейін айналаға қауіп азаяды. Бұл жерде тест оң нәтиже көрсетуі де мүмкін», - деді А. Есмағамбетова. Бұған дейін А. Есмағамбетова жұмыс берушілерге ПТР-тестілеудің нәтижесі туралы анықтаманы талап ету міндеттелмегенін айтқан еді.