Төртінші зауыт: үміт пен күдік
Төртінші зауыт: үміт пен күдік
275
оқылды
Жуырда бұл ақпаратты облыстық Инвестиция және экспорт басқармасы таратты. Қазір құрылыс жұ­мыстары қарқынды жүріп жатыр. Жоспар бойынша кәсіп­орын 2020 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады. Жобаның құны – 114 млрд теңге. Сонымен, Қазақстанға тағы бір мұнай өңдеу зауыты қажет пе? Экономикалық тұрғыдан тиімді ме? Жалпы, төртінші мұнай өңдеу зауытын салу туралы әңгіменің тарихы 2014 жылдан басталады. Ол кезде таңдау Ақтауға түскен-ді. Бұл идеяны жақтаушылар Ақ­таудың шикізат қорына жақын ор­наласқанын, Маңғыстау мен Түркіменстан арасындағы те­міржол арқылы Парсы шығана­ғына, Ақтау, Құрық теңіз порттары арқылы Кавказға, Ресей мен Еуропаға өнімді оңай экспорттауға болатынын алға тартқан. Мұның бәрі кейін жүзеге аспай, сөз жүзінде қалды. Кейін Үкімет назары Түркістан облысына ойысты. Әрине, өндіріс ошақтары молынан өркен жайса, облысқа орасан инвестиция құйылып, өңір гүлденер еді. Бірақ Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың пі­кірінше, дәл қазір мұндай типтегі жаңа кәсіпорынның қажеті шамалы. – Байырғы 3 мұнай өңдеу зауыты Қазақстан сұранысын толыққанды қамтамасыз етіп тұр. Оның сыртында Қырғыз­ Республикасы мен Өзбекстанға дайын өнімді сатып отырмыз. Дайын өнім жал­пы өндірілгелі отырған мұ­най мөлшерінен көп бола қой­маған күннің өзінде де Қазақстан сияқты дамушы мемлекетке 3 зауыт жеткілікті. Мұнай өнім­де­ріне сұраныс төмендеген бүгінгі кезеңде бұл қаншалықты тиімді болатыны түсініксіз, – дейді сарапшы. Ал GSB UIB директорының орынбасары Мақсат Халық жаңа зауыттың экономикалық тиім­ділігі жұмыс істейтін бағытына байланысты деп пайымдайды. – Естуімше, бұл технология­лық зауыт болады. Тек жанар-жағармаймен шектелмей, бөл­шектеп өңдеу негізінде өте көп дүние шығаруды жолға қоятын сияқты. Егер қосымша өнімдер шығаратын кәсіпорынға ай­налса, төртінші зауыттың ашы­луы – құптарлық іс. Өйткені бизнестің бәсекеге қабілетін арттырып, ішкі нарықты қамта­масыз етуге, импортты алмас­тыратын отандық тауарлардың пайда болуына септігін тигізеді. Егер бұрынғы мұнай зауыт­та­рының жасағанын қайталаса, төртіншісі – артық, – дейді эко­номист. Рашид Жақсылықовтың ойы да осымен үндеседі. Жаңа зауыт Қазақстанға сырттан әкелінетін авиакеросин шығарса, жоғары деңгейлі АИ-95, АИ-98 бензинін өндірсе, сапалы жанар-жағармай оңтүстік өңірді толықтай қам­тып, Қырғызстан мен Өзбек­станға экспортталса, қол соғып қолдайтын зауыт болар еді. Ал 3 зауыттан бәлендей айырмасы болмаса, өз-өзін қаншалықты ақтайды деген сұрақ туындайды. Сондай-ақ жаңа зауытқа шикізат керек. Біз оны қайдан аламыз? Жұмыс істеп тұрған зауыттардың өзі шикізаттың тапшылығын жиі сезінеді.   mynai – Шымкентке көбінесе Қы­зылорда мен Ақтөбенің мұнайы жеткізіледі. Бірақ Қызылорда об­лысында мұнай өндірісі жыл­дан-жылға түсіп барады. Мы­салы, 2016 жылы Қызылордада 9-10 млн тонна мұнай өндірілсе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 4-5 млнға төмендеген және уақыт өткен сайын азая беретіні айдан анық. Сондықтан мен төртінші зауытты мемлекетке пайдалы жо­ба ретінде қарастырмай­мын, – дейді Рашид Жақсылықов. Жаңа зауыттың салынуын Түркістан облысының өз алдына отау тігуімен де байланыстырсақ, қатты қателеспейміз. Себебі әр облыстың өзінің экономикалық жүйе құраушы салалары болуы тиіс. Алайда... – Оның орнына мақтаны терең өңдейтін зауыт тұрғызса ғой. Бізде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Күні кеше қан­шама қырыққабатты ысырап етіп, далада шіріттік. Президент те «Бақшадан дүкен сөресіне дейін» деген үндеу тастады. Ше­неуніктер облыс халқын асырай­мыз десе, осы бағытты қолға алғаны жөн еді. Өз аумағында мұнайы жоқ өңірге мұнай өңдеу зауытын салу – қисынсыз әңгі­ме, – дейді Рашид Жақсылықов. Әйтсе де, дәл осы арада ма­ман­ның пікіріне қарсы уәж кел­тіруге хақылымыз. Былтыр Түр­кістан облысының Бәйдібек ауданынан мұнай табылды деген ақпарат шықты. Геологтар таулы өңірде түрлі-түсті металл іздеп жүріп, аяқ астынан «қара алтын­ның» үстінен түскен. Бұрғылау кезінде 300 метр тереңдіктен қоңырқай қабыршақтар бөлініп шыққан. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Санжар Жаркешов бұл жаңалық зор мүмкіндікке жол ашады деп сүйінші сұраған. Айтпақшы, зауыттың өнді­ріс­тік қуаты жылына 1 млн тоннадан асады. 400 жұмыс орны ашылады деп күтіледі. Алпауыт 3 зауытпен салыстырғанда бұл теңіздегі тамшыдай ғана. Ол 3 зауытты мемлекет 20 жыл бойы күрделі технологиялық жаңғыр­тудан өткізді. Жаңғыртудың бәрі инвесторлардың қара­жа­ты­мен жасалды. Ендігі міндет – сол инвесторлардың қарызын қайтару. – Бәсекелес қылып тағы бір зауыт ашсақ, әлгі 3 зауыт қа­рыз­дан қаншалықты жылдам құ­тылады? – деп қынжылады Ра­шид Жақсылықов. Төртінші зауыт салынса, бензин арзандай ма? Көпшілікті толғандырған басты сауал – осы. Сарапшылар ондай майшелпекке күмәнмен қарайды. Неге десеңіз, 2025 жылы Еуразиялық эконо­микалық одақ аясында бірыңғай энергетикалық нарық құрылады. Бұл мұнай-газ және мұнай өнім­дерінің бағасын теңестіреді. Яғни, халықтың қалтасына түсе­тін зіл батпан салмақ ауырламаса, жеңілдемейді. Бүгінде Қазақстанда тіркел­ген автокөліктер саны 8 мил­лионға таяпты. Олардың 2015 жылдан бері қарай шыққан­дарына Еуро-4 стандартына сай жанар-жа­ғармай керек. Біздегі зауыттар Еуро-2 санатына жататын өнім өндіреді. Ресейде­гі мұнай өңдеу зауыттарының басым көпшілігі 2015 жылдан бастап Еуро-4 стан­дартына сай жанар-жағармайға көшкен. Яғни, төртінші МӨЗ-дің тех­нологиясын жаңа стан­дартқа бейімдеу керек деп са­най­­ды мамандар.  

Еркебұлан НҰРЕКЕШ