Жуырда бұл ақпаратты облыстық Инвестиция және экспорт басқармасы таратты. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жоспар бойынша кәсіпорын 2020 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады. Жобаның құны – 114 млрд теңге. Сонымен, Қазақстанға тағы бір мұнай өңдеу зауыты қажет пе? Экономикалық тұрғыдан тиімді ме?
Жалпы, төртінші мұнай өңдеу зауытын салу туралы әңгіменің тарихы 2014 жылдан басталады. Ол кезде таңдау Ақтауға түскен-ді. Бұл идеяны жақтаушылар Ақтаудың шикізат қорына жақын орналасқанын, Маңғыстау мен Түркіменстан арасындағы теміржол арқылы Парсы шығанағына, Ақтау, Құрық теңіз порттары арқылы Кавказға, Ресей мен Еуропаға өнімді оңай экспорттауға болатынын алға тартқан. Мұның бәрі кейін жүзеге аспай, сөз жүзінде қалды. Кейін Үкімет назары Түркістан облысына ойысты. Әрине, өндіріс ошақтары молынан өркен жайса, облысқа орасан инвестиция құйылып, өңір гүлденер еді. Бірақ Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың пікірінше, дәл қазір мұндай типтегі жаңа кәсіпорынның қажеті шамалы.
– Байырғы 3 мұнай өңдеу зауыты Қазақстан сұранысын толыққанды қамтамасыз етіп тұр. Оның сыртында Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанға дайын өнімді сатып отырмыз. Дайын өнім жалпы өндірілгелі отырған мұнай мөлшерінен көп бола қоймаған күннің өзінде де Қазақстан сияқты дамушы мемлекетке 3 зауыт жеткілікті. Мұнай өнімдеріне сұраныс төмендеген бүгінгі кезеңде бұл қаншалықты тиімді болатыны түсініксіз, – дейді сарапшы.
Ал GSB UIB директорының орынбасары Мақсат Халық жаңа зауыттың экономикалық тиімділігі жұмыс істейтін бағытына байланысты деп пайымдайды.
– Естуімше, бұл технологиялық зауыт болады. Тек жанар-жағармаймен шектелмей, бөлшектеп өңдеу негізінде өте көп дүние шығаруды жолға қоятын сияқты. Егер қосымша өнімдер шығаратын кәсіпорынға айналса, төртінші зауыттың ашылуы – құптарлық іс. Өйткені бизнестің бәсекеге қабілетін арттырып, ішкі нарықты қамтамасыз етуге, импортты алмастыратын отандық тауарлардың пайда болуына септігін тигізеді. Егер бұрынғы мұнай зауыттарының жасағанын қайталаса, төртіншісі – артық, – дейді экономист.
Рашид Жақсылықовтың ойы да осымен үндеседі. Жаңа зауыт Қазақстанға сырттан әкелінетін авиакеросин шығарса, жоғары деңгейлі АИ-95, АИ-98 бензинін өндірсе, сапалы жанар-жағармай оңтүстік өңірді толықтай қамтып, Қырғызстан мен Өзбекстанға экспортталса, қол соғып қолдайтын зауыт болар еді. Ал 3 зауыттан бәлендей айырмасы болмаса, өз-өзін қаншалықты ақтайды деген сұрақ туындайды. Сондай-ақ жаңа зауытқа шикізат керек. Біз оны қайдан аламыз? Жұмыс істеп тұрған зауыттардың өзі шикізаттың тапшылығын жиі сезінеді.
– Шымкентке көбінесе Қызылорда мен Ақтөбенің мұнайы жеткізіледі. Бірақ Қызылорда облысында мұнай өндірісі жылдан-жылға түсіп барады. Мысалы, 2016 жылы Қызылордада 9-10 млн тонна мұнай өндірілсе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 4-5 млнға төмендеген және уақыт өткен сайын азая беретіні айдан анық. Сондықтан мен төртінші зауытты мемлекетке пайдалы жоба ретінде қарастырмаймын, – дейді Рашид Жақсылықов.
Жаңа зауыттың салынуын Түркістан облысының өз алдына отау тігуімен де байланыстырсақ, қатты қателеспейміз. Себебі әр облыстың өзінің экономикалық жүйе құраушы салалары болуы тиіс. Алайда...
– Оның орнына мақтаны терең өңдейтін зауыт тұрғызса ғой. Бізде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Күні кеше қаншама қырыққабатты ысырап етіп, далада шіріттік. Президент те «Бақшадан дүкен сөресіне дейін» деген үндеу тастады. Шенеуніктер облыс халқын асыраймыз десе, осы бағытты қолға алғаны жөн еді. Өз аумағында мұнайы жоқ өңірге мұнай өңдеу зауытын салу – қисынсыз әңгіме, – дейді Рашид Жақсылықов.
Әйтсе де, дәл осы арада маманның пікіріне қарсы уәж келтіруге хақылымыз. Былтыр Түркістан облысының Бәйдібек ауданынан мұнай табылды деген ақпарат шықты. Геологтар таулы өңірде түрлі-түсті металл іздеп жүріп, аяқ астынан «қара алтынның» үстінен түскен. Бұрғылау кезінде 300 метр тереңдіктен қоңырқай қабыршақтар бөлініп шыққан. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Санжар Жаркешов бұл жаңалық зор мүмкіндікке жол ашады деп сүйінші сұраған.
Айтпақшы, зауыттың өндірістік қуаты жылына 1 млн тоннадан асады. 400 жұмыс орны ашылады деп күтіледі. Алпауыт 3 зауытпен салыстырғанда бұл теңіздегі тамшыдай ғана. Ол 3 зауытты мемлекет 20 жыл бойы күрделі технологиялық жаңғыртудан өткізді. Жаңғыртудың бәрі инвесторлардың қаражатымен жасалды. Ендігі міндет – сол инвесторлардың қарызын қайтару.
– Бәсекелес қылып тағы бір зауыт ашсақ, әлгі 3 зауыт қарыздан қаншалықты жылдам құтылады? – деп қынжылады Рашид Жақсылықов.
Төртінші зауыт салынса, бензин арзандай ма? Көпшілікті толғандырған басты сауал – осы. Сарапшылар ондай майшелпекке күмәнмен қарайды. Неге десеңіз, 2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірыңғай энергетикалық нарық құрылады. Бұл мұнай-газ және мұнай өнімдерінің бағасын теңестіреді. Яғни, халықтың қалтасына түсетін зіл батпан салмақ ауырламаса, жеңілдемейді.
Бүгінде Қазақстанда тіркелген автокөліктер саны 8 миллионға таяпты. Олардың 2015 жылдан бері қарай шыққандарына Еуро-4 стандартына сай жанар-жағармай керек. Біздегі зауыттар Еуро-2 санатына жататын өнім өндіреді. Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарының басым көпшілігі 2015 жылдан бастап Еуро-4 стандартына сай жанар-жағармайға көшкен. Яғни, төртінші МӨЗ-дің технологиясын жаңа стандартқа бейімдеу керек деп санайды мамандар.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ