Мұны Азаматтық авиация комитетінің басшысы Талғат Ластаев мәлімдеді. Ел Үкіметін бұған елорданың әуе қақпасының осындай таңбасын өзгертудегі жетістік жігерлендіріп отыр. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының үш әріпті коды «Целиноград» дегенді білдіретін TSE-ден NQZ-ға ауысты.
Осылайша, астана әуежайының кодын түзету бағытындағы ұзақ жылғы жұмыс ресми түрде өз мәресіне жетті. Енді NQZ жаңа коды 2020 жылғы 8 маусымнан бастап әлемдегі барлық брондау жүйелерінде, ұшаққа отырғызу талондарында, багаж биркаларында және ақпараттық таблода көрсетілетін болады.
«2014 жылдан бастап Қазақстан Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) тағайындаған ескі кодын өзгерту бойынша белсенді жұмыс жүргізді. IATA қағидаларына сәйкес, дүниежүзінде әуежайларға бір рет және тұрақты негізде код беріледі. Соған қарамастан қазақстандық тарап бұл бағытта оң нәтижелерге қол жеткізді: IATA өкілдері әуежайлардың кодын тағайындау және өзгерту бойынша өз тәсілдеріне өзгеріс енгізу жөнінде шешім қабылдады. Бұл өзгерістер 2019 жылғы 14 қазанда Польшаның Варшава қаласында IATA-ның барлық мүшесінің қатысуымен Жолаушылар тасымалы стандарттары (Passenger Standards Meeting) кездесуінде қолдау тапты» деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің аталған комитеті.
Нәтижесінде, 2020 жылдың 8 маусымынан бастап Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайына NQZ жаңа коды бекітілді. Ғаламтордағы кейбір пікір білдірушілер мұның Ресейдің Новокузнецк қаласы әуежайының кодына ұқсайтынына (NOZ) айтып жатты.
Айхан ШӘРІП