Республикалық апталықтың мақсаты – Тараз қаласы және Жамбыл, Байзақ аудандарының мемлекеттік қызметшілерге, мұғалімдерге, жастар мен оқушыларға, жалпы көпшілікке және республиканың әр өңірінен келген тіл мамандарына қазақ әліпбиінің маңызы мен жаңа емле-ережелерінің мазмұнын түсіндіру, ұлттық жазудың болашағы туралы ақпарат беру. Ақпараттық кездесулер, дәрістер мен семинарлар қоғамның әр түрлі әлеуметтік топтарын қамтиды.
Апталық 24-маусымда Тараз қаласында Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйіндегі ауқымды шарамен ашылады. Бұл шараға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар, әдіскерлер және көпшілік қауым қатысады. Мұнда мемлекеттік тілдің мәртебесі, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі сияқты іргелі мәселелер айтылады.
25-маусымда Аса кентінде және 27-маусымда Сарыкемер кентінде ақпараттық-насихат тобы мемлекеттік қызметшілерге, мұғалімдерге және аудан жұртшылығына қоғамдық дәрістер жүргізеді. 26-маусымда Тараз қаласында білім, денсаулық сақтау қызметкерлеріне, оқушыларға және этнос өкілдеріне «Қазақ тілінің дамуы – ұлттың дамуы» тақырыбында дәрістер ұйымдастырылады. Осындай дәріс 27-маусымда прокуратура қызметкерлеріне де жүргізіледі. Қоғамдық дәрістерде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жаңа әліпбиге көшу жұмыстарының барысы жөнінде жалпы көпшілікке толық мағлұматтар беріледі. 27-маусымда М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік және Тараз педагогикалық университеттерінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген ғалымдар республикадан шақырылған және жергілікті әдіскерлер мен мұғалімдерге жаңа әліпби, оның емле ережелері жөнінде әдістемелік семинарлар жүргізеді. 28-маусымда жаңа әліпбиге байланысты республикалық және өңірлік шараларды үйлестіру бойынша семинар-кеңес ұйымдастырылады.
Республикалық апталықтың жұмысын қорытындылау шарасы 28-маусымда өткізіледі. Мұнда үздік кабинет, маңдайша, сабақ, әдіскер номинациялары бойынша және апталықтың өтуіне атсалысқан қызметкерлерді марапаттау рәсімі болады.