Еуропада коронавирустың жайылуы саябырсыды, алайда әлемдегі ахуал көңіл көншітпейді. Бұл туралы дүйсенбі күні онлайн-брифинг барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус мәлімдеді. «ДДҰ келтірген деректерге сай, қазірге дейін 7 млн адамнан коронавирус анықталды және бұл індеттен 400 мың адам көз жұмған. Еуропада жағдай жақсара түскенімен, жаһандық деңгейде ахуал нашарлап барады», - деді Гебрейесус. Оның айтуынша, соңғы 9 күнде тәулік сайын КВИ анықталған адам саны 100 мыңнан асып түсіп отырған. Ал жексенбі күні, тіпті, бұл цифр 136 мыңға жеткен. «Кеше анықталған барлық ауру санының 75 пайызы 10 мемлекетке тиесілі, көбі — Америка және Оңтүстік Азия елдері», - дейді ДДҰ басшысы. Одан бөлек, спикер Африка елдерінде де жағдай мәз еместігін жеткізді. Және де Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінде індет көрсеткіші өсіп келе жатқанын айтты.