Шудың шөбіне «шалғы» түсті
Шудың шөбіне «шалғы» түсті
533
оқылды
Қара­сорасы қалың өсетін өңірді тіпті мұхиттың арғы бетіндегі Колумбия мемлекетінің өзі білетін көрінеді. Даңқы мен дақпырты осылайша жаһанға жайылған Шу ауданының 24 400 гектар жеріне жылда қара­сора шөбі өседі. Әсіресе, қара­сораның гүлдейтін ша­ғын­да мұнда заңсыз есірткі тасы­мал­даушылардың қа­расы ар­татыны анық. Әрине, есірткі саудасымен тәртіп сақшылары жан салып күресіп жатқанымен, бұл бизнестің түп-тамырына балта шабу қиын болып тұр. Сол себепті биыл Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев есірткімен күрес бағытында жаңа өңірлік бағдарламаны іске қосқан болатын. Нәти­жесінде, қазір Шудың шөбіне «шалғы» түсіп, қарасораны түп-тамырымен жою бағы­тында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.  

Қарасора қалай жойылып жатыр?

 Атап айтсақ, биыл Шудың анашасы үш бағыт бойынша жо­йылуда. Оның алғашқысы – шабу болса, екіншісі – жерді аудару, ал үшінші бағыт – арнайы дәрі арқылы улау. Жамбыл облыстық Полиция департаменті АЕҚҚІБ-нің бастығы, полиция майоры Дінмұхамбет Қойториевтің ай­туынша, үш бағыт бойынша да жұмыс сынама түрінде жүргізіліп жатыр екен. – Ең алдымен, біз қарасора шөбін шауып, 2 тоннаға жуық анашаны өртедік. Екінші әдіс ретінде анаша өсіп тұрған 40 гектар жерді аударып көрдік. Ал үшінші бағыт бойынша 5 гектар жерді «Ураган Форте 4» дәрісімен уладық. Қазір қайсысы тиімді екенін бақылап отырмыз. Қарасораны улау әдісі – өңір­де қолға алынып отырған жаңа жүйе. Бұл өте қымбат тұратын дәрі бол­ғанымен, бір қорабының өзін бірнеше гектарға пайдалануға болады. Ал нәтижесі көзге бірден көрінуде. Ең алдымен, дәрі ша­шыл­ған шөптің жапырағы сар­ғайып, одан кейін қарайып, со­сын ші­ріп кетуде. Өңірлік жоба облыс әкім­дігі, прокуратура және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жіті бақылауында тұрғандықтан, біз дәрілеу әдісін сынама түрінде қолданып, соңғы шешімді со­лардан күтіп отырмыз, – дейді Дінмұхамбет Лашынбайұлы. Негізі, өңірлік жобаны жү­зеге асырмай тұрып, 2020-2022 жылдарға арналған арнайы жос­пар жасалған. Ал жобаны жүзеге асырушы ретінде Жамбыл облы­сы әкімдігі, прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, По­лиция департаменті, орман шаруашылығы мекемелері және жергілікті билік өкілдері енгізілген. Міне, осы мамандардың күшімен қазір қарасора өсімдігі өсіп тұрған алқаптарда дәрілеу, өртеу және жер аудару жұмыстары жүріп жатыр. Улы қоспаны шашуға орман шаруашылығы мекемелерінің мамандары жұмылдырылса, өзге құзырлы органдар көлік, жанар-жағармай сынды қажетті материалдармен қамтамасыз етуде. Әрине, жұдырықша жұмылған мұндай жұмысты жұрт құп көретіні анық. Десе де, қарасорамен күрес бағытындағы жоғарыда аталған үш тәсілге қатысты туындайтын мәселелер де жоқ емес. Жарайды, есірткі шөбін шауып, оны өртеу байырдан бар нәрсе. Ал жерді аударудан келер пайда бар ма? Бұлай деуімізге өткен айда Меркі ауданында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте аудан басшысы Мейірхан Өмірбековтің айтқан сөзі себеп болуда. Мейірхан Азатұлы сол басқосуда жер жыртудың тиімсіздігін слайдтар арқылы көрсетіп, қопсытылған аумақта құрамында есірткісі бар шөптер тіпті қаулап өсе түсетінін алға тартқан болатын. Демек, қазір ауда­рылып тастаған 40 гектар жерден қайта қарасора өспейді деп ешкім кепілдік бере алмайтын секілді. Дәрілеу мәселесіне келсек, мұнда да көңілге күдік ұялататын дүние бар. Оның ең бастысы – аталған дәріден өзге өсімдіктер мен жан-жануар, түптеп келгенде жайылымда жүрген мал мен адам­дар жапа шекпей ме? – Бұл мәселені біз де ойладық. Сол себепті 5 гектар жерге сынама түрінде «Ураган Форте 4» дәрісін сеуіп отырмыз. Қазір облыс әкімі басшылық етіп отырған экологтер тобы препаратты жан-жақты зерттеуде. Солар бір байламын айтқаннан кейін барып жұмысты жалғастырамыз. Егер қоршаған ортаға зияны бары анықталса, онда басқа жолмен жүретін шығармыз. Алайда ор­ман шаруашылығы мекемесі ма­мандарының сөзіне сүйенсек, «Ураган Форте 4» дәрісі дәл осы өсімдік түрін жоюға арналған көрінеді. Енді оның анық-қанығын экологтер айтады, – дейді полиция майоры Дінмұхамбет Қойториев.   Shydin shobi  

Бұл қандай дәрі?

 Әрине, мұндай жағдайда «жеті өлшеп барып, бір кесу» қажеттігі түсінікті. Сондықтан эколог мамандар жіті зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқаны қос қолдап қолдауға тұрарлық. Десе де, біз де аталған дәріге зерт­теу жүр­гізіп көрген едік. Интер­нет бе­тін­дегі ақпаратқа сүйен­сек, «Ураган Форте» ауыл шаруа­шылығы саласындағы зиян­кес арам­шөптермен күресте байырдан қолданылып келе жат­қан дәрі екен. Жабайы өсімдік жапырағын жайып, гүлдей бас­та­ған тұста осы улы дәрі себі­летін көрінеді. Нәтижесінде, жа­пы­рақтары сарғайып, өсімдік қурап, өледі. Ресей мамандарының сөзіне сенсек, бұл улы қоспаның топырақтың құнарлығына келтірер еш кері әсері жоқ. Бір сепкен жер­ді қайта дәрілеудің қажеттілігі шамалы. Себебі химиялық қоспа арамшөпті түп-тамырымен жойып жібереді. Тағы бір дерек, «Ураган Форте» қоршаған ортаға, жан-жануарларға қоспа түрінде зиянсыз екен. Суға қосылған қоспа тиген жерді ғана улап, одан кейін ауамен араласып жойылып кетеді. Бірақ егер оны суға араластырмай қолданса, адамға да, басқаға да келер зияны бар. Сондықтан ресейлік мамандар «Ураган Форте» гербицидін балалардың қолы жетпейтін, үй жануарларынан аулақ жерде сақтауға кеңес береді. Облыс мамандары қолданып жатқан дәрі дәл осы ма, жоқ па, ол жағы әзірге анық айтылмауда. Экологтердің зерттеулерінің қорытындысы шыққан жоқ. Алайда әлемдік тәжірибеде қол­данылып жүрген бұл дәріден басқа препаратты отандық медицина ойлап таппаған шығар? Әрі біз айтып өткен «Ураган Форте» гербицидінің өсімдікке әсері Шу ауданында қолданылып жат­қан дәрімен ұқсас келеді. Демек, Шудың «шөбіне» осы дәрі себіліп жатыр деп байлам жасауға болатын секілді. Егер солай болса, оның қоршаған орта мен жан-жануарларға келтірер зияны жоқ екені қуантады. Десе де, бұл жөніндегі соңғы байламды құзырлы мекемеден күтейік.  

Өсімдікті өз пайдамызға жарататын кез жетті

Әрине, мұның бәрі ең бірінші ел келешегі мен заңсыз есірткі тасымалының жолын кесу үшін жасалып жатқаны белгілі. Алайда бұған шулықтар не дейді? – Қарасора – Шу ауданы үшін үлкен қасірет болып тұр. Тарих беттеріне көз салсақ, бұл шөпті ең әуелі соғыс жылдары тұсында Кеңес үкіметі кендір қурай ретінде өсірген екен. Одан совхоздар арқан жіп жасаған. Кейін 1958-1959 жылдары Қытайдан Шу ауданына ұйғырлар жер аударылып келіп жатқанда олар осы шөптің есірт­кілік қасиетін тапқан. Оған дейін бірде-бір қазақ оны білмеген. Негізі, бұл – жойылмайтын шөп. Қарасораны құрту үшін бұған дейін қанша әрекет жасалды. Өртеді де, аударды да. Алайда келер жылы одан да көп болып, қаптап шықты. Дәрілеп жатқан әдіске қатысты ештеңе айта алмаймын. Оны уақыт көрсете жатар. Бірақ біздің шулықтар бұл шөпті шеккеннен гөрі, сатамын деп көп бармақ тістеп жатыр. Жылына кем дегенде 3-4 адам абақтыға қамалуда. Егер осы жағынан тоқтам болса, биліктің қандай әрекетін болмаса да қолдауға болады, – дейді Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлы. Ардагер ұстаз Несіпхан Қоңырбаев болса, қарасораның тек қылмыстық жағын ғана емес, пайдалы тұсын да ойлау қажетін айтады. – Қарасора да Табиғат-Ананың жаратқан бір дүниесі. Сондықтан оған тек қылмыстық тұстан қарауға болмайды. Керісінше, бар нәрсені пайдаға жарату керек. Бір жылдары осы қарасораны өңдейтін өндіріс орнын Шу ауданынан ашу туралы бастама көтеріліп, бәріміз қуанып қалғанбыз. Сол кезде өлкеге келген ғалымдар шөптен 32 түрлі өнім жасауға болатынын анықтаған. Және қарасора медицинада таптырмас өсімдік ретінде бағаланған. Ал егер зауыт салынса, Шудағы қарасора 25 жылға шикізат ретінде жететіні айтылған еді. Алайда уақыт өте сол жоба – жоба күйі қалды. Егер осы еш күтімсіз өздігінен өсетін шөпті кәдеге жарататын жол табылса, бұл аудан үшін қосымша жұмыс орны болатыны анық. Тіпті, аймақ тұрғындары өздері қарасораны шауып, зауытқа өткізер еді. Алайда біз осы күнге дейін қарасораға тек қылмыстық жауапкершілік арқалайтын есірткі шөбі ретінде қарап келеміз. Бәлкім, қарасораны басқа мақсатқа пайдаланатын кез жеткен шығар, – дейді ақсақал.   Түйін:

 Біз бұл тұста біреудікі дұрыс, әлде бұрыс деуден аулақпыз. Алайда бір жылдары халық қалаулылары Шудың шөбін кәдеге жарату туралы бастама көтерген еді. Алайда кейін бұл жоба аяқсыз қалды.

 Қазір қарасораны жоюмен айналысып жатқан құзырлы ме­кемелер бұл мақсатқа нақты қанша қаржы бөлінетінін айта алмай отыр. Себебі олар әзірге улауды да, өртеуді де, жер аударуды да бел­гілі бір аумақтарға ғана сы­нама түрінде жүргізуде. Ал егер жоғарыда аталған үш тәсілдің бірі ғылыми әрі экологиялық тұрғыда тиімділігін дәлелдесе, онда тек Шу ауданында ғана емес, Мойынқұм, Қордай, Т.Рысқұлов және Меркі аудандарында да ауқымды жұмыс­тар басталмақ. Ал оған аз ақша кет­пейтіні айтпаса да белгілі. Осы тұста қыруар қаржы бөліп қарасорамен күрескенше, өздігінен өскен өсім­дікті өз пайдамызға жарататын жол­ды да қарап көру керек шығар деген ой қылаң береді. Енді оны облысқа жауапты мамандардың зердесіне қалдырдық.

 

 width=     Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы