Төрт-бес күннің ішінде 5 қылмыстық оқиға тіркелген. Әлеуметтік желілерде жарияланған осы бейнежазбаларға қатысты аталған өңірлердегі Полиция департаментінің баспасөз қызметі де арнайы мәлімдеме жасады.
Ең көп талқыға түскен оқиғалардың бірі Атырау облысында болды. Еркінқала ауылының тұрғыны Марғұлан есімді азаматтың иттің басын тоңазытқыштың есігіне қысып қорлағанын құтқарушы жігіт видеоға түсіріп алды. Кейін бұл бұзақылық желі арқылы тарап, көпшіліктің ашуын туғызды. Артынша итті қорлаған азамат оған көрсеткен озбырлығы үшін өкінетінін айтып, көпшіліктен видеоүндеу арқылы кешірім сұрады. Үндеуде ол бұл әрекетке баруының өзіндік себебі бар екенін де айтты.
– Осыдан үш-төрт күн бұрын үйге қызым келген еді, сол кезде итті шынжырынан босаттық. Ол жылыжайдағы ата-анам өсірген көкөністерді таптап, целлофанның бәрін тістелеп тастапты. Ашуға булығып мастықпен итімді жазаладым. Бірақ видеоға түсіріп тұрған адам мені тоқтатты. Ит қазір тірі, оны тексеру үшін ветеринарлар алып кетті. Барша қазақстандықтардан кешірім сұраймын. Бұл әрекетім үшін өкінемін, – деді ол.
«Мейірімді жүрек» клубы мүшелерінің дерегінше, дәрігерлер итті 2 рет сараптамадан өткізген. «Көз қарашығының реакциясы баяулаған. Бұл қылғындыру салдарынан болып отыр. Қазір ит өзін әлдеқайда жақсы сезінеді. Бірақ қатты күйзеліске ұшыраған. Басынан өткізген ауыр жағдайға қарамастан иттің адамдарға деген сенімі әлі де жоғалмапты. Оны «Лаки» деп атайтын болдық» деп жазды жануарларды қорғаушылар Facebook парақшасында.
Қазіргі кезде ит үй жануарларын бағатын питомник қызметкерлерінің қолында. Айтпақшы, сол күні әлеуметтік желіде Атыраудағы тағы бір ер адамның итке қатыгездік жасаған видеосы тарады. Онда қолында қаруы бар ер адамның көлікте отырып итті атқанын анық байқауға болады. Қылмыс жасаушының бұл әрекеті де желіде талқыға түсті. Полиция қызметкерлері ол азаматты да қолға түсірді. Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 316-бабы «Жануарларға қатыгездік жасау» бойынша екі азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл екі қылмыстық оқиғалардың артынша Петропавлда тағы бір итке қастандық жасалды. Қала тұрғыны ашумен итін төртінші қабаттан лақтырып жіберген. Оқиғаға куә болған тұрғындар бірден полиция шақырды. Келген полицейлер көпқабатты үйдің терезесінің астында шала-жансар күйде жатқан үй жануарын көрген. Бірақ ветеринарлар оны аман алып қала алмады. Ал жануарға қатыгездік көрсеткен әйелге 27 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
– Бұл факті Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Иттің иесі мас болғаны анықталды, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Еңбек Сембин.
«Үкім күшіне енген сәттен бастап бір ай ішінде айыппұл төленбеген жағдайда ол жаза қоғамдық жұмысқа тарту немесе қамауға алумен ауыстырылады» деп түсіндірді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бурабай ауданында да деструктивті діни ағым ұстанушы тіркелмеген тегіс ұңғылы 16 калибрлі мылтығымен көршісінің итін атып өлтірген. Оқиға Щучинск қаласында болды. Құқық қорғаушылар тергеу амалдары барысында итті екі мәрте атқанын анықтады. Сотта ер адам өз кінәсін толығымен мойындады. Сот оның өз ісіне өкінгенін ескеріп, қаруын тәркілеп, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды. Бұл шешімге жануарларды қорғаушылар наразылық білдіруде. Олар итті өлтірген адамның қамауға алынуын талап етіп отыр.
Осы оқиғалардың ізін ала Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты Қабанбай ауылында да екі баланың күшікті қапқа орап, тірідей өртеп жібергені хабарланды. Бұл жағдайдан кейін жануарлар әлемін қорғаумен айналысатын ұйым өкілдері құқық қорғау органдарына арыз жазып, жантүршігерлік әрекетке барған балаларды жауапқа тартуын сұрады. Алакөл аудандық полиция бөлімінің мамандары видеодағы жасөспірімдерді іздеу шараларын жүргізіп, оларды тез арада қолға түсірді.
– Қылмыс жасады деген күдікпен кәмелетке толмаған екі жасөспірім ұсталды. Олар 2004 жылы туған Ш. және 2005 жылы туған Д. есімді балалар. Жасөспірімдер шұғыл ұйымдастырылған тергеу жұмыстарының алғашқы сағаттарында-ақ анықталды. Өздерінің кінәларын толығымен мойындаған екі бала ауыр қылмысты қызық үшін жасағандарын жеткізді. Бұл – қылмыстық жауапкершілік көзделетін қаскөйлік жағдай, – деді Алматы облысы Алакөл ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қуат Оспанов.
Иә, шынында да, бұл итті азаптаудың алғашқы дерегі емес. Бұған дейін бірқатар аймақтарда осыған ұқсас оқиғалар тіркелді. Еліміз бойынша аяусыз азапталып, өлтіріліп жатқан жануарлар өте көп. Мұның бәрі жазаның жеңілдігінен туындап отыр. Осы жағдайдан кейін еліміздегі бір топ жануарларды қорғаушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдап, жануарларды қорғау туралы заң қабылдауын сұрамақшы екен. Хат тиісті жеріне жетіп, жаза қатайтылар болса, мұндай басбұзарлықтар да азаятын шығар.
Абылайхан ЖҰМАШ