Жауапкершілік, жауапкершілік және жауапкершілік
Жауапкершілік, жауапкершілік және жауапкершілік
184
оқылды
Білу, түсіну шарт емес деп, самарқаулық танытатындар да жоқ емес. Десе де, мұндай қасаң қағиданы бұзуға ал­ғаш­қылардың бірі болып «Nur Otan» мүмкіндік беріп отыр. Жақында ғана партия­ның Саяси кеңесі бекіткен, партияішілік іріктеуді өткізу ережесін жариялады. Бұған дейін «Nur Otan» пар­тиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жыл­дың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойған бо­латын. Осы маңызды құжаттардың мазмұнын бір ұғымға сыйдырсақ – жауапкершілік, жауапкершілік және жауапкершілік! Яғни, кан­дидаттардың іріктеуге қатысуы­нан бастап дербес жауапкершілігін іс жүзінде көрсетуі басты өлшем болмақ. Олардың қатарын та­лапқа сәйкес партия мүшелерімен бірге, мүше болып үлгермеген немесе әлі шешім қабылдай алмай жүрген елшіл азаматтар, мемлекет мүддесін ойлайтын жастар, Отанымыздың тағдырына бейжай қарай алмайтын қыз-келіншектер толықтыратын болады. Нұрсұлтан Әбішұлының: «Партиялық тізімдерге халықтың әртүрлі бөлігінің өкілдері, беделді, азаматтардың сеніміне ие болған отандастарымыз кіруі тиіс» деп атап көрсетуі – қоғамның саяси, әлеуметтік-мәдени дамуындағы жаңа белестерді аңғартса керек. Сондықтан үміткерлер тізіміне ену үшін әрбір азамат өз іскерлігін, қабілетін танытуы тиіс. Әрине, күресіп жетпеген жеңіс жеңіс емес. Оның үстіне, әлемдегі қазіргі ахуал қалыптасып қалған қағи­даларға қайта қараудың маңызын үйретіп жатыр. Алдағы уақытта да дүниенің бір орнында тұрмай­тынын ескерсек, халықаралық қатынастар да, мемлекеттердегі экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары да өзгеретін сыңайлы. Осындай күрделі кезеңде оңтайлы қадам жасап, іріктеудің ашық тәртібін қалың жұртқа жариялау – жетекші партия үшін жұмысты жандан­дыру ғана емес, депутаттық кор­пусты жаңа сапалық деңгейге көтерудің тиімді жолы болмақ. Бұл нұротандықтардың бел­сенділігін ғана оятып қоймайды, халықтық партия қатарына кірмеген азаматтармен қоян-қолтық жұмыс істеуіне жаңаша серпін береді. Әсіресе, праймеризді ұйым­дастырушылардың жауапкер­шілігі мен міндеттеріне қатысты бөлігі көптің көңілінен шықты. Нақтырақ айтсақ, партия филиал­дарының төрағалары, төраға­ларының бірінші орынбасарлары, ұйымдастыру комитеттерінің, есеп комиссияларының мүшелері Ережеге сәйкес праймеризді ұйымдастыру мен өткізуде партия Жарғысының 3.6. тармағында көзделген бұзушылықтарға: – партия беделін түсіретін әрекеттері (әрекетсіздігі) немесе партия мүддесіне залал келтіретін басқа да әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін; – партия Жарғысын, партия органдарының бағдарламалық құжаттарын, шешімдерін сақта­мағаны үшін, партия мүшесі Этика кодексінің 8, 9, 14, 17, 18-тармақтарын (партияның беделін түсіретін әрекеттер жасауға жол бермеу; партиялық тәртіпті сақтау, партиялық этика нормаларын бұзушылыққа жол бермеу; партиялық беделін қасақана мақсаттарда мүліктік немесе мүліктік емес пайда табу үшін пайдаланбау; іскерлік этикетті сақтау, өзінің партиялық беделін атап көрсетіп, жеке мақ­саттарда пайдаланбау; өзінің әрекеттерімен және шешім­дерімен партия атына сөз кел­тіруге себеп бермеу, өзінің атына айтылған конструктивті сынды, кемшіліктерді жою) сақтамағаны үшін дербес жауапты болады. Партия мүшесі өз атына негізсіз кінә тағылған жағдайда оны дәлелмен жоққа шығаратын тиісті ақпаратты жариялауы қажет. Тәртіптің аты – тәртіп. Белгі­ленген тәртіп пен ережені бұзғаны үшін партия мүшесіне «Nur Otan» қатарынан шығарылуға дейінгі қатаң шара қолданылады. Сондай-ақ заман талабына сай әрбір кандидаттың құқын қорғаудың тиімді тетіктері жан-жақты қарастырылып отыр. Халқымыз азаматтың қадір-қасиетін сипаттағанда, «маңдайы ашық» деп жатады. Тұңғыш Президент, «Nur Otan» көшбас­шысы бастамасымен күн тәртібіне қойылған праймериз партия мүшесінен маңдайының ашық, бағыты мен ісінің айқын болуын талап етеді. Әр нәрсені уақытында атқару – адамдық та, қызметтік те, қоғамдық та парыз екенін ұмыт­палық. Халық пен ел алдын­дағы жауапкершілік бәрімізден сөз бен істің бірлігін, бүгінгі сын-қатерге ақыл-парасатпен төтеп беруімізді күтеді.  

Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» фракциясының мүшесі