Білу, түсіну шарт емес деп, самарқаулық танытатындар да жоқ емес. Десе де, мұндай қасаң қағиданы бұзуға алғашқылардың бірі болып «Nur Otan» мүмкіндік беріп отыр. Жақында ғана партияның Саяси кеңесі бекіткен, партияішілік іріктеуді өткізу ережесін жариялады. Бұған дейін «Nur Otan» партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойған болатын. Осы маңызды құжаттардың мазмұнын бір ұғымға сыйдырсақ – жауапкершілік, жауапкершілік және жауапкершілік! Яғни, кандидаттардың іріктеуге қатысуынан бастап дербес жауапкершілігін іс жүзінде көрсетуі басты өлшем болмақ. Олардың қатарын талапқа сәйкес партия мүшелерімен бірге, мүше болып үлгермеген немесе әлі шешім қабылдай алмай жүрген елшіл азаматтар, мемлекет мүддесін ойлайтын жастар, Отанымыздың тағдырына бейжай қарай алмайтын қыз-келіншектер толықтыратын болады. Нұрсұлтан Әбішұлының: «Партиялық тізімдерге халықтың әртүрлі бөлігінің өкілдері, беделді, азаматтардың сеніміне ие болған отандастарымыз кіруі тиіс» деп атап көрсетуі – қоғамның саяси, әлеуметтік-мәдени дамуындағы жаңа белестерді аңғартса керек. Сондықтан үміткерлер тізіміне ену үшін әрбір азамат өз іскерлігін, қабілетін танытуы тиіс. Әрине, күресіп жетпеген жеңіс жеңіс емес. Оның үстіне, әлемдегі қазіргі ахуал қалыптасып қалған қағидаларға қайта қараудың маңызын үйретіп жатыр. Алдағы уақытта да дүниенің бір орнында тұрмайтынын ескерсек, халықаралық қатынастар да, мемлекеттердегі экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары да өзгеретін сыңайлы. Осындай күрделі кезеңде оңтайлы қадам жасап, іріктеудің ашық тәртібін қалың жұртқа жариялау – жетекші партия үшін жұмысты жандандыру ғана емес, депутаттық корпусты жаңа сапалық деңгейге көтерудің тиімді жолы болмақ. Бұл нұротандықтардың белсенділігін ғана оятып қоймайды, халықтық партия қатарына кірмеген азаматтармен қоян-қолтық жұмыс істеуіне жаңаша серпін береді. Әсіресе, праймеризді ұйымдастырушылардың жауапкершілігі мен міндеттеріне қатысты бөлігі көптің көңілінен шықты. Нақтырақ айтсақ, партия филиалдарының төрағалары, төрағаларының бірінші орынбасарлары, ұйымдастыру комитеттерінің, есеп комиссияларының мүшелері Ережеге сәйкес праймеризді ұйымдастыру мен өткізуде партия Жарғысының 3.6. тармағында көзделген бұзушылықтарға: – партия беделін түсіретін әрекеттері (әрекетсіздігі) немесе партия мүддесіне залал келтіретін басқа да әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін; – партия Жарғысын, партия органдарының бағдарламалық құжаттарын, шешімдерін сақтамағаны үшін, партия мүшесі Этика кодексінің 8, 9, 14, 17, 18-тармақтарын (партияның беделін түсіретін әрекеттер жасауға жол бермеу; партиялық тәртіпті сақтау, партиялық этика нормаларын бұзушылыққа жол бермеу; партиялық беделін қасақана мақсаттарда мүліктік немесе мүліктік емес пайда табу үшін пайдаланбау; іскерлік этикетті сақтау, өзінің партиялық беделін атап көрсетіп, жеке мақсаттарда пайдаланбау; өзінің әрекеттерімен және шешімдерімен партия атына сөз келтіруге себеп бермеу, өзінің атына айтылған конструктивті сынды, кемшіліктерді жою) сақтамағаны үшін дербес жауапты болады. Партия мүшесі өз атына негізсіз кінә тағылған жағдайда оны дәлелмен жоққа шығаратын тиісті ақпаратты жариялауы қажет. Тәртіптің аты – тәртіп. Белгіленген тәртіп пен ережені бұзғаны үшін партия мүшесіне «Nur Otan» қатарынан шығарылуға дейінгі қатаң шара қолданылады. Сондай-ақ заман талабына сай әрбір кандидаттың құқын қорғаудың тиімді тетіктері жан-жақты қарастырылып отыр. Халқымыз азаматтың қадір-қасиетін сипаттағанда, «маңдайы ашық» деп жатады. Тұңғыш Президент, «Nur Otan» көшбасшысы бастамасымен күн тәртібіне қойылған праймериз партия мүшесінен маңдайының ашық, бағыты мен ісінің айқын болуын талап етеді. Әр нәрсені уақытында атқару – адамдық та, қызметтік те, қоғамдық та парыз екенін ұмытпалық. Халық пен ел алдындағы жауапкершілік бәрімізден сөз бен істің бірлігін, бүгінгі сын-қатерге ақыл-парасатпен төтеп беруімізді күтеді.
Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» фракциясының мүшесі