Президент қазақ тілін оқытудың тиімділігі барынша арттырылатынын айтты. Еуропа тәжірибесі бойынша тіл үйрету барысында енді негізінен, оқу орындарындағы жастарға көбірек мән беріледі. Сондықтан Тіл комитеті алдағы 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өтпек. Тәуелсіздік алғанына 30 жылдай уақыт өтсе де, Қазақстанда мемлекеттік тіл сол баяғыдай мүскін халде, мүшкіл күйде қалып, әлеуметтік кернеуді күшейтетін түйткілдердің біріне айналғаны құпия емес. Осы жылдары Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтіп, мәртебесіне лайықты биік тұғырға қондыра алмағаны даусыз.
Көрсеткіштің кемітілгені несі?
Министрлік алдына қойылған міндетке сәйкес, республикамыздағы мемлекеттік тілді меңгерген халық үлесі 2020 жылы 90,5%-ға дейін өсуі тиіс. Келесі жылы бұл көрсеткіш 91%-ға, 2022 жылы 92%-ға дейін жетуі шарт. Ақтоты Райымқұлова басқаратын ведомствоның «Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту» бюджеттік бағдарламасында осындай мақсат бекітілген. Айта кету керек, бұл жерде нысаналы көрсеткіш кемітіліп отыр. Мысалы, 2019 жылғы маусым-шілде аралығында қоғамдық талқылауға шығарылған «Қазақстанда тілдерді дамыту мен қолданудың 2020–2024 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасында бұдан жоғарылау биіктер көзделген-тін. Құжатта мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 2020 жылы – 91%, 2021 жылы – 92%, 2022 жылы – 93%, 2023 жылы – 94%, ал 2024 жылы – 95%-ға жетеді деп көрсетілді. Оның орнына неге екені белгісіз, орыс және ағылшын тілін білетін азаматтар үлесі күрт арттырылмақ. Мысалы, мембағдарламада қазақ тілімен қоса, орысша және ағылшынша қатар сөйлей алатын қазақстандықтар үлесі 2020 жылы – 20%, 2021 жылы – 21%, 2022 жылы – 22%, 2023 жылы – 23%, 2024 жылы 24% болуы тиіс еді. Ал мәдениет министрлігінің биылғы салалық бюджеттік бағдарламасында дәл осы көрсеткіш 2020 жылы – 26%, 2021 жылы – 27%, 2022 жылы 28%-ға дейін ұлғайтылған. Меморган үштілділікті емес, мемлекеттік тілді дамытуда осындай алапат қарқын мен тегеурін танытса, 2024 жылы халқымыз 100 пайыз қазақ тілін біліп шығар еді. Өйткені үш тілді қатар үйренуге қарағанда, жалғыз мемлекеттік тілді меңгеру оңай емес пе?! Қынжылтатыны сол, әзірге министрлік белгілеп отырған 91% меженің өзіне жету мұң болып отыр. Осы жылғы 21 қаңтарда депутаттарға жауап берген Үкімет басшысы Асқар Мамин: «ҚР-да тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың үлесі 25%-ға өсіп, бүгінде 86%-ды құрап отыр. Аталған кезеңде мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 56%-дан 73%-ға дейін, ал мемлекеттік органдарда қазақ тілінде құжат айналымының үлесі 88%-дан 93%-ға дейін өсті», – деп хабарлады. Он жылда 86 пайыз биігіне әзер көтерілген екенбіз. Оның өзінде сарапшылар көптеген қазақстандықтың қазақша жөнді сөйлей алмайтынын ескеріп, бұл меженің өзі күмән тудыратынына назар аудартады.Шенеуніктің қазақша сөйлегені жетістік пе?
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, яғни барлық қазақ баласының құқығын қорғауы тиіс омбудсмен Аружан Сайын қазақ тіліне мұрын шүйіре қарайды. Былтырғы қыркүйекте Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Аружан Сайын толығымен тек «ресми тілде» сөйлеп шыққасын қазақтілді журналистер оған ескерту жасады. Бұған жауап ретінде А.Сайын мемлекеттік тілде баяндама жасауын «болашақтың ісі» деп сырғыта салды. Қазіргі пандемия жағдайында «Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрған Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетованың мемлекеттік тілді қолданбайтыны бүгінде қоғам тарапынан қатаң сынға тамызық болуда. Мысалы, осыған назаланған Нұр-Сұлтан қалалық Тіл басқармасы жанынан құрылған жұмыс тобының мүшесі, Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығының Құқық департаментінің директоры Жандос Өстемір Үкіметке хат жазып, бас санитарды осы үшін жазалауды сұрапты. Оған жауап қатқан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Есмағамбетованы еш айыптамайды: «Конституцияның 7-бабының 2-тармағында мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деп айтылғанын атап өтемін», – дейді министр. Рас, оған сенсек, бас мемлекеттік санитар дәрігер енді мемлекеттік тілді білу деңгейін жетілдіруге «барлық күш-жігерін жұмсап» жатқан көрінеді. Министрлер және Үкімет мүшелері депутаттардың қазақша қойған сұрақтарына орысша жауап бергені үшін Мәжілістен қатаң сын-ескертпе естіп жүр. Үкіметте де, Парламентте де заңдар орыс тілінде жазылады. Жетістік ретінде Сенат, Мәжіліс, Үкімет отырыстарының мемлекеттік тілде өтетінін айтуға болады. Бұл қуаныш па? Әлде Ресейде МемДума не Үкімет отырыстарының орыс тілінде өтетініне ресейліктер қуана ма?Тілге келгенде заңға да пысқырмайды
Тағы бір жетістік: «Кинематография туралы» жаңа заңның 9-бабына сәйкес еліміздің кинотеатрларында көрсетілетін фильмдер міндетті түрде қазақ тілінде дубляжбен, субтитрлармен немесе кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуі тиіс. Өмірде, әрине олай бола бермейді. «Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жұмысы 2019 жылғы 31 желтоқсанда Үкімет қаулысымен бекітілген Қазақстанда тіл саясатын іске асырудың жаңа бесжылдық мембағдарламасы аясында жалғасады. Атап айтқанда, онда «Қазтест» жүйесі бойынша В1, В2 және С1 деңгейлеріне сәйкес мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ ұлттық компаниялар қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білуіне қатысты біліктілігін тексеру көзделген. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға үміткерлерге «Қазтест» жүйесі бойынша шекті мәнді белгілей отырып, тестілеуден өткізу жоспарлануда», – деді Асқар Мамин. Премьердің мәліметінше, мемлекеттік тілдің беделін арттыру үшін білім, өнер, БАҚ, кинематография салаларында сапалы қазақтілді контентті өндіру, үздік әлем әдебиетін қазақ тіліне аудару, терминологиялық қорды жүйелендіру, тілді үйренуді және қолдануды жеңілдететін қосымшаларды ойлап табу қарастырылған. Алда 60 миллион сөзқолданыс түрінен тұратын қазақ тілінің ұлттық корпусы құрылуы тиіс. Сонымен бірге, 2020 жылы заңнамаға көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарлануда. Яғни, көшедегі жарнама-жазулардың қазақша дұрыс жазылуын мемлекет бақылауға алады. Бұл әсіресе, латын графикасындағы жаңа қазақ жазуына көшу қарсаңында өзекті болып отыр. Негізі, Білім және ғылым министрлігінің тілге қатысты тірлігі де үлкен сынға ілігіп жүр. Орыстілді мектептердің түлектері сол баяғыдай мемлекеттік тілді меңгермеген күйде шығуда. Дегенмен Тіл комитетін дәл осы БҒМ-ға беру өзекті. Біріншіден, қазақ тілін үйретуді балабақшалардан бастау керек. Ал мектепке дейінгі тәрбие бағдарына Асхат Аймағамбетов ұжымы жауапты. Екіншіден, Президент айтқандай, бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, мұндай қадам қолданысқа енгізілетін оқу бағдарламаларының тиімділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жасауға септігін тигізеді.