Бұл ҰБТ бұрынғыдан өзгерек
Бұл ҰБТ бұрынғыдан өзгерек
Оған да біршама уақыт өтті. Ұлттық бірыңғай тестілеу елімізде 2004 жылдан бері бір ереже бойынша өткізілуде. Тестілеу мектеп түлектерін отандық оқу орындарына қабылдаудың бірден-бір нысаны. Сол себепті ол өтуі тиіс міндетті сынақ. Ал биылғы сынақ 20 маусым мен 5 шілде аралығына жоспарланған. Кезекті ҰБТ-да біршама өзгеріс бар. Сонымен, тесттің өткізілу ережесі мен жаңашылдықтары қандай?  

Білім санмен емес, сапамен өлшенеді

Биыл 136 879 оқушы 11-сы­ныпты тәмамдап, мектеп бітіру аттестатын қолдарына алды. ҰБТ-ға қатысу үшін 111 109 өті­ніш тап­сырған екен. Бұл жалпы орта мектепті аяқтағандардың 82 па­йызы. Биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға немесе 15 мыңға жуық адамға жо­ғары. Алдыңғы жылғы түлектерді қоса санағанда биыл ҰБТ-ны бар­лығы 131 755 адам тапсырмақ. Биыл жоғары оқу орындарына 55 мың грант бөлу көзделген. Әрине, оны иелену үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу­ден сүрінбей өтуі міндет. Ал түлектердің түн ұйқысын бөл­ген ҰБТ сынақтың басталуына не­­бәрі 12 күн қалды. Әрине, цифр­лар жоғарылап келе жатқа­нымен, бастысы сан емес сапа екенін естен шығармаға­ны­мыз абзал.  

Алдасаң – емтиханға кіре алмайсың

Биылдан бастап Ұлттық бі­рың­ғай тестілеуге арналған ере­жеге біршама өзгеріс енгізіліп отыр. Соның бірі тыйым салынған заттармен емтиханға кірмек бол­ған талапкерге бірден акт тол­ты­рып, тест тапсыру құқығынан айыру. Әдетте ҰБТ-ның алдында барлығы тексеріледі, талапкерден тыйым салынған заттар табылған жағдайда түгел алынады. Бірақ ешқандай шара қабылданбайтын. Енді олай болмайды. «Енді былай болады. Егер сені металл іздегіш­тен өткізгенде ұялы телефон анық­талса, Ұлттық бірыңғай тес­тілеуге мүлдем кіргізбейді. Себебі алдағың келді, тәртіп бұзаты­ның­ды біле тұра, алып келдің. Осының өзі емтиханға кіргізбеуге себеп бола алады» деген болатын Білім және ғылым министрі. Ал ережеге қайшы заттарды алып кірген жағ­дайда тест нәтижесі жойылатын болды. Мәселен, қаңтар, наурызда өткен сынақта тыйым салынған заттарды алып өткен түлектер бірден 5 пайызға төмендеген. Бұ­ған дейін ондай жағдай түлек­тердің 60 пайызында анықталған. Яғни, қатаң талап өз нәтижесін бере бастағандай.  

Ең бастысы – қауіпсіздік

Республикада барлығы 161 ҰБТ өткізу пункті бар болса, со­ның 38-і ЖОО-да орналасқан. Шамамен 1 200-ден астам аудито­рия дайындалған. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында 3 университет­те тестілеу пункті бар. Солардың бірі – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универ­си­тетінде орналасқан. Универси­теттің жауапты хатшысы Жазира Әмірбекқызынан ҰБТ-ға дайын­дық қалай жүріп жатқанын сұра­ған едік. «Біз мектеп түлектерінен 2 500 адамды, ал мектепті былтыр бітірген және колледжді аяқта­ған­дардан 800 адамды қабылдауды жоспарлап отырмыз. Барлығы 14 лек болады. Осыған дейін бір аудиторияда 700 адамға дейін отырған болса, қазір пандемияға байланысты бір аудиторияда отыратын сынақ тапсырушылар­ды 3 есеге дейін қысқарттық. Тест тапсырушылар екі метр арақа­шықтықты сақтап отырғызылады. Барлық санитарлық талаптар сақталады», – деді Жазира Әмір­бекқызы. Тест тапсыратын ғима­раттарға кірмес бұрын қыз-жігіт­тер залалсыздандыру процесінен өтіп, дене қызуы өлшенеді, жаңа маска беріледі. Үкімет басшысы­ның өзі Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында санитарлық талаптар қатаң сақталуы қажетін, басты міндет балалардың қауіпсіздігі болуы керек екенін тапсырған болатын. Қазіргі эпидемиоло­гиялық ахуал тұрақты емес. Адам өмірі бәрінен қымбат. Мұны мектеп түлектері де жете түсінгені жөн болар еді.  

Түлектердің бет-әлпеті Face ID-мен тексеріледі

Жылда өзгенің орнына тест тап­сыруға келген 20-25 адам анық­талады екен. Мамандар тағы бір өзгеріс енгізу арқылы «бұл қулықтың жолын кесеміз» деп отыр. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге кіретін түлектердің бет-әлпетін анықтауда Face ID жүйесі қолданылмақ.. Face ID арқылы сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана аудиторияға кіргізіледі. ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізуге жауапты Ұлттық тестілеу орталы­ғы мұндай ноу хауды енгізу арқы­лы оң нәтижеге қол жеткіземіз деп отыр. «Камера арқылы бала­ның бейнесі көрінеді. Тест тап­сырушының бет-әлпеті арнайы нысанға алынады. Сөйтіп, талап­кердің тестке қатысуы немесе қатыспауы 3-4 секундта белгілі болады. Барлығы дұрыс болған жағдайда өкілдеріміз баланы аудиториға кіргізеді», – дейді Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұлов. Деген­мен үлкен сынның алдында тұр­ған түлекке бұл сынақтар психо­логиялық тұрғыдан кедергі кел­тіріп, емтихан нәтижесіне кері әсерін тигізбесе болғаны.  

Тест жауаптары жария болмай ма?

Бірінші кезекте тұрған мәсе­ленің бірі – емтихан материалда­рын құпия ұстау және оның ша­шау шықпауын қамтамасыз ету. Тестілеудің жауаптарын алдын ала алып, талап бұзып, жоғары балл жинаған түлектер жыл сайын анық­талып жатады. Ол – жасы­рын емес. Бұл талапкердің өзін де, өзгені де алдап, шынайы білімін ортаға салған өз замандастарына алдын орап жатады. Тест сұрақ­тары мемлекеттік құпия болып есептелгендіктен, заң талабы бо­йынша жауапқа тартылуы тиіс. Бұл мәселеде де жазаны қатаңдату қажет секілді. Оның биыл да қай­таланбауына кепілдік жоқ. Жа­зира Әмірбекқызының сөзінше, емтихан материалдарын тест өт­кізілетін пункттерге жөнелту жұ­мыстарымен тек қана рұқсаты бар адамдар ғана айналысуға құ­қылы. Тестке қажет дүниелер қойылған кабинеттер бейнебақылау каме­раларымен жабдықталған. Біз барлық атқарылатын жұмыс­тар мемлекеттік құпияларды сақтау ережесіне сәйкес жүргізіледі деген сенімдеміз. Нәтижесін тест қорытындысы көрсете жатар. Қағаз түрінде беріліп келген тест тапсырғандығы және білім грантын тағайындау туралы куә­лік енді электронды түрде бері­летін болды. Сонымен бірге тес­тілеу пункттері аумағында оқу­шыларды ата-аналардың күтуіне рұқсат жоқ. Биыл тестілеу фор­ма­ты өзгеріссіз болмағанымен, емтихан уақытында өзгеріс бар. Түлектер 4 сағат ішінде 5 пәннен 120 сұраққа жауап беруі керек. Бұған дейін оларға 3 сағат 50 минут беріліп келген болатын. Пайдалана білсе, 10 минут та талапкер үшін мүмкіндік. Өз біліміне сенген талапкерге бұл талаптар еш кедергі болмаса керек-ті.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=