Бейнеролик дауына нүкте қойылды
Бейнеролик дауына нүкте қойылды
201
оқылды
Қоғамды екі жарып, дауы то­ластамай тұрған бұл фильмде ре­жиссер ер-азаматтардың ашық-ша­шық киінген қызды «жаман жү­рісті қыз» деп қабылдайтынын көрсеткісі келген. Әсіресе, орыс­тілді қауым бұл бейнероликке үзілді-кесілді қарсылық танытса, қазақтілділердің басым бөлігі қол­дап жатты. Қысқа ғана көріністегі бұл бейнероликке жұрт сонша неге шүйлікті? Тағы бір себеп, фильм Шымкент қалалық Отбасы, бала­лар және жастар ісі жөніндегі бас­қармасының тапсырысы бойынша түсірілген деген сөз көпшіліктің шымбайына батқан. Жастар ре­сурстық орталығы директоры мен режиссердің сыртынан талай сөздер қарша борады. Қызу талқыға түскен осынау бейнероликке ақыры қала басшы­лығы тарапынан түсініктеме бе­рілді. Арнайы брифинг өтті. Брифингке қатысқан Шым­кент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков, Шымкент қаласы Отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқарма­сының басшысы Жандос Қалтаев және TALAS FILM киностудия­сының директоры, режиссер Серік Таласов қатысып, бейнеролик дауына нүкте қойды. Қала әкімінің орынбасары А.Мамытбековтің айтуынша, қала­лық Отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармаға бейне­роликтер жасау бойынша жалпы 8 млн теңге қарастырылған. – Мемлекеттік сатып алу кон­курсында 5 бейнеролик пен 5 сце­нарийге 6,2 млн теңге ұтып ал­ған. Қазіргі таңда орындаушыға 3 млн.теңге аударылған. Оның 1 млн 250 мың теңгесі бір бейнеролик жа­сауға, 2,5 млн теңге 2 бейнероликті дайындауға және 5 сценарийге 3 млн теңге аударылған. Аталған бей­нероликтің мақсаты – жастар­ды патриоттық рухқа тәрбиелеу, бос уақытын тиімді өткізу және ұлт­тық салт-дәстүрді дәріптеуге ба­ғытталған. Қала әкімі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жат­қан бейнеролик жөнінде хабардар. Мұрат Дүйсенбекұлы арнайы тап­сырма беріп, бүгінде тексеру жұ­мыстары жүргізілуде. Тексеру қо­ры­тындыларын алдағы уақытта арнайы жариялаймыз. Ал мақсатты бейнероликтерді дайындау бары­сында заң аясында оны бақылауға алуды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімінің орынбасары А.Ма­мытбеков. Ал басқарма басшысы Жандос Қалтаев әлеуметтік желілерде жиі талқыланып жатқан бейнероликке жергілікті бюджеттен қаржы қа­ралмағанын атап өтті. TALAS FILM киностудиясымен әріптестік меморандум жасалғанымен, атал­ған бейнероликті түсіру туралы нақты келісім болмаған. Яғни, Жас­тар ресурстық орталығы тара­пынан роликтің сценарийі бекітіл­мепті. «Жастар ресурстық орталы­ғы ғимаратында бірқатар ұйымдар мен түрлі шығармашылық бір­лестіктердің кеңселері орналас­қан. Оның ішінде TALAS FILM киностудиясы да бар. Бұған дейін аталған киностудия насихаттық роликтер түсіру кезінде орта­лық­тың логотипін пайдаланып отыр­ған. Бұл роликке мемлекет тара­пынан қаражат бөлінген жоқ. Киностудия мұны өз қаражатына түсірген. Бір айта кетерлігі, ролик­тің соңында «қолдау білдіреді» деген сөздің орнына «тапсырыс береді» деп жазылып кеткен. Бұл олқылықты байқаған соң, орта­лықтың логотипін алдырып тас­тадық. Осы секілді басқа да мате­риал­дардың таралмауын қатаң бақылауға аламыз. Біз әйелдердің құқықтарын, отбасылық құнды­лықтарды, балалар мен жастардың құқықтарын қорғауды дәріптеп, сәйкесінше ешқандай жағдайда да жеке алынған адамның сырт әлпе­тіне қарап кемсітуге жол бер­мей­міз, – деді Ж.Қалтаев. Жастар ре­сурстық орталығының желі парақ­шасында мұның алдында да тү­сініктеме беріліп кеткен болатын. Онда аталған компаниямен 5 әлеу­меттік роликті түсіруге келі­сімшарт жасасқанын атап өткен. Роликтердің әр сценарийіне 100 000 теңгеден, ал әр роликке 1 250 000 теңгеден қарастыры­лып­ты. Алайда мынау даулы роликке қаржы бөлінбеген. Талайдың талауына түскен ре­жиссер Серік Таласов брифингте өз ойын білдірді. «Аталған бейне­роликте қателік бар шығар, бірақ біздің түпкі мақсатымыз – қазақ­тың ұлттық тәрбиесін сақтап қалу. Яғни, бейнеролик осы мақсатпен түсірілген. «Тәрбие – тал бесіктен». Өзімнің өсіріп отырған үш қызым бар. Олардың келешегі мені алаң­датады. Сол себепті қоғамның осындай кейбір келеңсіз тұстарын ашық көрсете отырып, қаз-қал­пын­да жеткізгіміз келді, – деді ол. Қанша адам болса, сонша көзқарас бар. Біреу даттайды, біреу мақтайды. Орынды пікір айтылса, сыннан да қателікті түзеуге болады. Бұл жағдай бейнероликтерді түсіруде ескерілетін болады.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы