Қоғамды екі жарып, дауы толастамай тұрған бұл фильмде режиссер ер-азаматтардың ашық-шашық киінген қызды «жаман жүрісті қыз» деп қабылдайтынын көрсеткісі келген. Әсіресе, орыстілді қауым бұл бейнероликке үзілді-кесілді қарсылық танытса, қазақтілділердің басым бөлігі қолдап жатты. Қысқа ғана көріністегі бұл бейнероликке жұрт сонша неге шүйлікті? Тағы бір себеп, фильм Шымкент қалалық Отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша түсірілген деген сөз көпшіліктің шымбайына батқан. Жастар ресурстық орталығы директоры мен режиссердің сыртынан талай сөздер қарша борады. Қызу талқыға түскен осынау бейнероликке ақыры қала басшылығы тарапынан түсініктеме берілді. Арнайы брифинг өтті. Брифингке қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков, Шымкент қаласы Отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев және TALAS FILM киностудиясының директоры, режиссер Серік Таласов қатысып, бейнеролик дауына нүкте қойды. Қала әкімінің орынбасары А.Мамытбековтің айтуынша, қалалық Отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармаға бейнероликтер жасау бойынша жалпы 8 млн теңге қарастырылған. – Мемлекеттік сатып алу конкурсында 5 бейнеролик пен 5 сценарийге 6,2 млн теңге ұтып алған. Қазіргі таңда орындаушыға 3 млн.теңге аударылған. Оның 1 млн 250 мың теңгесі бір бейнеролик жасауға, 2,5 млн теңге 2 бейнероликті дайындауға және 5 сценарийге 3 млн теңге аударылған. Аталған бейнероликтің мақсаты – жастарды патриоттық рухқа тәрбиелеу, бос уақытын тиімді өткізу және ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге бағытталған. Қала әкімі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан бейнеролик жөнінде хабардар. Мұрат Дүйсенбекұлы арнайы тапсырма беріп, бүгінде тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру қорытындыларын алдағы уақытта арнайы жариялаймыз. Ал мақсатты бейнероликтерді дайындау барысында заң аясында оны бақылауға алуды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімінің орынбасары А.Мамытбеков. Ал басқарма басшысы Жандос Қалтаев әлеуметтік желілерде жиі талқыланып жатқан бейнероликке жергілікті бюджеттен қаржы қаралмағанын атап өтті. TALAS FILM киностудиясымен әріптестік меморандум жасалғанымен, аталған бейнероликті түсіру туралы нақты келісім болмаған. Яғни, Жастар ресурстық орталығы тарапынан роликтің сценарийі бекітілмепті. «Жастар ресурстық орталығы ғимаратында бірқатар ұйымдар мен түрлі шығармашылық бірлестіктердің кеңселері орналасқан. Оның ішінде TALAS FILM киностудиясы да бар. Бұған дейін аталған киностудия насихаттық роликтер түсіру кезінде орталықтың логотипін пайдаланып отырған. Бұл роликке мемлекет тарапынан қаражат бөлінген жоқ. Киностудия мұны өз қаражатына түсірген. Бір айта кетерлігі, роликтің соңында «қолдау білдіреді» деген сөздің орнына «тапсырыс береді» деп жазылып кеткен. Бұл олқылықты байқаған соң, орталықтың логотипін алдырып тастадық. Осы секілді басқа да материалдардың таралмауын қатаң бақылауға аламыз. Біз әйелдердің құқықтарын, отбасылық құндылықтарды, балалар мен жастардың құқықтарын қорғауды дәріптеп, сәйкесінше ешқандай жағдайда да жеке алынған адамның сырт әлпетіне қарап кемсітуге жол бермейміз, – деді Ж.Қалтаев. Жастар ресурстық орталығының желі парақшасында мұның алдында да түсініктеме беріліп кеткен болатын. Онда аталған компаниямен 5 әлеуметтік роликті түсіруге келісімшарт жасасқанын атап өткен. Роликтердің әр сценарийіне 100 000 теңгеден, ал әр роликке 1 250 000 теңгеден қарастырылыпты. Алайда мынау даулы роликке қаржы бөлінбеген. Талайдың талауына түскен режиссер Серік Таласов брифингте өз ойын білдірді. «Аталған бейнероликте қателік бар шығар, бірақ біздің түпкі мақсатымыз – қазақтың ұлттық тәрбиесін сақтап қалу. Яғни, бейнеролик осы мақсатпен түсірілген. «Тәрбие – тал бесіктен». Өзімнің өсіріп отырған үш қызым бар. Олардың келешегі мені алаңдатады. Сол себепті қоғамның осындай кейбір келеңсіз тұстарын ашық көрсете отырып, қаз-қалпында жеткізгіміз келді, – деді ол. Қанша адам болса, сонша көзқарас бар. Біреу даттайды, біреу мақтайды. Орынды пікір айтылса, сыннан да қателікті түзеуге болады. Бұл жағдай бейнероликтерді түсіруде ескерілетін болады.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы