Елордада карантин күшейтіле ме?
Елордада карантин күшейтіле ме?
Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова елордада карантинді күшейту мүмкіндігі туралы сұраққа жауап берді. «Бүгінде карантинді күшейту шаралары негізінен әр өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Шынымен де, Нұр-Сұлтан қаласында зертханалық түрде коронавирус расталған адамдар саны өсті. Мұны елордада коронавирус инфекциясының ПТР диагностикасына зерттеу жүргізетін 7 зертхана қызмет етіп жатқанымен түсіндіруге болады», - деді С. Қисықова «Хабар24» арнасына берген сұхбатында. Оның сөзіне қарағанда, күн сайын 4-тен 5 мыңға дейін тестілеу жүргізіледі. «Сәйкесінше, тест жүргізу артса, онда індет жұқтырғандарды анықтау да көбейетіні түсінікті. Атап өтсек, осы инфекция табылған адамдардың ішінде 60-70 пайызында симптомсыз дәрежеде болады. Сондықтан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын күшейту туралы шешімді Бас мемлекеттік санитар дәрігері қабылдайды», - деді басқарма басшысы.