Құрманғазы ауданының 72 жастағы тұрғыны коронавирус инфекциясынан көз жұмды. Бұл дерек халықты ойландыруы да, сақтандыруы да қажет.
Құрманғазы ауданы Ақкөл ауылының 1948 жылғы тұрғыны екіжақты пневмониямен ауданның орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылған. Зейнеткер әйелде артериалды гипертензия, тамырдан шыққан прогрессивті дисциркуляторлы энцефалопатия, бауыр стеатозы, созылмалы панкреатит аурулары болған. 4 маусым күні COVID-19 бар-жоғын анықтау үшін тексеруден өткізіліп, 6 маусымда талдау коронавирус инфекциясы барын көрсетті.
– Науқасты облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстыруға дайындап еді, бірақ кенеттен ауырып қалды. Дәрігерлер жүрек-өкпе реанимациясын жасады, барлығы нәтижесіз болды. Өкінішке қарай, науқас қайтыс болды, – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Маусымның 8-і күні Атырауда коронавирус індетін жұқтыру белгілері бар 11 адам тіркелді. Оның екеуі – Теңіз кенішінде жұмыс істейтін мердігер мекемелердің қызметкерлері. Теңіз кеніші орналасқан Жылыой ауданының 7 тұрғынынан да аталмыш індет анықталған. Олардың бесеуі – індет жұқтырушылармен байланыста болғандар. Індет анықталған науқастардың барлығы жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды.
Қазіргі уақытта Атырау облысында коронавирус індеті көрсеткішін жоғарылатып жіберген аурудың ірі ошағы Теңіз кенішінде коронавирус инфекциясының 1 019 жағдайы тіркелді. Бүгінде Теңіз кенішінде ахуал тұрақтанып келеді.Теңіз кенішінде 230 орындық инфекциялық стационар ашылды. Жұқпалы стационар Атырау қаласында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында ашылып отыр. №2 облыстық аурухананың филиалы саналатын орталық – «ПТШО» вахталық лагерь аумағында орналасқан. Инфекциялық стационарда жұмыс істеуге №2 облыстық аурухананың 25 қызметкері жұмылдырылған.
Жалпы, облыста вирус анықталған – 19 әйел бар. Дәрігерлер жүкті 4 әйелді босандырып алды. Жаңа туған сәбидің бірінен вирус белгілері анықталған. Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ержан Қалымбайұлының айтуынша, сәбидің денсаулығы жақсы. Ол палатаға ауыстырылып, неонотолог дәрігерлердің бақылауына алынған.
Атырау облысында карантин талаптары жеңілдеген күні-ақ арқаны кеңге салған тұрғындар Исатай-Махамбет, Ретро парк, Жеңіс саябағы секілді ашық алаңдарда топтасып жиылғандықтан Атырау қаласының бас санитарлық дәрігері қаулысымен көптеген нысандарда жүруге тыйым салынды. Экологиялық жағынан өте қолайсыз және жаз айларының ұзақтығы аптап ыстықпен өтетін Атырау облысы тұрғындары үшін қауіп сейілмей тұр. Бірақ оны ұғып, өзінің де, өзгенің де денсаулығын ойлайтындар аз.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы