Дегенмен карантин шектеулері әлі де жалғасып жатыр. Сондықтан тұрғындар сақтық шараларын қатаң ұстанғаны абзал.
Бірақ қанша айтылып жатса да, көпшілік індет қаупіне көңіл бөлмей, көшеде бетпердемен жүру қажетін естен шығара бастады. Аймақта вирусқа қарсы шаралар жүргізілгенімен, қоғамдық орындарда, көліктерде, адам көп жиналатын жерлерде санитарлық талаптар сақтал-мауда. Тұрғындар бетперде тағу режимін бұзып, әлеуметтік қашықтықты ұстанбай, дезинфекциялық талаптарды да орындамай отыр. Республика көлемінде 16 наурызда енгізілген төтенше жағдай 2020 жылдың 11 мамырынан бастап алынды. Алайда коронавирус инфекциясының тіркелуі әлі де жалғасып келеді. Аурудың екінші көтерілу кезеңі осы төтенше жағдай алынып тасталғаннан кейін басталды. Нақты айтқанда, облыста коронавирус инфекциясының ең алғашқы оқиғасы тіркелген, 28 наурыздан бастап 2 маусым аралығында барлығы 448 дерек анықталды (100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіш – 55,7). Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі – 20-29 (жалпы тіркелген науқастардың 24 процентін құрады) және 50-59 жас аралығындағы (25 %) ересектер. Ал ауруға шалдыққан науқастың ең кішкентайы 1 жасқа дейінгі сәби болса (Шиелі ауданы), ең үлкені – 81 жаста (Қызылорда қаласы).
Аурудың максималды тіркелуі 8 сәуірге сәйкес келіп, 26 дерек есепке алынса, төтенше жағдай алынып тасталғаннан кейін ең көп (40 жағдай) тіркелген күн 31 мамыр екені анықталды. Облыс бойынша тіркелген 448 жағдайдың (кешеге дейін) 49%-ы немесе 218 дерек соңғы 23 күннің ішінде, яғни төтенше жағдай алынып тасталғаннан кейін тіркелді. Бұл – облыс тұрғындарының сақтық шараларына салғырттықпен қарағанының тікелей көрсеткіші.
Сондықтан сақтық шараларын әлі де естен шығармау керек. Сонымен қатар жұмыс берушілер өз қызметкерлерін кәсіпорынның немесе нысанның меншік иесіне қарамастан, жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуі қажет. Барлық персонал бетперде, қолғап және өзінің технологиялық киімінде болуы тиіс. Дүкендер мен шаштараз қызметкерлері міндетті түрде бетперде, баскиім және фирмалық киімнің үстіне қолғап киіп жүруге міндетті. Барлық үй-жайлар үнемі желдетіліп, жұмыс орындары дезинфекциялау құралдарымен өңделуі керек.
Карантин шараларын сақтау әлі де өзекті екенін естен шығармағанымыз жөн. Өйткені қауіпті індеттің беті әлі қайтқан жоқ. Егер тәртіп бұзушылықтар сақталып, жағдай ушыға беретін болса, кейбір карантин шаралары қайта енгізіледі.
Облыс тұрғындарына эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұру үшін халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында заңнамамен белгіленген талаптарға құлақ асып, сақтық шараларын ең әуелі өзіміздің, жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін сақтайық дегім келеді.