Аталған қаулы мен аудан әкімі, филиал төрағасы Ұ.Сәдібековтің №20 «Жаңақоғам» АГТС-ын (Автоматты газ тарату стансасы) халық игілігіне пайдалануға беру жөніндегі тапсырмасының жүзеге асу барысына партиялық бақылау жұмысы жүргізілді. Бақылау Түркістан облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ә.Әбдіқадыров, Түркістан өндірістік филиалы «КазТрансГаз» АҚ директорының бірінші орынбасары Е.Болатбекұлы, Шымкент өндірістік филиалы «ИнтерГаз» АҚ бас инженері А.Ерғалиұлы, магистральды газ құбырлар жөніндегі бас инженер Б.Иманғалиев, аудан әкімінің орынбасары Б.Олжаевтың, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы М.Нұрлыбаевтың және аудандық партиялық бақылау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен жүргізілді. Басты мақсат – Сайрам ауданы, Арыс ауылдық округіндегі №20 «Жаңақоғам» АГТС-ын іске қосып, ауданымыздағы ішкі кварталдық газ құбырлары жүргізілген 12 елді мекен тұрғындарын табиғи газбен қамту. Іс-шара барысында табиғи газбен 25 450 тұрғынды қамту жоспарланып отыр. Бақылау жұмыстарының қорытындысы бойынша №20 «Жаңақоғам» АГТС-ы алдағы 10 күн ішінде халық игілігіне пайдалануға беріліп, 12 ауылға газ таратылып, ауданды табиғи газбен қамту деңгейі 74 пайызды құрайтын болады. Ендігі кезекте ауыл тұрғындарының табиғи газға қосылу бойынша құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын ширату қажеттілігі іске асқалы жатыр. Мониторинг жұмыстары Қазығұрт ауданында да өткізілді. Оған облыстық партиялық бақылау комиссиясының мүшесі А.Салимов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Б.Құралбаев, «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ә.Қожахан, партиялық бақылау комиссияның төрағасы С.Сеңгірбаев қатысты. Олар тексеріс кезінде бірқатар кемшілікті анықтады. «Қақпақ» АГТС-ін үлкен магистральды газ құбырына қосу үшін қажетті қаржыны қарастырып, жергілікті тұрғындардың газ мәселесін шешуді тапсырды.
Әбілмансұр ЖАСАН