«Аулаларды абаттандыру – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Лобода көшесі 10-үйдің ауласында автокөлік тұрағын кеңейтуге тұрғындар қарсы шықты.
Қарағанды қаласы Лобода көшесіндегі №10-үй тұрғындарының пікірі екіге бөлінді. Бүгінгі күні аулада «Аулаларды абаттандыру – 2020» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бастапқы кезеңде жұмысшылар тұрғындарға бағдарлама бойынша үйге іргелес жатқан аумақтағы жол төсемін кеңейту жоспарланғанын хабарлады. Жолды кеңейту жарты метрден аспауы тиіс. Тұрғындардың біраз бөлігі аулада көлік қоятын тұрақ салуға келісім берген. Ал жартысы автотұрақ орнаса, аулада ойнайтын балаларға қауіпті деп отыр.
№10-үй тұрғыны Евгений Федотовтың айтуынша, жайлы көлікпен жүретіндер өз қамын ойлаймын деп жүріп, балаларды ұмытып кеткен. Әрі «мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып, тегін тұрақ жасатып, жеке бастың мәселесін шешу адамгершілікке жатпайды», – дейді тұрғын. 65 пәтерлік үйден 45 адам аулада автотұрақ аймағын құруды қолдап өтініш жазған.
– Біздің үйдің тұрғындары арасында келіспеушілік туындауда. Кейбір тұрғындар осы учаскеде автокөлік қоюға болатын жолды кеңейтуді шешті. Ал ауланы абаттандыру жұмыстары облыс әкімдігінің жоспарына сәйкес жүргізілуде. Бұл шешімді жұмысшылар барлық нормаларды бұза отырып, құжаттарға өзгеріс енгізбей және жұртшылықпен талқыламай қабылдады. Жұмысшылар осы учаскеде ұзақ жыл жайқалып тұрған ағашты бульдозердің көмегімен жұлып тастады. Оның қасындағы ағашты да жойып, құр діңгегін қалдырды, – дейді Евгений Федотов.
№10-үйдің ауласындағы алаңды қорғауға көрші үйлердің тұрғындары қосылды. «Ағаштарды қырқып, бетін асфальттау экологияға зардап әкеледі. Әрі жасыл өскіндерді жою жас ұрпаққа кері тәрбие береді», – дейді тұрғын.
– Бұл аумақ тек №10-үйге ғана емес, көршілес орналасқан басқа үйлерге де тиесілі. Бұл үйдің ауласындағы алаңқайда балалар ойнайды, көрші үйлердің де бүлдіршіндері жиналады. Қазір мұнда көлік тұрағын орнатқысы келетін көршілер жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен жайлылығы туралы мүлдем ойламайды. Балалар алаңқайын тарылтудың да зардабын кейін сезінетін боламыз. Бұл тұрғындар жақында көшіп келген, аулада өз билігін жүргізгісі келеді, – дейді Зәуреш Тойболина.
Аула тұрғындары арасындағы дау қалалық билікке де жетті. Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан әкімінің абаттандыру мәселелері жөніндегі орынбасары Мұрат Камалиев тұрғындармен кездесті. Тұрғындар тарапынан туындаған келіспеушіліктерді тыңдап, ол аула аумағында тұрақ аймағын салуды тоқтатуға ұсыныс жасады.
– Жергілікті тұрғындардың қалауы бойынша жұмысшылар осы учаскеде автотұрақ аймағын кеңейтпек болған. Бірақ бұл мәселе бойынша тұрғындардың пікірі екіге бөлінді. Осыған байланысты біз автотұраққа арналған қашықтықты барлық нормаға сай азайтамыз, – деді Мұрат Тілеубекұлы.
Автотұрақ салуға қарсы шыққан тұрғындар бірнеше жыл жөндеу көрмеген балалар алаңқайын қолға алуды сұрады. «Жекеменшік көліктің емес, балалардың бос уақытын ұйымдастыруға баса назар аударып, соларға жайлы жағдай жасауға күш жұмсайық», – дейді Евгений Федотов.
Алайда көршілер арасындағы дау мұнымен шешілмеді. Жанжал әлі жалғасуда.