Праймериз – «Парламентті персонализациялау» процесіне жол ашады
Праймериз – «Парламентті персонализациялау» процесіне жол ашады
©Сурет интернеттен алынды
186
оқылды
Ата Заңымызда бекітілген пропорционалды сайлау жүйесінде қазақстандықтар додаға түскен сая­­си партияларға дауыс береді де, Мәжілістегі орын­дарға нақты кімнің жайға­са­рын біле бермейді. Осыған орай көптеген сарапшы бұрынғы мажоритарлық жүйеге оралуды, яғни партиялық тізімдерден бас тартып, әр депутатқа өз сайлау учаскесіндегі додада жеке же­ңіп шығуына мүмкіндік беруді ұсынып жүр. Бірақ негізінен дамушы елдерге тән мажоритарлық жүйенің кемшілігі мен олқылығы жетерлік екенін білеміз. Біріншіден, ол партиялардың дамуын тежейді. Екіншіден, өңірлерде жершілдік пен жемқорлықтың өрістеуіне дем береді. Үшіншіден, өз сайлау округіндегі додада көбіне ауқатты адам жеңіске жетіп, ал елге пайдасы көбірек тиюі мүмкін білікті, бірақ қалтасы таяз үміткер ілгері оза алмай жатады. Партиялар болса, төл депутаттық тобы тартысқа да, жұмысқа да қабілетті бол­уы үшін бай-бақуат­ты­лығына қарамай, кез келген дарынға орын сайлайды. Осы дода барысында жұрт­шы­лық болашақ төбе бидің, яғни депутаттың пайымы мен парасатын, ой-өрісінің тереңдігін, ора­­йын келтіріп мәселенің шешімін таба алар оралымды қабілетін бағалай, байқай алады. Жаңа заманда депутаттардың сұң­ғыла шешендігімен, тың­­да­ған жанды ұйыта білер сөз ұсталығымен ерекшеленгені абзал. Өйткені ол шаршы топ ал­ды­на жиі шығады, халықпен кездесуде, шетелдік делегациялармен жүздесуде ойын нақты әрі толыққанды жеткізе білгені жөн. Мысалы, АҚШ-та, Еуропа елде­рінде праймеризге түсетін кан­дидаттар шешендік-ораторлық өнерді игереді, арнайы тренингтерден өтеді. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен, жауын жау­май су бол­ған, дәйегіне мәйек құтаймаған адамдарға сайлаушылар да да­уыс бермесі анық. Оның үстіне сөз сайысында қазақ тілінде қойылған сауалдарға жауап бере білгені жөн, бұл үміт­кердің мемлекеттік тілге құр­ме­тін, оны білу деңгейін паш етеді. Бүгінде партияішілік бас­тап­­­­­қы сайлау АҚШ пен Кана­дада, соны­мен қатар Еуро­па­ның, Азия­ның және Латын Аме­­ри­каның Германия, Ұлы­бри­­­тания, Франция, Италия, Ир­лан­дия, Түркия, Оңтүстік Ко­рея, Арген­ти­на, Уругвай секіл­ді көп­теген ел­інде өтеді және оның ашық, жабық, аралас түр­ле­рі қолда­ны­ла­ды. Бұл істе еліміздің көшбасшы пар­тиясы ізашарға айналып, жол бас­тап отыр. Демократияның дамып, дәуірлеуіне серпін берер бұл бас­тама Қазақстандағы өзге саяси партияларға үлгі-ұлағат бол­са керек.