Алакөл туристерді қабылдауға дайын
Алакөл туристерді қабылдауға дайын
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі бұған дейін мәлімдегендей, алдағы сенбі – 13 маусым күні Алакөлде ресми түрде суға шомылу маусымы ашылады. Шығыстың басты туристік брендіне айналған курорттық аймақ демалушыларды қабылдауға қаншалықты дайын? Ондағы санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік іс-шараларының сақталуын кім қадағаламақ әрі талаптар қаншалықты қатал болмақ? Алакөл коронавирус 59 база ғана туристерді қабылдауға қам жасауда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында осы және өзге де сұрақтарға облыстың бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Нұрланғазы Ибраев жауап берді. Оның айтуынша, әзірге көл жағалауындағы 175 демалыс базасының 59-ы ғана турист қабылдауға қамдана бастапты. Қалғандары әлі тиісті жұмыстарға кіріспеген. Тіптен, көпшілігінің қарапайым жұмысшыларын қойып, иелері де ат ізін салмаған көрінеді. – Көл жағалауындағы демалыс базалары барлық санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік іс-шараларын қатаң сақтауға міндетті. Оны арнайы құрылған мониторингтік топтар бақылауда ұстамақ. Қызмет көрсетуге дайын демалыс базалары түгелдей дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс. Бүгінде бұл бағытта айтарлықтай шаруа тындырылды. Соңғы мәлімет бойынша 59 демалыс орнының 32-і дезинфекциялық құралдармен толық қамтамасыз етілген. 22 демалыс базасында антисептикалық санитайзерлері бар. Сондай-ақ 12 демалыс орнына байланыссыз термометрлер сатып алынды, – деді Нұрланғазы Ибраев. Дегенмен, демалыс орындарының аумағында орналасқан ойын алаңқайлары мен сәулеттік нысандарды дезинфекциялау жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілмеген. Сонымен қатар келушілер арасында сауалнама жүргізіп, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік іс-шараларын түсіндіретін жауапты тұлғалар да тағайындалмапты. Нұрланғазы Ибраевтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар 10 маусымнан кейін қолға алынбақ. – Көл жағалауында жергілікті билік өкілдерінің бастамасымен демалушылар арасындағы әлеуметтік қашықтықты сақтау мақсатында тиісті белгілер орнатылды. Жоспарға сәйкес Алакөлде төрт кезеңнен тұратын профилактикалық дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды, – деп түсіндірді Нұрланғазы Ибраев. Брифинг барысында облыстың бас санитарлық дәрігерінің орынбасары көл жағалауында орналасқан «Tourist info» туристік ақпараттық орталығы алдындағы, сондай-ақ серуендеу аймағындағы LED экрандарда COVID-19-дың алдын алу жұмыстарын түсіндіруге бағытталған бейнероликтер көрсетілетінін атап өтті. – 7 маусымдағы деректерге сәйкес, Алакөлдегі бірде-бір демалыс орны туристерді қабылдауға дайын деген актіге ие болған жоқ, – деді Нұрланғазы Ибраев. Алакөл дайын Демалушылар COVID-19-ға тексерілуі тиіс Еске салайық, талап бойынша көл жағажайында демалушылар кем дегенде екі метрлік арақашықтықты сақтауы тиіс болатын. Ол үшін демалыс базалары келушілерге тек жартылай ғана толуы керек. Мәселен, 24 адамды қабылдауға әлеуеті жететін базада 12 демалушы ғана қоныстана алады. Оның үстіне, демалуға келген адамдар COVID-19-ға қатысты арнайы зерттеуден (жедел тестілеу, ПТР зерттеу) өтуі қажет. Ол зерттеудің нәтижесі жеті күнге ғана жарамды. Бір айта кетерлігі, демалуға келген отбасы мүшелеріне бір ғана анықтама жеткілікті. – Әрине, кәсіпкерлер үшін бұл шектеулер тиімсіз болып көрінуі мүмкін. Оны да түсінеміз. Дегенмен, бизнестің тапқан пайдасынан гөрі, адамдардың денсаулығы маңызды екенін ұмытпауымыз керек, – дейді Н.Ибраев. Айта кетейік, демалушылар арасынан қауіпті індетті жұқтырған адам табылған жағдайда науқасты Үржар аудандық ауруханасы да қабылдауға дайын. Қазір онда екі жасанды тыныс алу аппараты бар екен. Сонымен қатар демалушылар көл іргесіндегі Қабанбай ауылында ашылған 12 орындық дәрігерлік амбулаторияның қызметіне де жүгіне алады. Ал көлдің тура жағасында Өскемен мен Семейден келетін білікті мамандар көмек беретін травматологиялық пункт жұмыс істемек. Жалпы, Алакөлдегі жазғы демалыс маусымына дайындық жұмыстары былтырдан бері жүргізіліп келеді. Демалыс орындарына инфрақұрылым тартылып, көл жағалауы абаттандырылуда. Аудандық әкімдіктен хабарлағандай, былтыр бұл мақсатқа 399,7 миллион теңге бөлінген. Ал ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жағалауға су мен электр жүйелерін тарту жұмыстары басталды. Сол сияқты биыл көл жағасында медицина мен полиция бекеттері салынбақ. Бұған қоса, киім ауыстыратын қосымша кабиналар мен қоқыс контейнерлері, құтқарушылар бекеті мен кішігірім су техникасы аялдайтын пирс те пайда болуы тиіс. Бүгінге дейін ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын вело-тротуарлық жол, автотұрақ пен сауда павильондарының құрылысы аяқталып қойған. Бұйырса, олардың бәрі 13 маусым, яғни Алакөлдегі туристік маусым ашылған күні пайдалануға берілмек.

Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы