Ауылдықтар «Nur Otan»-ға ауыз судың жоқтығын айтып шағымданды
Ауылдықтар «Nur Otan»-ға ауыз судың жоқтығын айтып шағымданды
Ақмола облысында «Nur Otan» партиясының Аршалы филиалының партиялық бақылау комиссиясы Жібек Жолы ауылы тұрғындарының ауыз судың жоқтығы туралы шағымы бойынша тексеру жүргізді, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі. Тексеру барысында ауыз судың жетіспеушілігінің себебі сумен жабдықтау жүйесінің нашарлығы және қолданыстағы сорғы стансасы қуаттылығының әлсіздігі екені анықталды. «Осы мәселені шешу үшін аудан әкімдігі қосымша сорғы стансасы құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуде. Алайда, оны салу үшін бюджеттік өтінімді тек 2020 жылдың тамыз-қыркүйек айларында тапсыру жоспарланған болатын», – делінген хабарламада.

Партиялық бақылау комиссиясы осы мәселені қарау барысында келесі шешімді қабылдады:

- Жобалық-сметалық құжаттаманың дайындалуын, құжаттардың сараптамаға берілуін және қаражат бөлуге бюджеттік өтінімді беруді 2020 жылдың 15 шілдесіне дейін қамтамасыз ету;

- Аталған мәселені дер кезінде шешпегені үшін партия мүшесі – Аршалы ауданы әкімінің орынбасары Р.Сабировты «ескерту» түріндегі партиялық жауапкершілікке тартуды ұсыну;

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл мәселені партияның облыстық филиалы ерекше бақылауға алады.