Қарамола жарғысы – құнды қазына
Қарамола жарғысы – құнды қазына
186
оқылды

«Қарамола жарғысы» – ХІХ ғасырдағы адам құқықтарының сақталуы мен бостандығы хақында Абайдың өзі құрастырып шығарған, халық арасына кең таралған ережелердің бірі. Бұл құжаттың қабылдануы мен ел арасына таралуы туралы дерек пен естелік өте көп. Қазіргі графикаға аударылған нұсқасы біраз уақыттан бері белгілі болса да, басылымның түпнұсқасы немесе көшірмесі беймәлім болатын.

Бұл басылымды 1959 жылы ҚР Ғылым Акаде­миясының қызметкері, ғалым Қарта Қаңтарбайұлы Қазан қаласынан тауып, аудармасын ғана жасап алған. Осы аударманың машинкада терілген нұсқасы музей қорында сақтаулы.

Абай музейінде талай жыл қызмет атқарған Мұз­дыбай Бейсенбайұлы 1984 жылы Қазан қала­сына барып қайтқан сапарында аталған жарғыны көргенін жазған. Алайда еліміздегі кітапханалар мен музей қорларында осы күнге дейін Қазан қаласында басылған Қарамола жарғысының бірде-бір көшірмесі болмаған.

Хакім Абайдың бастамасымен қабылданған «Қарамола жарғысы» қадым жазуымен Қазан қаласындағы Императорлық университеттің бас­паханасынан 1886 жылы Семей облыстық әскери губернаторының өкіміне сәйкес жарық көрген.

Қазан қаласындағы құнды қазынаның табы­луына орай Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде БАҚ өкілдерімен және қаламыз­дағы зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен бас­пасөз маслихаты ұйымдастырылып Абайтанудан бөлек қазақ руханиятына қатысы бар құнды деректер жайы сөз болды.

Сонымен қатар Қазан қаласында басылған Қарамола жарғысымен танысу үшін Семей қаласының әкімі Е.Сәлімов музейге арнайы келіп, Хакім Абай жазып қалдырған заң ережесінің тарихи маңызына тоқталды.

Табылған құнды құжат осы уақытқа дейін белгілі аудармаларды түпнұсқамен салыстыруға және жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді.

 

Қуат ҚИЫҚБАЙ