Бүгін республика аймақтарының арасында алғашқылардың қатарында Шығыс Қазақстанның орталығында «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында жедел пункт ресми іске қосылды. Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелерімен тікелей шұғылданатын бұл пункт Өскемен қаласында Максим Горький көшесі, 86 мекен жайында орналасқан №1 учаскелік полиция бөлімінің ғимаратында орналасқан. Ақпарат ретінде айта кетсек, жедел топтар еліміздің барлық өңірлерінде ағымдағы жылғы 26 мамырдан бастап «Nur Otan» партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес іске асыратын «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында орталықтандырылған негізде жұмысын бастаған болатын. – Жедел топ мүшелері арқылы жанұялардағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайларда тұрған отбасыларға әлдеқайда жылдам әрі уақытында қажетті көмек көрсетуге болады. Топтың әрбір мүшесі кез-келген жағдай бойынша атаулы, кешенді көмек көрсету үшін барлық қатысушыларды хабардар етеді. Жедел топтар құрамына партия, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және ювеналдық полиция, ҮЕҰ өкілдері және белсенді азаматтар енгізіліп отыр, – деді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков. Партия өкілінің айтуынша, бұл күні облыстың барлық қалалары мен аудандарында осындай жедел пункттер жұмысын бастаған. Ал Өскемен қаласының өзінде бүгін 23 жедел пункт іске кірісті. Алдымен партияның өңірлік филиалымен бекітілген кеңес өткізіліп, онда топтардың жұмыс жоспарлары таныстырылды, модераторлар тағайындалып, әр топтың жұмыс учаскелері белгіленді. Жоғарыда айтқан Максим Горький көшесі, 86 мекенжайындағы №1 учаскелік полиция бөлімінің ғимаратында орналасқан жедел пункт ашыла салысымен, оның мүшелері бірден іске кірісіп, Өскемен қаласының орталық аудандарының бірінде жер үй жалдап тұратын жалғызбасты ананың әлеуметтік мәселелерін шешуге кірісіп кетті.
– Ең басты мәселеміз үй жайы болып тұр, өзім жұмыссызбын. Біреудің ескі жер үйін отыз мың теңгеге жалдап тұрамыз. Бізге көмек қолын созсаңыздар екен. Тіркеуге тұрып, балаларымды мектеп пен балабақшаға кіргізсем, тігінші мамандығым бойынша жұмыс істер едім, – дейді Наталья көз жасына ерік беріп. Жедел пунктке келген Өскемен қалалық денсаулық сақтау, білім беру, полиция бөлімінің және партияның өкілдері жалғызбасты ананың өтінішін мұқият тыңдап, қағазға түртіп, көмек беруге кірісті. Натальяның отбасына бұл жерде «Nur Otan» партиясының атынан қажетті азық-түлік толтырылған себет те тапсырылды. – Тұрмыста қиындыққа тап болған отбасыларға көмектесу – басты мақсат болмақ. Мәселен мен әсіресе балалар құқығының қорғалуына баса назар аударғым келеді. Олардың тиісті дәрежеде білім алып, қатардан қалмауына жағдай жасауымыз керек, – дейді Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Ақерке Абылайхан. Айта кетейік, отбасылармен жұмыс істейтін ведомстволардың бірлескен жұмысы әрбір аумақтық учаскенің нақты әлеуметтік картасын жасауға және көмек пен ерекше назар аударуды қажет ететін отбасылармен тиімді жұмыс жүйесін құруға мүмкіндік бермек. Енді мамандар құқықтық қорғауға мұқтаж жандарды жер-жерден іздеп тауып көмек көрсетуді бастайды. Сондай-ақ арыз-шағым айтып келген тұрғындарды кез-келген уақытта қабылдап, көмектесуге дайынбыз деп отыр.Өзін Наталья Беленькова деп таныстырған 1993 жылғы жас ананың қазір үш баласы бар. Тұлдыр жетім Наталья 2010 жылға дейін Өскеменнің сол жағалауындағы балалар үйінде тәрбиеленіп келген. Одан кейінгі тағдыры да аянышты. Екі рет тұрмыс құрса да, жолы болмаған, екі күйеуінен үш баласы бар. Өкінішке қарай, екі күйеуі де қарамай тастап кеткен, алимент алмайды, ең сорақысы 2012 жылы дүниеге келген, қазір сегізге толған баласы әлі мектепке бармаған, одан кейінгілеріне балабақша қажет, тұрақты тіркеуі де жоқ.
Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы