Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы мен «Бюджетке қатысу» жобасы аясында қолға алынған Алмалы ауданының коғамдық кеңістіктерін абаттандыру барысымен танысты. «Бюджетке қатысу» жобасы арқылы тұрғындар өздері таңдап алған қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстарына қатысуда.
Олар – Жамбыл атындағы сквер, Жамбыл көшесі бойындағы және Розыбакиев көшесі мен Қожамқұлов көшесінің қиылысындағы жасыл аймақтар. Мұнда жайлы орындықтар, тренажерлік кешендер қойылып, ойын алаңдары, гүлзарлар жасалуда, жаяу жүргінші жолдары абаттандырылуда.
Б.Сағынтаев жұмыс сапары кезінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынған Гагарин бульварының Абай даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі аумағының және Мақатаев атындағы сквердің қалай жөнделіп жатқанын көрді.«Бұл сквер шығармашыл зиялы қауымның, жас ақындар мен жазушылардың мекеніне айналуы тиіс. Тіпті мұндағы атмосфераның өзі шығармашылыққа шабыттандыратындай жағдай жасау міндетін қойдым» дейді Б.Сағынтаев.
Ағымдағы жылы Алмалы ауданында «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша 15 жоба іске асады. Ол үшін 240 млн теңге бөлінген. Айта кетерлігі, скверлер мен жасыл аймақтарды, аулаларды жөндеу, қозғалысы шектеулі азаматтар үшін жер асты өтпелі жолдарға көтергіш тетіктерді орнату бойынша бірқатар жобалар да жүзеге асады.